Биыл Парламент 86 заң қабылдады – Сенат төрағасы
Биыл Парламент 86 заң қабылдады – Сенат төрағасы
Сенат төрағасы өз сөзінде палата жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау екенін айтты. «Биыл Парламент 86 заң қабылдады, оның 13-іне депутаттар бастамашы болды. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Заң шығару кезінде әрбір заң жобасы Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты талқыланды. Халықтың пікірі мен көпшіліктің үні ескеріліп отырды. Конституцияға, соның негізінде бірқатар конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы конституциялық заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің және Үкіметтің құқықтық жағдайын белгілейтін конституциялық заңдарға да өзгерістер енгізілді», – деді М. Әшімбаев. Палата төрағасы Сенаттың тұрақты комитеттері заң шығару қызметімен қатар, жыл бойы бірқатар маңызды іс-шара өткізгенін де тілге тиек етті. «Сенатта «Жаңа Қазақстан: Жастар және жаңғырту» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізілді. Биыл 4 үкімет сағаты ұйымдастырылды. Онда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Комитеттер 50-ге жуық көшпелі отырыс пен дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды. Әріптестеріміз өңірлерде, оның ішінде шалғай ауылдарда жергілікті тұрғындармен 650-ге жуық кездесу өткізді. Сонымен қатар, биыл сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады», – деп қорытындылады Сенат төрағасы. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Конституциялық Соттың судьялары тағайындалды.