Жаңалықтар

Елдің амандығы – бәрімізге ортақ парыз

Елдің амандығы – бәрімізге ортақ парыз

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алматы қаласындағы жұмыс сапарының аясында Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысқанын естідік. Бұл шын мәнінде бейбіт күнде, ай мен күннің аманында жанынан айырылған бейбіт тұрғындармен біздің ұлтты қорғайтын оғландарымыздың еңбегіне берілген шынайы баға деп есептеймін. Отан үшін оққа ұшқан адал ниетті, ақ пейіл арыстарымыздың рухына бір минуттық үнсіздік жариялағаннан кейін, Президент өз сөзінде олардың мәңгі жадымызда сақталатынын, Отанның тыныштығын барын салып қорғау мен оны аялау әр азаматтың борышы екенін атап айтты. – Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді Мемлекет басшысы. Әрине қаңтар қасіретінің қайталанбауы үшін ұлт болып жұмылып, Отанымызды қорғау жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарумыз керек. Міне сонда ғана тыныштығымыз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болады.

Дидар АПБАСОВ,

жас ақын

Тараз қаласы