«SURET DESIGN ART» СУРЕТШІЛЕРІНІҢ ТАЛАБЫ ЗОР
«SURET DESIGN ART» СУРЕТШІЛЕРІНІҢ ТАЛАБЫ ЗОР
Облыстық көркемсурет галереясында «Suret design art» мектебінің оқушылары мен мұғалімдерінің жылдық қорытынды көрмесі өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – Тараз қаласында балалар шығармашылығын дамытып, өскелең ұрпақтың рухани үйлесімді тұлғасын қалыптастыру, балаларды ерте жастан өнерге баулу және сұлулыққа деген құштарлығын арттыру. «Suret design art» мектебі өткен жылы ашылып, осы уақытқа дейін біраз шәкірт дайындалып, олардың алды жоғары оқу орындарына архитектура, дизайн, суретші иллюстратор мамандықтары бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарына грантқа түсті. Мектепте балаларға бейнелеу өнерінің қыр-сырын ұқтырып, бояулардың барлық түрлерін үйренуге мүмкіндіктер береді. Сұлулық адам жандүниесін емдейді. Бұл көрмеде оқушылардың 400-ге жуық жұмысы қойылды. Көрмеге келушілерге үлкен эмоциялық әсер сыйлайтын, бірде қуантып, бірде ойға шомылдыратын тамаша туындылар қойылған. Іс-шарада Айнұр Бейбітова, Жанар Маханбетова ата-аналар атынан мектеп оқушыларына өз жылы тілектерін білдірді. «Suret design art» мектебінің ұжымы оқушыларға алдағы уақытта оқуда үздік болуды тілеп, арнайы сертификаттармен марапаттады. Суретші көрермендермен сөз арқылы емес, салған суреттері арқылы тілдеседі. Себебі ол айтқысы келген ойын сызықтармен, түстермен кенеп бетіне өте айқын түсіреді. Көрме 28 желтоқсанға дейін жалғасын табады. Баршаңызды ел назарын өзіне аударған суреттерді бірге тамашалауға шақырамыз.
Ақбота МАМБЕТАЛЫ, «Suret design art» мектебінің басшысы