ҚОЯН ЖЫЛЫ: қандай өзгерістер күтіп тұр?
ҚОЯН ЖЫЛЫ: қандай өзгерістер күтіп тұр?
34 заң жобасы әзірленеді
Қараша айында Үкімет отырысында Әділет министрі Қанат Мусин Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын ұсынды. Қанат Мусин 2023 жылы 34 заң жобасын әзірлеу көзделгенін, бірінші жартыжылдықта Парламентке 15 заң жобасын және екінші жартыжылдықта 19 заң жобасын енгізу қажет екенін айтты. Министрдің деректері бойынша, жоспардың жобасы Президент және мемлекеттің стратегиялық құжаттары айқындаған міндеттер негізінде қалыптастырылған. «Қала құрылысы кодексін және бюджет кодексін, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, көші-қон, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сондай-ақ әкімшілік әділетті, қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнамаларды жетілдіру мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу көзделген», деді Қанат Мусин. Әділет министрлігінің басшысы Су кодексін, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын, бұқаралық ақпарат құралдары мен аквамәдениетті қорғау бөлігінде жаңа редакциядағы заң жобаларын әзірлеу жоспарланғанын қоса айтты.
Әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар мөлшері өзгереді
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс шегі, ең төменгі зейнетақы, айыппұл көлемі, жалақы мен жәрдемақы мөлшері, сонымен қатар бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жаңа мөлшері белгіленді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Құжатта бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ынтымақты зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-дан 55 АЕК-ге дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін өсіру бойынша түзетулер қамтылған. Осылайша 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) – 70 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге болып бекітілді. Келесі жылы айыппұлдардың да мөлшері өседі. Ең төменгі айыппұл жүргізушінің тұрақ ақысын төлемегені үшін салынады. Мөлшері – 3 АЕК. Яғни айыппұл мөлшері 9 189 теңгеден 10 350 теңгеге дейін өседі. Көлік жылдамдығын белгіленген жылдамдықтан сағатына 10-20 шақырымға асырған жағдайда 5 АЕК көлемінде (17 250 теңге) айыппұл салынады. Бағдаршамның қызыл түсіне өткен жағдайда 10 АЕК, яғни 34 500 теңге айыппұл арқалайсыз. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап сақтандыру полисінің құны да артып, базалық сақтандыру сыйақысы 5 819,7 теңгеден 6 555 теңгеге өседі. Көлік салығы да біршама өседі. Қозғалтқыш көлемі 1100 текше сантиметрге дейінгі көліктер үшін 3 063 теңгеден 3 450 теңгеге, ал көлемі бес литрден асатын көліктер үшін 612 600 теңгеден 690 мың теңгеге өседі.
Ауыл тұрғындарына микрокредит беріледі
Келесі жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға микрокредит беріле бастайды. ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Жамбыл облысының үлгісінде ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны кеңінен тарату шеңберінде бірқатар жұмыс жүргізілген. «Жеті жыл жоба аясында 1 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны қамтылады және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысы кооперативтік кәсіпкерлікке тартылады. 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. 2023 жылы жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыс әкімдігіне 52,4 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ақшаға 11 мың микрокредит беру және 12 мыңнан аса жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазір облыс әкімдіктері «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесімен бірлесіп жобаны іске асыру үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізуде», деді жуырда Үкімет отырысында ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Жастарға үлкен мүмкіндік
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберіндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында жастар үшін жеңілдетілген микрокредит берудің жаңа тетігі енгізіледі. Микрокредиттер 21 жастан 35 жасқа дейінгі, кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен айналысатын жастар үшін конкурстық негізде берілетін болады. Микрокредиттер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – 5 миллион теңге. Несие алу үшін кепілдің болуы міндетті. Микрокредит кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал малшаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген. 2023 жылға арналған республикалық бюджетте жеңілдетілген микрокредит беру үшін 28 миллиард теңгеден астам қаражат көзделген.
Зейнеткерлер де жұмыспен қамтылады
1 қаңтардан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталған «Күміс жас» жобасына қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі кеңейтілетін болады. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес жобаны іске асыру шеңберінде жұмыс берушілер мемлекеттен белгіленген жалақы мөлшерінің 50 пайызына субсидия ала отырып, зейнеткерлік жасқа дейінгі (58 жастан бастап) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын құрады. Жобаға қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізіледі. Қатысу мерзімі 36 айға дейін. Сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылады. Сонымен қатар жоба аясында «жеке көмекші» және «әлеуметтік қызметкер» кәсіптері бойынша жұмыс орнын алу мүмкіндігі пайда болады. «Күміс жас» жобасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын кемінде 15 мың адамды қамту жоспарлануда.
Қоныстой көбеймек
«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы 2023 жылы да жалғасады. Бағдарлама аясында бұған дейін 64 146 жеңілдетілген қарыз берілген. 2023 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып отыр. Бағдарлама шарттарына енгізілген өзгеріс – енді бір несие алушы бағдарламаға бір мәрте ғана қатыса алады. Ал бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны сынды параметрлер бойынша ешқандай өзгеріс жоқ. Ал «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына 2023 жылы 20 миллиард теңге бөлінеді. Келесі жылы бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие беруге негізделген бағдарламаға көпбалалы отбасылар, жетім балалар, І және ІІ топ мүгедектігі барлар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысуға үміткерлердің табысы туралы талап алынып тасталды. Бұрын үміткер отбасының әрбір мүшесінің табысы 115 905 теңгені құрауы тиіс болған. Үшінші және негізгі өзгерістердің бірі – қарыз сомасының шекті мөлшері жойылды. Егер бұрын үміткердің тұрғылықты жеріне байланысты 10-15 миллион теңге аралығында несие берілсе, енді несие сомасы пәтердің шаршы метрінің құнына қарай есептеледі. Автонесие бағдарламасы қайта басталады Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта қосылады. Жуырда жеңілдікті автокредиттеу бағдарламаларының операторлары «Қазақстанның Даму банкі» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ келесі жылдан бастап қолданыстағы барлық бағдарлама бойынша шарттар біріздендірілгенін хабарлады. «Қазір бағдарламаларға қатысатын екінші деңгейлі банктер қолданыстағы кредиттерді өтеуден түсетін төлемдерді жинақтау процесін жүзеге асырып жатыр. Револьверлік тетік негізінде жеңілдікті қарыздар беруді бастау 2023 жылғы қаңтардың екінші жартысында күтіледі. Іске қосу күніне екі бағдарлама бойынша жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 миллиард теңгені құрайды, бұл кемінде 1300 жаңа автокредит беруге мүмкіндік береді. Болашақта револьверлік әдіспен жинақталған қаражатты бөлуді ай сайын іске асыру жоспарланған», делінген «Қазақстанның Даму банкінің» хабарламасында.
Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы мерекеленеді
Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен 2022-2024 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне сәйкес Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы 2023 жылы тойланады. Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімдігі бастаған мүдделі мемлекеттік органдар мерекелік іс-шаралардың жоспарын құруда. Мерейтой аясында «Бейбарыс ізімен» атты халықаралық ғылыми экспедиция ұйымдастыру, 1989 жылы жарық көрген «Сұлтан Бейбарыс» көркем фильмін араб және ағылшын тіліне аудару, телехикаялар түсіру, «Шетелдік аудиторияға арналған Қазақстанның қысқаша тарихы» басылымына мәмлүктерге арналған мәліметтерді енгізу, республикалық кітапханаларда тұрақты кітап көрмелерін ашу және әлем музейлерінде Сұлтан Бейбарысқа қатысы бар жәдігерлердің көшірмелерін жинақтау жоспарлануда. Сонымен қатар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Бабалар ізімен» және «Тағдыр. Тарих. Тұлға» деректі фильмдер циклінің шеңберінде Сұлтан Бейбарыс туралы түсірілген материалдарды республикалық телеарналарда көрсететін болады. Әрине, келесі жылдың маңызды жаңалықтарын толық баяндап шығу мүмкін емес. Мүмкіндігінше маңыздыларын қамтуға тырыстық. Дейтұрғанмен жоғарыда аталғандардан бөлек 2023 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарының сайлауы өтетінін, келесі жылдан бастап дәрігерлердің, өрт сөндірушілердің, мұғалімдердің жалақысы өсетінін, мемлекеттік қызметкерлердің мобильді аударымдары бақылауға алынатынын айтпай кетуге болмайды. Лайым Қоян жылында қолға алынған әрбір бастама елімізді оң жолға, жақсылыққа бастай берсін!
Талғат НҰРХАНОВ