Жамбыл жаңалықтары

Балаларға қуаныш сыйлады

Балаларға қуаныш сыйлады

«Анаға тағзым» орталығы «Аялы алақан» атты жаңажылдық мерекелік кеш өткізіп, ерекше жағдайда туған балақайларды қуантты. Оларды өмірге әкеліп, бағып-қағып отырған ата-аналар да жақсы көңіл күйде болды. width=

Әлемнің бар жылуы – ананың ыстық алақанында. Өйткені ана «Құлыным, қошақаным, жарығым» деп баланың басынан сипаған сәтте алақан арқылы берілген қуат өмірге құштарлығын арттырып, ғаламды да өзгертуге шабыт береді. Ананың мейірімін сезінген бала ешкімді жатсынбайды, ештеңеден қорықпайды. Құдай сынақ беріп, мүмкіндігін шектеп қойса да өмірді сүюді тоқтатпайды. Оған бүгін көзіміз анық жетті. Қайырымдылық акциясына келген балақайлар орталықтың жас өнерпаздарымен бірге ән салып, би билеп, ертегі қойылымын бар ықыласымен тыңдады. Керемет кеш қызықтарына қуана қол соққанынан, кез келген нәрсеге бар ынтасымен ден қойып, өздерін барынша еркін ұстауынан олардың бойында өмірге деген құштарлық басым екенін аңғардық. Ерекше балаларын өбектеп, қас-қабағына қарайлап, жетелеп жүрген қайсар да қайратты аналарға бас имеске болмайды! Мерекелік кеш тек думандатып қана өткен жоқ, оған қатысқан әрбір отбасыға азық-түлік себеті сыйға беріліп, балаларға мерекелік тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді. Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар балалардың да өздерін қоғамға қажет екенін сезінсе деген оймақтай ой, таудай тілек болатын.

«AR-AI»-ақпарат