Көптің көкейіндегі мәселені дөп басты
Көптің көкейіндегі мәселені дөп басты
Ел еңсесінің тіктеліп, экономиканың қарышты дамуы, тұрғындардың тұрмысының түзелуі кәсіпкерлік саланың өркен жаюымен де тікелей байланысты. Бүгінгідей нарық заманында бұл саланың бәсекеге қабілетті болуы экономиканың аяққа тұруына ықпал ететіні сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда мемлекет аталған саланы алға жылжытуға айрықша басымдық беріп келеді. Кәсіпкерлікті дамыту үшін Үкімет тарапынан қабылданатын шешімдер мінсіз болуы қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік-экономикалық мәселелерге айрықша тоқталып, кәсіпкерлік сала мемлекет тарапынан нақты реттелуі қажеттігін аңғартты. Өз сөзінде Мемлекет басшысы: «Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет», – деді. Мемлекет басшысы қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән берілетінін, еңбекақы төлеу қорын көбейтіп және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейтінін, алайда түрлі қаржы ұйымдарында триллиондаған теңге босқа жатқанын сөз ете отырып, Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Үкіметке бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз етуді тапсырды. Егер аталған салаға нақты қолдау көрсетілсе, бұл кәсіпкерлік арқылы көптеген азаматтардың қыруар қаржы табуына, өз кезегінде тұрғындардың жұмыспен қамтылуына әсер ететіні, отандық өнім өндіру ісі қарқын алатыны белгілі. Бүгінде кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін қолданатын кез келді. Өйткені жер телімдерін ұзақ жылға жалға алып, оны мақсатты пайдаланбай отырған кәсіпкерлер ел арасында бар. Бос жатқан немесе игерілмеген жерлер нағыз іскер азаматтарға берілсе бұл әділетті шешім болатыны анық. Осы мәселені шешу жолы да аталған Жолдауда көрініс тапқаны бізді қуантты. Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа Жолдауы көптің көкейінде жүрген негізгі мәселелерді дөп басқанына сенімдімін. Мемлекет басшысының ойға алған ісін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қолдаймыз және ілкімді істердің жүзеге асуына барымызды саламыз. Т.Рысқұлов ауданы