«КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ АУЫСПАУЫ КЕРЕК ДЕП ЕШ ЖЕРДЕ ЖАЗЫЛМАҒАН»
«КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ АУЫСПАУЫ КЕРЕК ДЕП ЕШ ЖЕРДЕ ЖАЗЫЛМАҒАН»
«Жастардың орташа айлық жалақысы – 85 мың теңге»
– Жомарт Дүйсенұлы, 2023 жыл табалдырықтан аттағалы тұр. Қазір атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалатын кезең. Биылғы жылды өзіңіз басқаратын облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы қалай қорытындылады?– Тарих қойнауына енгелі тұрған Барыс жылы еліміз үшін берекелі, мерекелі болды деуге толықтай негіз бар. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп, әрбір атқан таңымыздан, әр жылдан тек жақсылық күтетін халықпыз. Жүректегі ізгі ниетіміз бен бірлік-берекеміздің арқасында еліміз түрлі қиындықтар мен кедергілерді абыроймен еңсеріп, дамудың даңғыл жолынан таймай келеміз. Ілгері қарқынды жылжып келе жатқан көшіміздің көрікті болуына Жамбыл облысының жастары да қал-қадірінің жеткенінше үлестерін қосуда. 2022 жылы облыста жастар саясатын жүзеге асыруға тиісті мүдделі органдармен бірге 1 миллиард 183 886 мың теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында 41,4 миллион теңгеге 6 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, волонтерлер мектебінің жұмысын жандандыру, жастар арасындағы экологиялық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жасөспірімдер және жастар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу тақырыптары аясында қоғамдық-саяси маңызға ие іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері қала және аудандарда ресурстық орталықтардың бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, дін, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарында 8 059 іс-шара өткізіліп, 195 016 адам қамтылды. Негізі бір-екі ауыз сөзбен бір жылда атқарылған жұмыстарды толық, егжей-тегжейлі баяндау мүмкін емес. Сондықтан сіздің сауалдарыңызға орай мүмкіндігінше биыл қол жеткізген жетістіктеріміз бен табыстарымызды қамтып отырсам. – Ендеше, алғашқы сауал. Біршама уақыттан бері аудандардағы жастар ресурстық орталықтарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысып, жастармен кездесу өткізіп жүрсіз. Көңілге не түйіп қайттыңыз? Ауыл жастарын қандай мәселелер алаңдатады екен? – Аудандарда шешімін күткен мәселелер аз емес. Мәселен, облыс әкімі барлық жастар ресурстық орталықтарын жеке ғимаратпен қамтамасыз ету бойынша аудан әкімдеріне тапсырма берген болатын. Алайда ғимарат мәселесі әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Бүгінгі таңда үш аудандағы жастар ресурстық орталығының жеке ғимараты жоқ. Кейбір аудандардағы орталық ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Материалдық-техникалық базаның да ескіргенін айтпай кетуге болмайды. Егер салада қызмет ететін жастарға лайықты жағдай жасалмаса, кеңсесі жылы, алдында компьютері болмаса, басқа да керек-жарағымен қамтылмаса, жастарға қалай қызмет көрсетеді?! Одан бөлек жастар саясаты саласында қызмет ететін мамандардың жалақысының төмен екені де рас. Жалпы жалақы мәселесі аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Жылдың басында, ортасында талдау жасағанбыз. Талдау қорытындысы бойынша, ресурстық орталық қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы – 85 мың теңге. Қымбатшылық қыспаққа алып тұрған кезде 85 мың теңге айлық аздық етеді. Аудандарда жастармен кездесу барысында аталған мәселелер жиі көтеріліп, түрлі ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар кездесулерде көп жастарымыздың жеке бизнесін бастауға ниетті екенін байқадым. Жастар кәсіпкерлігін өрістету мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар бойынша сұрақтарын қойып, белсенділіктерін танытты. – Жақсы, мәселелермен етене танысып, жағдайды өз көзіңізбен көріп-біліп қайтқан екенсіз. Енді анықталған мәселелердің шешімі қалай болмақ? – Мүмкіндігінше аудан әкімдерімен, орынбасарларымен немесе ішкі саясат бөлімдерінің басшыларымен кездесіп, жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселелер бойынша пікір алмасып, ой бөлістік. Сондықтан орталықтардың ғимарат, материалдық-техникалық базасы мәселесі шешіледі деп ойлаймын. Тиісті басшыларға айтылып қана қоймай, алдағы уақытта мәселелердің шешілуін бақылауда ұстайтын боламыз. Жуырда Астана қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жастар саясаты, қоғамдық даму басқармасының басшыларымен және республикалық жастар үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Министр жылды қорытындылап, еркін форматта басқарма басшыларының ұсыныстары мен мәселелерін тыңдады. Осы орайда көкейде жүрген бірқатар ұсыныстарымды министрге жеткіздім. Ұсыныстардың қатарында жалақының аздығы да айтылды. Министрге сала мамандарының жалақысын заңнама шеңберінде көтеру және әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру арқылы үстемеақы қосу мәселесін реттеу бойынша ұсынысымды айттым. Ал жастар кәсіпкерлігін дамыту әрдайым біздің басты назарымызда. Жалпы облыста 5 мыңнан аса жас кәсіпкер тіркелген. Жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында консультативтік көмек көрсету арқылы әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы онлайн мастер-кластар, «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы кеңес беру, ақпараттандыру және тағы да басқа бағыттарда жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 11 695 жас «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 1 930 жас қайтарымсыз грант алды. Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамаларын арттыру және қолдау мақсатында шағын несиелеу (жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру) шарттары қарастырылуда. Несиенің мерзімі – 5 жыл. 5 миллион теңгеге дейін беріледі деп жоспарлануда. Алдағы уақытта шағын несиелеу шарттары қабылданған жағдайда жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында 347 жасқа (жұмыссыз және 3 жылға дейінгі кәсіппен айналысып жатқан жастарға) 1 миллиард 735 миллион теңге жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. – Кәсіпкерлік демекші, биыл жастардың креативті жобалары мен идеяларына қолдау көрсету үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру жоспарланған еді. Бірақ биыл аталған грант ешкімге берілмеді. Бұған не себеп болып отыр? – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін атап өткен. Осыған орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шілдесінде Үкімет қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындаудың ережелері мен тұжырымдамасын бекітті. Грантты тағайындаудың мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау еді. Осы орайда облысымызда жыл соңына дейін 7 бағыт бойынша 500 мың теңге көлемінде 15 грант берілмек болған. Жобаны іске асыру үшін бір мердігер ұтып алуы керек. Өйткені тікелей бере алмаймыз. Жобаны мемлекеттік тапсырыс аясында мемлекеттік сатып алу конкурсынан бір мердігер жеңіп алды. Алайда ұтып алған қаражат көлемі және мерзімі бойынша жобаны іске асыру мүмкін болмады. Сондықтан жоба тоқтатылды. Егер шала, асығыс іске асырылатын болса, жоба оң нәтижесін бермес еді. Жастарымыз «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына келесі жылы қол жеткізе алады.
«Баспанамен қамтуға 1 миллиард теңге бөлінді»
– Мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданғанын жақсы білеміз. Бағдарламаның 2021-2022 жылдар аралығын қамтитын бірінші кезеңі аяқталды. Ал екінші кезеңінен қандай нәтиже күтеміз? – Бағдарламаның екінші кезеңі 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады. Бағдарлама аясында тоғыз нысаналы индикатор бекітілген. Бірінші кезеңде тоғыз индикатор бойынша бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізе алдық. Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, құқықтық мәдениетін көтеру, өскелең ұрпақтың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру, жұмыссыздықты жою, құқықбұзушылықтардың алдын алу, баспанамен қамтуға бағытталған бірлескен кешенді жоспар аясында екі жылда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әсіресе өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалған «Әулиеата жастары» бағдарламасын айрықша атап өтуге болады. Бұған дейін облысымызда жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған. Сондықтан бағдарламаны әзірлеуде Астана және Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Басқарманың сол кездегі басшысы Мәди Мейірбекұлы Алматы қаласына арнайы барып, іс-тәжірибесімен танысып қайтты. Бағдарламаға биыл жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге қаражат бөлініп, www.e-jambyl.kz платформасы арқылы барлығы 830 өтінім қабылданды. Бүгінгі күнге 33 қатысушының өтінімі банк тарапынан мақұлданып, оның ішінде 26 қатысушы бағдарлама аясында баспаналы болды. Ал 7 қатысушы өзіне тұрғын үй іздестіруде. Келесі жылы бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Қосымша «Отбасы банк» тарапынан да қаржыландыру көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда айта кетейін, бағдарламаға байланысты ең көп қойылатын сұрақтың бірі – неге тек бес категория (денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, журналистика саласы қызметкерлері). Біріншіден, бөлінген сомаға байланысты 50-ге жуық пәтер беріледі. Егер категориясын көбейтетін болсақ, бағдарламаға қатысушылардың саны да көбейіп кетеді. Жұмыс істейтін жастарға берілетін себебі – несиені төлей алуы керек. Банк ешқашан жұмыссыз жастарға несие беруге тәуекел етпейді. Жалпы бағдарламаға байланысты көптеген ұсыныстар түсуде. Ұсыныстарды назарға ала отырып, 2023 жылы өндіріс орындарында, жеке секторда жұмыс істейтін, яғни ешқандай категорияға кірмейтін жастарды қамту көзделуде. Сол үшін категорияларды өзгерту жоспарлануда. Қатып қалған қағида жоқ. Дегенмен бәрібір төлем қабілетін растай алуы қажет. Сондай-ақ қазіргі таңда облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының тапсырмасына сәйкес жұмыссыздықты жою, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар дайындалып жатыр. – Бағдарламада бекітілген индикатордың бірі – NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да NEET жастарды жұмыспен қамту мәселесінің өзекті екенін айтқан. Аймақ басшысы да аталған мәселені айрықша назарында ұстап отыр. Жүктелген тапсырмалар қалай орындалуда? – Тараз қаласы мен аудандық жастар ресурстық орталықтарының мамандарымен NEET санатындағы жастарды анықтау бойынша адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, талдау нәтижесі бойынша 254 345 жастың әлеуметтік картасы жасалды. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінің мәліметіне сәйкес облыста NEET санатындағы жастардың үлесі 2022 жылдың екінші тоқсанында 19 362 жасты (7,5 пайыз) құраған. Облыс көлемінде жүргізілген адрестік талдау нәтижелері бойынша NEET санатына жататын 3 059 жас анықталып, тізімі облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолданды. Нәтижесінде Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту орталықтары тізім бойынша жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартып, ағымдағы жылдың үшінші тоқсаны бойынша NEET жастардың үлесі 18 329 жасты (7,1 пайыз) құрады. Яғни NEET санатындағы 1 033 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Айрықша атап өтер жайт, NEET санатындағы жастардың базасын жүйелендіру және жұмыс сапасын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұсынысымен республика көлемінде алғаш рет автоматтандырылған электрондық деректер базасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесе әзірлеу жұмыстары қолға алынуда. Жоба құны шамамен – 5-10 миллион теңге. Жобаға республика көлеміндегі бірқатар деректер базасы интеграцияланатын болады. Жоспар бойынша базаны мүмкіндігінше автоматтандыруды көздеп отырмыз. Базаға жұмыссыз, оқымайтын, ұйымдаспаған, пробацияда есепте тұрған және тағы да басқа санаттағы жастар енгізіледі деп күтілуде. Жоба 2023 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасымен NEET санатындағы жастармен жұмысты жүйелендіру және санын азайту мақсатында облыстық және Жамбыл, Жуалы, Қордай, Шу, Меркі, Мойынқұм аудандық, Шу қалалық жастар ресурстық орталықтарында NEET жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ашылды. Сарысу ауданында NEET санатындағы жастармен жұмыс істейтін инспекторлар бекітілді. Бұдан бөлек саладағы өзекті мәселенің бірі – жастар жұмыссыздығы. Сол себепті жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және оларды әлеуметтендіруге басымдық берілуде. Есепті кезеңде 27 214 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың үшінші тоқсанына 3 пайызды құрады (республика бойынша көрсеткіш – 3,8 пайыз). Биыл 8 558 жас бос жұмыс орындарына орналасса, 348 жас қысқамерзімді кәсіби оқытуға, 545 жас онлайн оқытуға, 1 798 түлек «Жастар тәжірибесіне», 191 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 1 933 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ 32 жас «Ұрпақтар келісімшарты», 184 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасты. Ал «Жасыл ел» еңбек жасағын іске асыруға жергілікті бюджет есебінен бөлінген 116,4 миллион теңгеге 1 765 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
«Меритократия қағидаты негізінде тағайындалдым»
– Жастар басқармасының басшысы болып тағайындалғаныңызда сіздің тарапыңызға сын айтқандар болды. Бірнеше жылдан бері жастар саясатының отымен кіріп, күлімен шығып жүргеніңізді біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан еңбек жолыңыз туралы аз-кем әңгімелеп берсеңіз.– Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап «Жайдарман» ойындарына қатысып, мерекелік түрлі іс-шаралардың бел ортасынан табылатынмын. Астана қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде оқып жүргенде де белсенді студенттердің бірі болдым. Университеттегі «Сезім» атты ақындар клубына, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан ашылған «ТӘЖ» ақындар клубына мүше болып, шығармашыл жастардың қатарынан көрініп жүрдім. Негізі «Заңгер» мамандығында оқитын жастар көбіне әдеби ортаға араласа бермейді. Сондықтан болашақ заңгер достарымды қоғамдық шараларға тартуға тырыстым. Осы мақсатта Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде оқытушы болып жүргенімде «Заңгер» мамандығында оқып жүрген талантты студенттерді танытсам, тың қырларын ашып, бос уақыттарын тиімді өткізуге себепкер болсам деген ниетте шығармашылық клуб аштым. «Сәт» клубының құрамындағы 25 жігіт сабақтан тыс уақытта университетте қалып, түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып жүрді. Қайырымдылық шараларын өткізіп, мереке кезінде қарттар үйіне, балалар үйіне барып, концерттік бағдарламалар қойып беретінбіз. Кейін әр жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің заң жобалары басқармасының заңгері, аталған министрліктің экологиялық заңнама және құқықтық қамтамасыз ету департаментінің іс жүргізу жөніндегі инспекторы болып қызмет еттім. Мүмкін әлі де туған жерден жырақта жүрер ме едім. Ата-анамның сөзін жерге тастамай, алған білімімді туған жерімнің дамуына жұмсасам деген оймен Таразға оралдым. Сөйтіп, бір күні жұмыс іздеп әкімдікке барсам, сол кездегі облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев жастарды қабылдау өткізіп жатыр екен. «Іздегенге сұраған» демекші, Еркебұлан Есенғалиұлына жастар саясаты саласында қызмет істегім келетінін айтып, қысқаша еңбек жолыммен таныстырдым. Еркебұлан Есенғалиұлы басқармада заңгердің орны және облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орны бос екенін жеткізді. Сонымен не керек, директордың орынбасары болып тағайындалып, жастар саясатының қым-қуыт тірлігіне бел шеше кірісіп кеттім. Арада бірнеше жыл өткенде Еркебұлан Есенғалиұлының ұсынысымен жастар саясаты басқармасына келіп, заңгер қызметін атқардым. Одан кейін қаржы және ұйымдастыру, жастар саясатын іске асыру, ұйымдастыру және бақылау бөліміне басшылық еттім. Салада атқарған азды-көпті еңбегіміз басшылық тарапынан ескеріліп, биыл меритократия қағидаты негізінде облыс әкімдігі жастар саясаты басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Рас, «Неге конкурс өтпей тағайындалды?» деп сынағандар да болды. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда егер сол салада жұмыс істеген болса, меритократия қағидаты негізінде тағайындалу мүмкіндігі бар екені тайға таңба басқандай жазылған. Енді артылған сенімді, жауапкершілік жүгін абыроймен көтеру мақсатында жұмыс істейміз. – Облыс әкімінің жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшелерінің жаңаруы да әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осы жөнінде не айтасыз? – Облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес 2012 жылы құрылған. Жастар ісі жөніндегі кеңес аудан әкімдері жанынан да ашылған. Облыс әкімі төрағалық ететін жастар ісі жөніндегі кеңес – аты айтып тұрғандай, жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау, кеңесу мақсатында құрылған. Кеңеске мүше болуды лауазыммен, мансаппен шатастырмау керек. Алдыңғы кеңес 2019 жылы құрылған болатын. Сондай-ақ кеңестің мүшелері жаңарып отырады. Кеңес мүшелері «ауыспауы керек» деп еш жерде жазылмаған. Әр жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырады. Себебі біз кеңеске өзгеріс алып келіп, жастар жұмысының бойына қан жүгіртуіміз керек. Әлеуметтік желіде талқыланған тағы бір мәселе – жуырда Астана қаласында Қазақстан мен Өзбекстан жастарының I конгресі өтті. Конгреске барған өңіріміздің жастарына байланысты да сын айтылды. Облысымызда 258 мың жас бар. Неге жыл сайын белгілі бір азаматтар ғана баруы керек. Басқалар неге бармайды?! Басқа жастар да барсын, көрсін, тәжірибе жинасын. Бізде белгілі бір жастардың тобы қалыптасқан. Тек солар барады, тек солар көреді. Олай болмауы керек. – Өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз? – Қоғам тарапынан сын айтылу керек. Жүйелі, орынды сын болса, дұрыс қабылдаймын. Бірақ адамның жеке басына, отбасына, қызметтік абыройына нұқсан келтірмеуі керек деп ойлаймын. Дегенмен бет көрісіп, араласып-құраласып жүрген адамдардың сыны, теріс пікірі ауыр тиеді. Егер «сен осы жерде дұрыс істемедің, негізі былай істеу керек еді» деп өзіме хабарласып немесе басқармаға келетін болса, есігім әрдайым ашық. Ұсынысы, жобасы бар ма, келсін, айтсын. Біз қолдауға дайынбыз. Жақсы жоба болса, облыс әкіміне жеткізуге тырысамын. Жоқ, міндетті түрде шулатып, қоғам талқысына салу керек. Мәселен, сынап жазған адам өзінің көзқарасы бойынша жазады. Екінші тараптың пікірі маңызды емес. Сондай жағдайда басқарманың жұмысын білмейтін, мені танымайтын адамда теріс пікір қалыптасады. Теріс пікір жазу арқылы жүздеген, мыңдаған адамның ойын бұзуы, өзгертуі мүмкін. Сондықтан сын айтсақ та шын айтып, бір-біріміздің балағымыздан тартпай, керісінше болысып, байыппен ойлап, байсалды әрекет еткеніміз пайдалырақ. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ