Жамбыл жаңалықтары

Үшжылдық жоспардан үміт көп

Үшжылдық жоспардан үміт көп

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өңірдегі БАҚ өкілдерімен кездесіп, шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған даму картасын таныстырды. Қала әкімінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында 3 жылдық карта бойынша құрылыс жұмыстары ауқымды жүргізіліп, 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстарға жұмсалатын қаржы көлемі 80,1 миллиард теңгеге артпақ.

Келер жылы Тараз қаласында 47 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы басталады. Сол жылы жаңа 5 мектеп пайдалануға беріліп, 7 білім ұясына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Көптің көкейінде жүрген балалар жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы да қолға алынады. Шаһарда саябақтар жаңғыртылып, тұрғындардың демалыс уақытын тиімді пайдалану үшін «Мамыр» саябағының аумағында иппотерапия орталығы салынады. – Тағы бір ерекше жаңалық – еліміз бойынша Тараз қаласында алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған монша пайдалануға беріледі. Осы топтағы азаматтар үшін 2023-2024 жылдары 2 әлеуметтік бейімдеу орталығының құрылысы аяқталады. Келесі жылы саламатты өмір салтын насихаттауға арналған 4 шағын футбол алаңшасы салынады. Алдағы үш жылда мәдениет салада кешенді дамыту үшін арнайы жоспар жасадық. Соның бірі – Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы салынады. Тектұрмас этнотарихи кешені маңындағы «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады. 2024 жылы «Құмшағал» тұрғын алқабында 180 орындық қалалық мәдениет үйі пайдалануға беріледі, Қолөнер орталығы ашылады. Жыл өткен сайын қала аумағы кеңейіп, халық санының өсімі артып келеді. Осыған орай шаһардың Асқаров, Хамукат, Қарасай, Көктем массивтеріне газ құбыры тартылады. Алдағы жылы 116 көше мен бұрылыстарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталығындағы Саңырық батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтеді. «Барысхан» және «Бурыл» тұрғын алқаптарында жол құрылысы жүргізіледі. Тараз қаласында келесі жылы 68 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылады. Таразда 2023-2025 жылдары 75 аула абаттандырылады. Алдағы үш жылда 148 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Қала көшелерін абаттандыру және көгалдандыру мақсатында келесі жылы 3 мың түп ағаш отырғызылады. 2023 жылдан бастап жыл сайын 70 автобус алу жоспарланып отыр. Қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін 15 жаңа автобус бағыты ашылып, 120 аялдама орнатылады. Сондай-ақ теміржол аймағындағы халықтың жылдар бойғы сұранысы – теміржол үстінен өтетін көлік жолы құрылысы да басталады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы. «Ұлы дала» (15-ықшамаудан) ықшамауданының егжей-тегжейлі жоспары қайта қаралып, өзгерістер енгізілгені белгілі. Қазір осы ықшамауданның коммуникациялық желілерін ауыстыру қолға алыныпты. Алдағы жылы 15-ықшамауданда 1 200 орындық 2 мектеп құрылысы аяқталады. Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында аталған ықшамауданнан Оқушылар сарайы бой көтереді екен. Аталған жұмыстардың дені алдағы үш жылда атқарылатын жобалар. Бірқатар жұмыстар қазір басталып кеткен. Келер жылдан бастап жоспарға сәйкес жұмыстар жалғаса береді.

«AR-AI»-ақпарат