Жамбыл жаңалықтары

БАЙЫПТЫ БАҒДАР БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

БАЙЫПТЫ БАҒДАР БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

Сәрсенбай Мыңбаев, облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы: 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы ел тұрғындарының көптен бері көкейінде жүрген мәселелерін тап басып, түйткілдерді шешуде қандай қадам жасау керектігімізді айқындап берді. Атап айтқанда, Президент ел экономикасындағы олқылықтарды бүкпесіз айта отырып, олардың шешілу жолдарын нақты көрсетті. Әсіресе отандық тауарларды өндіру, орта және шағын бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығын әрі қарай жандандыру, еңбекшілердің табысын көбейтіп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелеріне баса көңіл бөлді. Бүгінгі күн талаптарына сай өркениетті мемлекет құру жолына сараптама жасалып, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Сот жүйесін, құқық қорғау органдарының жұмысын реформалау, азаматтардың өз құқықтарын толықтай пайдалануға жағдай жасау жолдары айқындалды. Талай жыл бойы кәсіподақ органдарында қызмет атқарып, күрмеуі қиын түйінді мәселелермен сан мәрте бетпе-бет келгенмін. Президенттің әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жаспен шектеуіне ризашылығымды білдіремін. Нәресте 1,5 жасқа толғанға дейін оның анасына ақылы демалыс берілуі ұрпаққа жасалған қамқорлық деп санаймын. Көпшіліктің ойында жүрген денсаулық саласын жетілдіру мәселесіне де ден қойылды. Жастардың білім алып, кәсібін таңдауға мүмкіндік жасап, олар үшін 100 мыңдай арнайы жұмыс орындарын ашу бүгінгі күн талабына сай. Сондай-ақ «Қаңтар оқиғасына» қисынсыз қатысып, қоғамға қиянат жасамаған азаматтарға, әсіресе жастарға, рақымшылық жасау туралы шешімге көпшілік түсіністікпен қарауда. Президент өз Жолдауында өзекті мәселелерді айқындап қана қоймай, олардың шешілу жолдарын көрсетіп, Үкімет мүшелеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге тікелей тапсырма берді. Олардың орындалу жолдарын қадағалау мәселесі де назарға алынды. Сонымен қатар Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің және Парламент Мәжілісінің, мәслихат депутаттарының сайлауларын жарты жыл шамасында өткізу туралы ұсыныстарының саяси тұрақтылыққа, елдің бірлігіне бастар жол екенін ашып айтты. Президент Жолдауын орындау атқарушы органдарға байланысты екені белгілі. Бірақ Қазақстаннның өркениетті елдермен терезесі тең болу үшін әрбір азамат еселі еңбек етіп, Жолдауда көзделген бағыт-бағдарларды уақтылы да сапалы орындалуына атсалысуы керек.