Ел азаматтарының банкроттығы туралы заң қабылданды
Ел азаматтарының банкроттығы туралы заң қабылданды
ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтің айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1600 АЕК-ке (шамамен 5 млн теңге - авт.) дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Ол үшін бірнеше шарт ескерілуі керек. Осы орайда банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 АЕК сомасынан аспауы тиіс. Соттан тыс банкроттық рәсімдері «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы іске асырылады. Екінші рәсімаясында 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.
Үшінші рәсімтөлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты. Онда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды. Жалпы банкроттықтың салдарына тоқталсақ, құжатта 5 жылға несие алуды шектеу ескерілген. Екіншіден, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, 3 жыл бойы адамның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Еске салсақ, жеке адамдарды банкрот деп жариялау рәсімі кезінде жалғыз баспананы қалдыру мәселесі Үкіметте және Парламентте талқыланатыны айтылды.