ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ
ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ
Жуырда жобаны түсіндіру мақсатында «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында құрылған топ мүшелері Жетітөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Жиында ауыл тұрғындарына жобаның мақсаты мен несие алу жолы кеңінен түсіндірілді. Айта кетейік, топтың құрамында Гүлмира Серікмұратқызы, Нұрлан Дулатов, Айман Ақынбекова, Ұланбек Нұрманов, Жандос Бекенұлы және «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Ынтықбайұлы бар. Сондай-ақ кездесуге аудан әкімінің орынбасары Рахымғазы Құниязов, Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаев және Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ермұхамед Сүгірбеков қатысты. Кездесу барысында арнайы топ несиенің қайтарымы 2,5 пайызды құрайтынын және жұмыссыз отырған халықтың өз кәсібін бастауына жақсы мүмкіндік екенін атап өтті. – Мемлекеттің мақсаты – халыққа несие тарату емес, халықтың өз кәсібін бастауына жәрдемдесу. Екінші деңгейдегі банктер кәсіп бастау үшін төмен пайызбен несие бермейді. Мұндағы басты талап – берілген қаржы мақсатты жұмсалулы қажет, – деді топ мүшесі Гүлмира Серікмұратқызы. Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Рахымғазы Нұрғазыұлы пилоттық жоба шеңберінде 2021 жылы Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінің тұрғындары бес бағыт бойынша несие алып, тұрмыстық табысын арттырғанын атап өтті. Өз кезегінде мобильді топ мүшелері жеңілдетілген несие аларда тұрғындарға қойылатын талаптарға тоқталып, қазірден құжаттарын реттеу керектігін баса айтты.
Үміт МАДИЯРБЕК, журналист, Жуалы ауданы