Әлеумет

ҚОНЫСЫМЫЗ ҚҰТ БОЛСЫН, ҚАДАМЫМЫЗ НЫҚ БОЛСЫН!

ҚОНЫСЫМЫЗ ҚҰТ БОЛСЫН, ҚАДАМЫМЫЗ НЫҚ БОЛСЫН!

Қазақ атам айтпақшы, ат аунап тұрғанша ай өтті, көзді ашып-жұғанша жыл өтті. Бұйыртса, Барыс жылына қош айтып, Қоян жылын қарсы алғалы тұрмыз.

Жалпы Қоян жылы айналып келген сайын қазақтың қу жүрегінің сыздайтыны бар. Жыл басталмай жатып жамандық төндіруден аулақпыз. Дегенмен тарихқа көз жүгіртсек, Қоян жылының қиындығы көп болғанын аңғаруға болады. «Ағайын, біздің тарих алтын шынжыр, әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған» деп Есенғали ақын айтпақшы, еліміздің тарихында 1867-1868 жылдар «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 жылдар «үлкен қоян» жұты, 1891-1892 жылдар «кіші қоян» жұты, 1915-1916 жылдар «тақыр қоян» жұты болып тарихта қалған. Күллі қазақтың тең жартысы қырылған атақты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» 1723 жыл Қоян жылына тұспа-тұс келгенін де ұмытуға болмайды. Алайда Қоян жылы тек қиыншылығымен есте қалған деуге тағы болмайды. Құт болып бүкіл елдің басын біріктірген тұсы да болған. Мәселен, 1711 жылы үш жүздің ханы болған Абылай хан дүниеге келді. Алты Алаштың басын бір тудың астына біріктірген Абылай дүниеге келгенде Қоян жылы да барыс жүректі ұлдардың туатынын білген шығар біздің дана халқымыз. Мүмкін келе жатқан Қоян жылы қазақ даласына тағы бір жолбарыстай жүректі ұл сыйлағалы тұрған шығар, кім біледі?! Негізі қоянның да көптеген артықшылықтары бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Үйге бағуға икемделгіш қояндар туралы қызықты ақпараттар да жоқ емес. Қояндар сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүгіреді және тістері өмір бойы тоқтаусыз өседі. Ел ішінде тіпті қатігездігі туралы да түрлі қауесет айтылады. Мысалы, «қоянның баласындай қанжығада көрісейік» дейтін сөз қоянның қатігездігімен байланысты айтылса керек. Қоян сүтқоректі жануар болғанымен балаларын емізіп болған соң көміп кететін көрінеді. Міне, сол кезде қоян мен көжегі өзара «Енді аңшы атып алған күні қанжығада ғана көрісейік» деп серттеседі екен. Сондықтан да қазақ бір-бірінен алыстағанда, ренжіскенде «қоянның баласындай қанжығада көрісейік» деп айтатын болған. Қоянның ең әлсіз жері – құлағы. Құлағынан ұстап алсаңыз болды, шыңғырып-шыңғырып ақыры ырқыңызға көнеді. Ал егер абайсызда артқы қос аяғының тепкісіне түссеңіз құрыдым дей беріңіз. Серпіні өте қатты. Інді де артқы аяқтарымен қазады. Сондықтан қоянды қорқақ екен деп абайсызда артқы аяғының тепкініне түсіп қалмау керек. Қоян жылы туғандарды «сужүрек», «қорқақ» деп атаудың да өз жөні бар. Жалпы қоян сергектік пен қорқақтықтың символы ретінде көрсетіледі. Қоян туралы қазақ ертегілерінде былай баяндалады: «Ертеде орманда қайырымды қоян өмір сүріпті. Қоян кішкентай аңдарға көмектеседі. Аңдардың жоғалтқан заттарын тауып әкеп береді. Себебі қоян иісшіл, дыбысты жақсы сезеді. Барлық аңдар қоянды жақсы көреді. Бір күні қоян орман ішінде жүгіре-жүгіре, секіре-секіре шаршап қалады. Ол өзінің қарны қатты ашқанын сезеді. Қолына дорбасын ұстап, бақшаға келеді. Сөйтіп, ол сол жерден сәбіздің иісін сезеді. Қоян қызыл сәбіздерді суырып, асықпай дорбасына салады. Тап сол кезде бақшаны суарып жүрген бағбан ата қоянды байқап қалады. Бағбан ақырын келіп қоянның дорбасына қырыққабат салып, өзі жасырынып қалады. Тықыр еткен дыбысты естіген қоян қорқып кетеді де, сол бойы жан-жағына қарамай, қолына дорбасын алып, орманға қарай қаша жөнеледі. Сол күннен бастап қорқақ қоянға айналыпты-мыс». Міне, қоянды қорқақ деудің сыры осындай. Әрине, бұл бар болғаны ертегі ғана. Сонымен қатар қоян өзінің түс ерекшелігіне қарай да қоңыр, сары, сұр, қара, ақ, қызыл болып бөлінеді. Әрі түсі маусымға қарай өзгеріп отырады. Сондай-ақ жан-жағын көріп жүруіне байланысты болса керек, қояндардың жаратылысынан көздері қиғаш болады. Сондықтан қоян қашқанда да бір сызықтың бойымен қашпай, бұлтақтап қашады. Қазақ сөзінде тұрмай, түрлі сылтау айтатын адамдарды «қоян бұлтаққа салды» деп жақтырмайтыны да содан. Жаратылыстың өзінің ерекшелігі мен заңдылықтары бар. Мәселен, бөкен жүйрік аң. Бөкен жүгіргенде өкпесі күймес үшін Жаратушы оған ұзын тұмсық пен мүйіз берген. Сол арқылы қаны салқындап, өзінің қызулық дәрежесін сақтап тұрады. Дәл сол сияқты қоянға да ұзын құлақ берілген. Ұзын құлақтың арқасында ағзасындағы ыстықты шығарып, қашқанда немесе күн ысығанда өздерінің бойын салқын сақтай алады. Сонымен қатар қоян тіпті бір кездері бір қауым елдің көңіл күйін белгілейтін нышан да болған. Мысалы, христиандар бір кезде өздерінің өкінішін қоянның бейнесімен бейнелеген. Бірақ кейін әбден күнәға батып, артынша қателіктерін танып, тура жолға түскендерді «қоян» деп атаған. Егер тізбелейтін болсақ, Қоян жылының да жақсылығы мен шарапаты мол болған. Сондықтан Барыс жылынан аман-есен өтіп, Әділетті Қазақстанға аяқ басқан еліміз енді қояндай орғып, зымырап дами бергей.

Шапағат ӘБДІР