Қазақ қызы, жаса, жайна, өркенде...
Қазақ қызы, жаса, жайна, өркенде...
«Ұлтымның ұлы мұрасы – ұлттық құндылықтар» атты мүшәйраның жеңімпазы, ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған "Тәуелсіздік - халқымның асқақ мерейі" атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының 1-орын иегері, «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өткен республикалық «Қырық өтірік» байқауының номинанты, «Үздіктер қоғамы» ҚБ ұйымдастырған республикалық «Өлең – сөздің патшасы» атты жыр мүшәйрасының 3-орын иегері, әлеуметтік желі арқылы Түркияның «Neredesin» сайты өткізген жазба ақындардың лирикалық жырларының халықаралық мүшәйрасында түрік тілінде жазған өлеңі «Ең үздік» деп танылып, жарияланған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен «Ата-ананың эмоционалды интеллектісі» атты мастер классы мен «Отец – наставник, тренер в семье и обществе», «Как воспитать ребенка без отца» атты республикалық семинар-тренингтерінде сертификаттармен марапатталған. Қазіргі таңда «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Анаға тағзым» орталығының психолог маманы болып қызмет атқарады. Таразым Айналған қала көненің асыл көзіне, Жырына қосқан шайырлар жүрек езіле. Тамырын түпсіз тереңнен жайған - Таразым, Тарихсың тұнған, аңыз бен көркем шежіре. Мекені болған үздіккен арман, үміттің, Желегің – жасыл, табиғат – ерек, сыр ұқтым. Жерұйық сен бе, жәннаты болған фәнидің, Сарыла іздеген Асан қайғының жүріп мың. Таразым алған әуелден асқар бағасын, Мөп-мөлдір көзді сұлуды мұнда табасың. Көз тоймас көркем – киелі өңірТаразым, Жүректің әр кез төрінен орын аласың. Мақтаныш болған, қаласы ерек халықтың, Ататын таңы сыйлаумен шаттық, жарық күн. Өзіңде жүру саф ауа алып бір бақыт, Кешкісін кезіп,астында сансыз жарықтың. Керемет шаһар, кететін жоқ боп қайғы-мұң, Қарахан кезден әлемге дүркін әйгілім. Өркенде, дамы, толассыз биік самғаумен. Туған жер – Тараз, сарқылмас мәңгі байлығым. ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ Пәк жүзінен күннің нұры төгіліп, Қос бұрымға күміс шашбау тең іліп. Келе жатыр сұлу қызы қазақтың, Түнге біткен аппақ Айдай көрініп. Қарлығаштай қара қасы қиылып, Ұзын көйлек, әсем бешбет киініп. Сәлем беріп, кіші-үлкенге ізетпен Жылы жүзбен, күлкі езуге жиылып. Белгісі ол – сұлулық пен сымбаттың, Ар-намысы, бәрінен де қымбат тым. Тал бойынан иман лебі есетін, Қазақ қызы – шешілмеген жұмбақ мұң. Гүлге теңеп бар қазақтың ақыны, Лайық келген мінезіне ақылы. Босаға аттап, келін болған қазақ қыз, Береке мен басқа біткен бақ Ұлы. Әдепсіздік қазақ қызға жат анық, Көне көзден алғыс алып, бата алып. Бір қолымен тербер әлем, бесікті, Отбасына абзал ана атанып. Одан асқан қамқор ана болмаған, Шыбынның да ызыңынан қорғаған. Тәлім менен тәрбиенің бұлағы, Қазақ – ана, биік әр кез, зор маған. Ұл-қызына сілтер жолдың дұрысын, Абзал ана, әже атану – ұлы сын. Сөйлегенде иіріп ап ұршығын, Ертегіге қанар құлақ құрышың. Қазақ әже – ой ойлайтын тереңнен, Ұрпағының алғысына бөленген. Аппақ жүзін басса-дағы сан әжім, Сол баяғы қазақ қызын көрем мен. Қазақ – ару, ана, әже көркем бе? Жол бастаған келешекке, ертеңге, Салт-дәстүрді ұмыттырмай, жаңғыртып, Қазақ қызы, жаса, жайна, өркенде! Хакім Абайдың ғибраты Асқар шың биік, шоқ жұлдыз болған, қалың ой, біздің қазаққа, Өлеңі – жанды тербейтін әсем, толы ғой сырлы ғажапқа. Құндылық ұлы, көркемдік қуат- айтылған қара сөздері, Мұрағат шексіз қалдырған бұлай, фәниде ғалым аз артта. Өр рухты дана,тау тұлға дара, мақтаныш болған Абайым, Алашқа біткен батпандай баққа өзіңді мәңгі балайын. Асыл істерге үйретуменен, жамандықтардан жерінтіп, Орната білдің ізгілік пенен мейірім алтын сарайын. Жеткізе білдің халқыңның кем тұс, осалын және зар-мұңын, Байларды сынап, жағында болдың кедей мен кепшік, жарлының, Маржан сөзіңмен тереңге нұсқап, бағдарды берді ойларың, Сүюге баулып, бауырым деумен адамзат аттың барлығын. Абайдың жырын оқыған сайын шабытым бойда тасынған, Жетелеп үміт, алысқа бастап, тынысым терең ашылған, Зере мен Ұлжан анаға айтар алғысы шексіз қазақтың, Бергені үшін Абайдай бізге кемеңгер және асыл жан. Сөз құнын ұққан, оқыса өлең сусаған жырға тояды Абайдың жыры – бұлақтай аққан, жоқ ешбір, қосу, бояуы. Ұмытпас ұрпақ артында барда қазақтай ұлы халықтың Өлең- сөз патша, жалғасын тауып, қанатын кеңге жаяды. Қазынам болдың – сақтаған тұнық жалғасын тапқан талайдан, Сөздерің семсер, нұр себер жанға болып жүр менің Ар-айнам. Негізін салып әдеби тілдің, әлемге күллі паш еткен, Қазақты таныр өзгелер дәйім, ғұлама, хакім Абайдан. Өмірде түрлі өтерміз белес, өзендей болған ағыстан, Жүрек түкпірде сағымдай болған тарихты сақтап алыстан. Тұтас бір дәуір тұратын ұлы тұлға бар, бірақ мәңгілік, Әдебиет, өнер атасы болған, кемеңгер Абай данышпан! Асанбай Асқаровқа арнау Қалармыз қалай үндемей,жатармыз қалай жасқанып, Естіген кезде есімін Асанбай ата Асқаров. Шындықтың киіп шекпенін сөйлеумен сөзін, мәңгіге, Ел жұрты тұрар артында көтеріп, туын басқарып. Зиялы жандар өмірде, қиындық қандай көрмеді, Ақтаймын деп үміт пен сенімді үлкен елдегі. Мақтанышы Меркінің, ардақтысы, тектісі, Арыстан жүрек Асанбай, ақылы асқар, зерделі. «Дос» дегенің оқыста ит болып, тістеп, қауыпты, «Жақыныңнан шықса жау» сол болар нағыз қауіпті. «Парақор мен ұлтшыл» деп нақақтан айып тағылып, Жаланы сатқын, надандар, таудай қып Сізге жауыпты. Түсіне алмай өткенді, қалайша бұлай болғанын, Бұқпалау білмей, қайран бас, депсіз ғой «Қалай сорладың?» Өтірік сөздің өлшемі бір тұтам болған әрқашан Сездің бе, ата, сол уақыт бұл ордан шығар жол барын. Ойлантып Сізді сан сұрақ, ғасырдың, елдің дерті мың, Қалапсыз әркез шындықтың қасірет күйі шертуін. Өлім де Сізді қорқыта алмады қайсар, батыр ұл, Өлтірді бірақ ар-намыс, түсіріп алу ел туын! Отқа да күйдің «елім» деп, соғумен дара жүрегің, Қолтықтан сүйер дос таппай, жоғалттың сенім тірегін. Сол кезде қатты күйзелтіп, азапты кешті жан байғұс, Ойлансам қазір қиналып,түсінем,ата, білемін. Қу менен түрлі арамдар, десе де жоям, құртамын, Тілекті адал қабыл ап, сыйлады Алла нұр таңын. Ерлігің менен өрлігің сақталып халық жадында, Етіп жүр сені мақтаныш үмітті артқан ұрпағың. Ғасырда туар жалғыз ұл, шоқтығы биік нар тұлға, Сақталдың есте мәңгіге жұлдыздай жарық қалпыңда. Кетсе де көзің бұл уақыт, сөздерің өткір семсердей, Жазылып алтын әріппен, мұра боп қалды артыңда! Бақыт деген қиындықтан тұрады Мына фәни расында да жалған- ақ, Берілгендей жалға қайғы, жалға бақ. Зырғып өтіп жатыр бәрі алмасып, «Тұрақты» деп болсақ та іштен алдамақ. Бәрі- өтпелі,қуаныш та, құса да, Үміт, мақсат- алда тұрған нысана. Күресумен ғана бірақ жетерсің, Оңайлықпен бақытты адам құша ма? Жолығарсың өмір жолда көп іспен. Жалығарсың сатқындық пен реніштен, «Тағдыр» атты ойындасың әлі де, Шықпай жүрсең, «сынақ» атты рельстен. Өтерсің көп өсек-аяң, оттан да, Баз кешерсің жақын атқан оқтан да. Қандай ауыр жүк түссе де арқаңа, Дамылдама, кері қайтпа, тоқталма! Себеп емес шегінуге бұл әлі, Арта берме өзгелерге күнәні. Соқпақтарға шыда және ұмытпа! Бақыт деген, қиындықтан тұрады. Мәңгі, ана, қарызбын! Күннен ыстық, от-жалын алақаны аялы, Мәуе ағаштай зор, алып, жапырағы саялы. Қабақ шытпай әрқашан, кешірумен қатесін, Әрбір ана бала үшін кең құшағын жаяды. Қорғаштаумен перзентін самал желдің үпінен, Күндіз-түні көз ілмей, баптап бізді күтіп ең, Зәмзәм судан асатын не? - деп менен сұраса, Айтар едім: «Тәтті деп ақ анамның сүті ең». Уайымдатты сені, ана, алғаш шыққан тісім де Қуандың шын пейілмен әр жеңісім үшін де, Мықтылығы ананың – әлем, бесік тербетер, Шуақ нұрлы жүзі мен мейірімділік күшінде. Сыйлап жарық әлемді батыр, ақын, мергенге, Осы ана патшаға, ғалымға өмір берген де. Жалғыз алып емес пе, маңдайыма кірсін деп, Аяғыңның астынан жантақ, тікен терген де. Бірдейсіңдер барлығың, мейлі жас па, қарт ана, Шын ізетті үйреткен қоршаған бұл ортаға. Табылмайды біздерге қамқоршы жан өзіңдей, Іздесемде әлемді ұшып жүріп шарқ, ана. Жас ұлғайып, қаптаса бетіңді әжім, ақ басың, Үлбіреген мен үшін жібексің сен, мақтасың! Теңер едім жүрекке, жүрек жалғыз адамда, Бір жоғалтсаң белгілі, қайтып оны таппасың! Ана сыйлау – ұлысы құрмет пенен парыздың, Сенсің ана – Күнім де, нәзік үнді, жаны ізгім. Көтерсем де арқама, апарсам да Меккеге, Ақ сүтің мен шашыңа мәңгі- мәңгі қарызбын! Өткінші өмір Келтелігін өмірдің түсіндім де, ойландым, Отырсаң да, дәл бүгін төрінде сен, тойлардың. «Ажал» атты аждаһа жетіп келіп қасыңа, Бұрғызбастан мойныңды болар демің тайған күн. «Ажал» деген қарамас күтімге де,емге де, Жаның ұшып алысқа қалмай тыныс кеудеңде. Бұйрық болып Алладан, Мүңкәр – Нәкір келгенде, Үлгертпейді туғанға, «Қош бол,енді» деуге де. Жаның ұшып көктерге, алыстарды шарлайды, «Сынақ» атты өмірден таусылғандай бар қайғы. «Қабір» атты күтудің мекеніне оралып, Сын өмірді ендігі «Барзах өмір» жалғайды. Қос қабырға айқасып, қабір қысса жаныңды, Құтылуға сұрақтан бергің келер барыңды. Жолдас болса, иманың жатқан жерің кеңейер, Ол жоқ болса, егерде, қабір қатты тарылды. Өз-өзіңді алдама, опа болмас өмірден, «Өмір» деген сынаққа уақытшаға берілген. «Өткен күннен жоқ белгі» бәрі ұмыт, өткінші, Жалаңаш боп шыр етіп, кетерсің бөз кебінмен. Тұрақтаумен бұл өмір, мекені еді кімдердің? Шығар демің, әйтеуір, күнінде бір күндердің, Өмір сүрме ертеңмен, кешегіңмен арттағы, Бүгініңді бағалап, бүгініңді шын көргін! Әкеге сағыныш Әке, сенің сезіледі жоқтығың Өзің бардай жарқыл көз де жоқ бүгін. Өткен күндер жаңғырумен санамда, Сағынышпен өтіп жатыр көп күнім. Сыз сезіліп ойсыраған орныңнан, Арыла алмай жүректегі зор мұңнан. Көз алдымнан хош деп мәңгі кетумен, Өмірімде ғасырлыққа болдың ба ән. Алтын әкем менің ғажап әлемім, Асқақ арман, өмірімнің мәні едің. Сенсіз таңға қалай ғана үйреніп, Таба аламын қалай енді жан емін? Көп еді ғой мына өмірге керегің, Мол еді ғой айтар ақыл берерің, Көкке қарап, шығар жолды сұрасам «Бақытты бол, алтын қызым!» дер едің. Аңсау Елесің қап, көзден кеттің сағымдай, Мүмкін емес жүру сені сағынбай. Өмір атты бұл өткелде жоқтығың. Сыздатады шын жаралы жанымды-ай. Өкініштен өртенердей өзегім, Айтшы, әке, қалай шыдап, төземін? Тағдыр – теңіз толқығанда тынбастан. Жол көрсеткен бағытыңды сеземін. Алдан дауыл жан төзгісіз тұрғанда, Кездестірген небір ауыр сындарда. Өзің едің ақыл айтып, үйреткен, Берік болып, төзе біліп, сынбауға. Қиналмасын дегендей-ақ кейін мен, Досым бола білдің ізгі пейілмен. Алтын әкем, сенімді боп сен барда, Қорқыныш пен күмән оты сейілген. Расында да болмыс өзге, ерексің, Бұл фәниде орның басар жоқ ешкім. Жүрегімде өмір сүре бересің, Өкінішті, тек қасымда емессің. Жоғалттым-ау ойда жоқта, тосыннан, Айрылдым-ау әке атты асылдан. Енді аманат атыңызды өшірмей, Жалғастыру ғасырларға ғасырдан.