Қоғамды сатқындардан тазарту керек
Қоғамды сатқындардан тазарту керек
Өткен жылдың ең қайғылы оқиғасы «Қасіретті қаңтардың» орын алуына не себеп деген өзекті мәселе Мәжілісте әрі мемлекеттік арналардың тікелей эфирінде талқыланды. Бұл қатыгездікті кім ұйымдастырды? Қандай мақсаттарды көздеді? Осы сұрақтар бір жыл бойы жанымызға тыныштық бермегені рас. Бұл сұрақтардың кейбіріне жауап алдық та. Бүгін қаңтар оқиғасын төңкеріс әрекеті деп жариялап, көпшілік алдында нүктесі қойылды. Президенттік тақты тартып алу әрекеті болды. Сондай-ақ ҰҚК кураторлары мен жеке қауіпсіздік күштері қарулы қарақшылардың әрекеттерін басқарғанын естідік. Демек, бұл кураторлардың жеке басы анықталған. Қанды оқиғаның басты себепкерлерін елімізден екінші мұндай азғын кураторлар шықпайтындай, өзге арам пиғылдыларға сабақ болатындай етіп қатаң жазалау керек. Сот болатыны анық. Сот оларға қатысты шешім шығарған кезде, жұртшылық өз халқына кім опасыздық жасағанын білуі үшін олардың аттарын жариялау керек. Осы орайда мені мазалайтын маңызды жайттар да жоқ емес. Яғни болмағанды сөзбен «болдырып», сол арқылы ел арасына іріткі салып жүрген адамдар әлі тыныш табар емес. Бұлар ескі жараны қайта тырнап, жағдайды әдейі ушықтырып отырғандай көрінеді. Мысалы, көпшілік қауіпсіздік күштерін бейбіт тұрғындарға қару қолданды деп айыптауда. Және бұл Президенттің бұйрығымен жасалған деп мәлімдейді. Бұл айыптауларға Бас прокурор Берік Асылов жауап қайтарып, ақ қарасын ажыратып берді. Мен оның келесі сөздерінен үзінді келтіргім келеді. «Шын мәнінде, қауіпсіздік күштеріне қылмыскерлерді жеңу үшін арнайы команда қажет емес. Құқық қорғау қызметі туралы, Ұлттық ұлан туралы, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде шабуылды тойтару үшін жауынгерлік қаруды қолдануға мүмкіндік беретін терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңдардың тікелей нормалары бар. Дәл осындай қауіпті жағдай 5 қаңтарда түстен кейін қалыптасып, 8-і күнгі жағдай оқшауланғанға дейін сақталды», деді бас прокурор. Қайғылы қаңтар кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнгені бейнематериалдардан айқын көрінеді. Қылмыскерлер 2960 қару мен 63 мыңнан астам оқ-дәріні не үшін ұрлады? Оларға граната атқыштар мен пулеметтер не үшін қажет болды? Қылмыскерлердің арасында деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары болғаны туралы ақпаратты естігенімде басынан бақайшығына дейін мұздай қаруланып, Тараз көшелерінде емін-еркін тайраңдап, тіпті ҰҚК облыстық департаментінің ғимаратына оқ атып, комитеттің бірнеше қызметкерлерін өлтіріп, капитан Ғазиз Байтасовпен арпалысып барып ажал құшқан М.Қариевтің салған ойраны есіме түсе берді. Өткенді еске алсам сананы сан сауал мазалайды? Тараздағы сол қанды оқиға құқық қорғау органдарына сабақ болмағаны ма? Бірақ комитеттердің өздері осындай адамдардың қызметіне жетекшілік етсе, бұл туралы не айтамыз? Ия, былтырғы қаңтардың қасіреті талайлардың көңілінен өшпейтіні рас. Мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбауы үшін қоғамды сатқындардың барлық түрлерінен, деструктивті ағымдардан тазарту қажет. Ең маңыздысы шынымен әділ мемлекет құру керек.
Бекет МОМЫНҚҰЛ