Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты.

Президент стеллаға гүл шоғын қойған соң қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Содан кейін Мемлекеттік гимн орындалды. Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі шараның еліміз үшін айрықша мәні бар екенін атап өтіп, қасіретті қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өткенін, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтіп, Алматыда «Тағзым» мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.

Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да, еліміз реформа жолымен ілгері дами беретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.

  Президент сонымен қатар қарақшыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін, нағыз батырлар – жұмысшылар, фермерлер, дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен оқытушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар деп атап өтті. Президент сөзін қорытындылай келе қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.

«Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналады. «Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.