Қоғам

ҚАРЫМЫҢ ҚАЛАЙ, "ҚАЗПОШТА"?

ҚАРЫМЫҢ ҚАЛАЙ, "ҚАЗПОШТА"?

Бала күнімізде Талас ауданы, Қызыләуіт ауылында біздің көшенің тұрғындарына газет-журнал мен хат-хабарды жергілікті жұртшылық арасында Әбден-Шәкен аталып кеткен, бізден 5-6 жас үлкендігі бар егіз жігіттер тарататын. Әлгі екеуінің қой аузынан шөп алмас момындығы мен тәрбиелілігіне ме, әлде газет-журналды уақтылы тарататын ұқыптылығына ма, әйтеуір үлкендер әр үйдің шарбағының есігіне газет-журнал қыстырып кетіп бара жатқан олардың соңынан ризашылықпен қарап тұратын. Өсе келе білдік қой, хат тасушы жігіттер сол кезде пошташылар болып жұмыс істейтін анасына көмектесіп жүріпті ғой.

ПОШТАШЫНЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ БҰРЫННАН АЗ

Шешемнің жұмыс орны да ауылдың поштасында болғаны есімде. Бастауыш сыныпта түскі ауысымда оқитын болғандықтан үйге қайтарда мектептің түбіндегі анамның жұмыс орнына баратынмын. Ол кезде молшылық па, әлде жұрттың пейілі кең бе, поштаның есігінен енген сәттен қызметкерлердің кез келгені айналып-толғанып, қалтамды «кәмпит-сәмпитке» толтырып жіберетін. Ал мен поштаға сол үшін ғана баратынмын. 8 жасымда анам поштадағы жұмысын тастап, отағасының шешімімен екеуі кеңшардың малын бақты. Оқушылар демалысында мал ауылға барғанда құм қойнауында орналасқан қыстаудағы қойшыларға дейін газет-журнал жем-шөп, су тасыған немесе малшылар ауылын аралаған кеңшар басшыларының көлігімен уақтылы жеткізіліп тұратын. Сондықтан шығар, ол кездің мал баққан шопанына дейін сауатты, көзі ашық еді. 11 жасқа толған кезімде Кеңес Одағы ыдырап елімізде аласапыран басталды. «Дефицит» дегеннің не екенін түсінбесек те осы сөз ел аузында жүрді. 13 жасымда ата-анам бес жыл баққан кеңшардың бір отар қойын санап беріп, ауылға көшіп келді. Елдің айлығы тұрмақ, жұмыс орнына дейін қысқарды. Кейінірек шешемнен: «Пошташылардың айлығы аз дейді ғой. Сіз ол жерде кім болып жұмыс істедіңіз? Жұмыстан айлығы аз болған соң шығып кеттіңіз бе?» – деп сұрадым. Сонда анам: «Мен Кеңес Одағы халықтарының жинақтарын сақтауға арналған, ел арасында «Сберкасса» аталып кеткен қаржы мекемесінде бақылаушы кассир болып еңбек еттім. Оның аудандағы бас кеңсесі Ақкөл ауылында орналасқан еді. Сол кезде біздің мекеме пошта нысанының бір-екі бөлмесін жалға алып, біз сол жерде жұмыс істедік. Пошташылардың ол кезде қанша еңбекақы алғанынан хабарсызбын. Бір білетінім, хат тасушылардың айлығы сол кездің өзінде мардымсыз, өзгелерге қарағанда төмен болатын. Бірақ ол кездің хат тасушылары «айлығым аз екен» деп міндетін жүрдім-бардым атқарған жоқ. Аз айлық алса да адал еңбек етті», – деді. Шешемді сол уақытқа дейін пошта қызметкері деп келген маған бұл тосын жаңалық болды. Десе де хат тасушылардың еңбекақысы әу бастан аз екенінен ертерек хабардар болуыма осы жайт себеп болған. Әйтсе де бұл мәселе қоғамда әлі шешімін таппай келе жатқаны таңғалдырады. Өзінің аты-жөнін атамауды өтінген бір шалғай елді мекеннің пошташысынан 0,3 жүктемемен хат-хабар тарататынын, еңбекақысы 42 мың теңге екенін білдік. Мысалы, одан басқа тағы бір пошташы 0,1 жүктемемен (ставка) еңбек етіп жүрген болса, оның айлық жалақысы қанша теңгені құрайтынын іштей топшылай беріңіз. Осындайдан кейін шығар кейбір пошташылардың өз жұмысына немкеттілікпен қарайтыны. Адам жүктелген міндетке салғырт қараса, қоғамда кереғар пікір туатыны айтпаса да түсінікті. Мысалы, кейбір елді мекенде газет біткенді жинап-теріп аптасына бір-екі-ақ мәрте тарату үрдісі әлі жойылмай келеді. Ал негізінде хат та, газет-журнал да келген күннен кешіктірілмей тұрғындар қолына тиюі шарт. Бұл тұрғыда үй-үйді аралап тоздырған аяқ киімін жаңалауға кейбір пошташының еңбекақысы татымайтыны анық. Сол үшін оған газет-журналды жиып-теріп тарату әрине, ыңғайлы. Осы орайда біз пошташылардың тыныс-тіршілігіне қаныға түсу үшін «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Самат Тоғызбаевпен арнайы жолықтық. Ол: «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының пошта тасымалдау қызметкерлерінің жалақы мөлшері штаттық бірлікке байланысты есептеледі. Одан бөлек өтеулі қызмет көрсету шартымен еңбек етіп жүрген пошташылар бар. Қалалық жерде пошташы тарифтік мөлшермен жалақы алады. Әрбір жеткізілген тапсырысты хат, газет-журналдар, жедел хаттар, тағы басқасы – олардың жалақысы. Мен «пәлен ставкамен жұмыс істейтін пошташы түген айлық алады» деп сізге мәлімет бере алмаймын. Өйткені бұл біздің ішкі құпиямыз», – деді. Аталған филиал директоры орынбасарының пошташылардың ең төменгі жүктемемен қанша айлық алатынын айтуға намысы жібермеді-ау деймін. Әйтпесе, бұл жасырып-жабатындай асқан құпия мәселе ме еді? Демек бұл ауылдық жердегі пошта бөлімшелері қызметкерлерінің ішінде тым төмен жүктемемен жұмыс істейтіндердің еңбекақысының қанша екенін айтуға ауыз бармайды деген сөз. Басшы орынбасарынан қанша сыр суыртпақтасақ та еңбекақы жөнінде шешіле сөйлеп, барын жайып сала қоймады. Тек сөз арасында кейбір пошташының жұмыс уақыты 2-3 сағат екенін, қалған уақытта оның бос болатынын айтып қалды. Бос уақытында ол басқа бір қосымша жұмыспен айналысса мейлі ғой. Бірақ мұндай мүмкіндік ауылдық жерде қайдан бола қойсын. Ел арасында «Қарап жүргенше осы жұмысты-ақ істей берейін» деген сөз сірә, осындайдан шықса керек.

КЕМШІЛІК ҚАЛАЛЫҚ ЖЕРДЕ ДЕ БАР

Негізінде еңбекақысы аз болғаннан кейін шығар, пошташының күнде көше аралауға құлқы бола бермейтіні. Бір айта кетерлігі, мұндай мәселе шалғай елді мекендерде ғана емес, облыс орталығы Тараз қаласында да бар. «AR-AI» газетінің облыстың түкпір-түкпірінде тұрақты оқырманы жетерлік. Одан бөлек өзінің қаламынан туған дүниелерді редакцияға жолдап тұратын тұрақты авторлар да аз емес. Қайнаш Құрманалы есімді сондай оқырманның бірі бізге газеттің өзі тұратын мекенжайға былтыр уақтылы жеткізілмегенін қынжыла отырып жеткізді. Ақ жаулықты әженің өкпесі орынды. – Т.Рысқұлов ауданында ұзақ жыл медицина саласында еңбек еттім. Қазір зейнеттемін. Жерлесім болғаннан кейін Қамар Қарасаева, Ардақ Үсейінова секілді қаламы қарымды сіңлілерім мен үшін мақтаныш. Оларды ауданда жүргенде сырттай жақсы білетінмін, мақалаларын үзбей оқитынмын. Жас журналистердің бірін облыстағы оқырмандар «AQ JOL», ал енді бірін «AR-AI» газеті арқылы таныды. Сол үшін де аталған облыстық екі газетті де Құлан ауылында тұрғанымда жаздырып алып оқып жүрдім. Кейін отбасыммен Тараз қаласына қоныс аударып, «Арай-2» алқабына көшіп бардық. Аталған газеттерді ауданда жүргенде үнемі жаздырып алып оқитындықтан, қалаға көшіп келген соң да солай болады деп ойладым. Былтыр да солай қос газетке жазылған едім. Сенсеңіз «AR-AI»-ды алты ай бойы бір мәрте де алғаным жоқ. Пошташы «AQ JOL»-ды да анда-санда жинап-теріп, үйге үйіп-төгіп бір-ақ әкелетін. Газет тасушыдан «Газетті неге уақытында жеткізіп бермейсіз?» деп сұрағанымда ол «Бұл алқапта осы газеттерге 1-2 адам ғана жазылған. Сол үшін бір-екі жазылушыға бола уақытымды жоғалтып, газет жарыққа шыққан сайын үй аралағым келмейді. Мына заманда газетке жазылып несіне бас қатырасыз? Қазір ешкім газет оқымайды. Өйткені ел жаңалықты интернеттен оқи салады» деді. Газетті уақытында және қолға ұстап отырып оқудың жөні бөлек. Егер газет оқырманға дер кезінде тимесе оның еш маңызы болмайды. Жағдай осылай болғаннан кейін газетке жазылуды қойдым, – деді зейнеткер Қайнаш Құрманалы. Негізінде «Қазпошта» халыққа түрлі төлемдер мен хат-хабар, газет-журналдар тарату секілді сан түрлі қызметтерді ұсынудың арқасында күнелтіп отырған мекеме. Мәселен, тек газет-журнал тарату ісіне қатысты сөз қозғайтын болсақ, соның өзінде бұл мекемеге қарата «күнелтіп» деп айтуымыз қарабайырлау көрінеді. Шын мәнінде бүгінде кейбір редакциялармен шарт жасасып, қалалық жерде курьерлікпен тиіп-қашып айналысатын майда-шүйде бірлі-жарым жеке компаниялардың бар екені рас. Олардың қасында «Қазпошта» өзімен теңесер бәсекелесі жоқ, алып шаһарлардан бастап еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда жұмысын бір өзі жүргізіп отырған ірі оператор. Жазылым кезінде тарату қызметі үшін газет-журналдың бастапқы бағасына өзінің үстемақысын қосып, пайда тауып отырған, нақты айтқанда, шалғайдағы ауыл-аймақтарды пошталық, қаржылық және агенттік қызметтермен қамтамасыз етуші ірі желілік құрылымның табысын аз деуге болмайды. Халықтан осылай ақша ала отырып, ұсынғандағы қызметі көңілге қонымсыз екені бұған дейін де аз айтылып, кем жазылған жоқ. Тіпті еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл бойы халық та, редакциялар да осы мәселемен алысып-ақ келеді. Баспасөзден түсетін қаражатқа күн көріп отырғаннан кейін олар керек болса өз табысы үшін, халық арасында газет-журналға жазылу жөнінде үгіт-насихат жүргізуге мүдделі. Сөйткен «Қазпошта»-ның қызметкерлері газет-журналды уақтылы таратпаса, ел арасында дәстүрлі БАҚ-ты емес интернет басылымды насихаттап жүрсе, онда бұл мекемеден не қайыр? Мына жағдай кімді болсын төбесінен жай түскендей етері анық. Жалпы аталған филиалда 212 құрылымдық бөлімше бар болса, оның 10-ы аудандық пошта байланыс торабы, 11-і орталық операциялау бөлімі екен. 23 қалалық және 161 ауылдық пошта байланыс бөлімшелері, 13 төлемдерді қабылдау пункттері мен 4 жылжымалы пошта байланыс бөлімшелері тағы бар. Ал филиалда 265 адам пошташы болып жұмыс істейді. «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мамандары газет-журналға жазылым бойынша «Арай-2» тұрғын алқабында биылғы бірінші жартыжылдықта абонемент саны 80-нен, екінші жартыжылдықта 50-ден асқанын айтады. Былтыр аталған аймаққа газет-журнал таратумен Лазерев есімді пошташы айналысқан көрінеді. Бүгінде ол жұмыстан шығып кеткен. Биыл бұл міндет басқа бір пошташыға жүктеліпті. Демек хат-хабар тасу ісінің биыл өзге біреуге жүктелуі тегін емес. Былтыр «Арай-2» алқабында газет-журналға қанша адам жазылғаны жөнінде де нақты мәліметке қол жеткізе алмадық.

КЕЙДЕ СӘЛЕМДЕМЕ ДЕ КЕШІКТІРІЛЕДІ

Негізінде пошташы тіркелмейтін және тапсырыстық пошта карточкаларын, тапсырысты хаттарды (оның ішінде МККО), бандерольдер, пошта жөнелтілімдері мен ақша аударымдарын алу туралы хабарламаларды, тіркелетін пошта жөнелтілімдері туралы хабарламалар, электрондық поштаны жіберу, газеттер мен журналдар, жарнамалық материалдар, зейнетақы қорларынан үзінді көшірмелер, шот-хабарламалар, адамдардың белгіленген санаттарына зейнетақылар мен жәрдемақылар, 2 килограмға дейінгі жөнелтілімдерді (тауарлық салымсыз) тиісті орынға уақтылы жеткізуге міндетті. Қалалық жерде пошташының тарифтік мөлшермен жалақы алу ретін тарқата айтар болсақ, мәселен, жедел тапсырысты пошташы иесіне дер кезінде тапсырса, ол үшін 250 теңге жазылады екен. Ал тапсырысты алушы тұрғынды әлдебір себеппен дер кезінде жолықтыра алмай, не тұрғын үйінде болмай қалып, тапсырысты екінші мәрте айналып барғанда қолына берсе ол үшін төленетін ақы – 150 теңге. Үшінші мәрте апарғанда жеткізіп берсе 100 теңге екен. Сол секілді әр газет-журналды тасығаны үшін жеке-жеке 10 теңге жазылады. «Қазпошта» АҚ-ның облыстағы мамандары ауылдық жерге қарағанда қалалық жерде пошташы әжептәуір табыс табатынын, өйткені ауыл пошташылары негізгі жалақымен жұмыс істесе, қалалықтар еңбекақыны тарифтік мөлшермен алатынын сөз еткен. Олар үшін газетке жазылушылардың саны көп болғаны, өйткені табысы соған қарай еселене түсетіні айтылған еді. Қалалық жердегі пошташылар ауылдықтарға қарағанда табысты шығар. Алайда олар неге өз жұмысына жүрдім-бардым қарайды? Қалалық жерде газет қана емес, пошта арқылы алдырған сәлемдеменің өзі тұрғындар қолына уақтылы жете бермейтін жағдайлар болып тұрады екен. – Бұл былтыр жаз айында болған жағдай. Бір зиялы кісінің өтінішімен Нұр-Сұлтан қаласынан кітап алдыруым керек болды. Еліміздің бас қаласынан сәлемдемені салып жіберуші пошта қызметін пайдаланды. Бірақ Таразға келгеннен кейін ол кітап ұшты-күйлі жоғалып кетті. Соңынан іздеу салғанымызда пошташы «тиісті мекенжайды дұрыс көрсетпегенсіздер» деп өзімізді кінәлады. Біз де бұл іс бойынша сотқа жүгінетінімізді айттық. Кейіннен ол кісі мекенжайдан шатасып, сәлемдемені бір мұғалімге апарып берген екен. Ол мұғалім кезекті еңбек демалысында болғандықтан, оның Таразға келуін күттік. Сенесіз бе, қолымызға дер кезінде тиюі тиіс дүниемен арада апта емес бақандай бір жарым ай өткенде қауыштық. Содан кейін пошта қызметіне сенімсіздікпен қарайтын болдым. Қазір қандай да бір затты өзге қаладан алдыратын болсақ, автобус немесе такси жүргізушілерімен келісіп, солардың қызметін пайдаланамын. Мекенжайдан шатасып жүрген пошташы сол кезде көпбалалы ана екенін айтып, жұмыс орнына шағымданбауымды қатты өтінді. «Болары болып, бояуы сіңгеннен» кейін райымнан қайттым. Газет бетінде менің де атымды атамай-ақ қойғаныңыз жөн. Себебі мына мақаладан оның басшылары менің аты-жөнімді оқыса, сол арқылы ол кісіні тауып алып жазалап жүрер. Біреуге зияным тимей-ақ қойсын, – деді бір әріптесім осы мақала жазылып жатқанда.

ЖАҢАШЫЛДЫҚ КЕРЕК-АҚ

Міне, ауылдық жерді айтпағанда, қаланың өзінде хат-хабар, сәлемдеме, газет-журнал тасу ісінде осындай олқылықтар бар. Самат Нұралыұлымен тілдесу барысында ол филиал тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараның негізгі мақсаты түрлі салада еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосып жатқан тұрғындардың әрбірін өз тараптарынан «Қазпоштаның» алуан түрлі қызметтерін пайдалануға шақыру екенін сөз еткен. Ал жоғарыда әріптесіміз айтқан пікірге сүйенсек оның пошта қызметін пайдаланудан беті қайтып қалғанын аңғаруға болады. – «Қазпошта» АҚ қарапайым, тапсырысты, құнды жазбаша және пошталық жөнелтілімдер жіберу, қомақты және ауыр салмақты жүктерді республика ішінде жөнелту мен жеткізу, арнайы байланыс, инкассация, жедел пошта қызметі (EMS қызметі), газет-журналдарға жазылуды рәсімдеу, сондай-ақ коммуналдық төлемдер, салық және басқа да төлем түрлері, ақша аударымдары, депозиттер қабылдау, халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеу, жеке және заңды тұлғаларға банк шотын жүргізу мен ашу, зейнетақы, еңбекақы мен әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қабылдау, несиелер (Банк ХоумКредит арқылы) төлеу, несиелік бюро, трансфер-агенттік бойынша қызмет түрлерін ұлғайтуда. Қазіргі таңда акционерлік қоғам жаңа қызмет түрлерін ұсынуда. Біздің мақтануға болатын жетістіктеріміздің бірі – Поштамат. Поштамат дегеніміз интернет-дүкендерде және каталогтардан тапсырыс берілген тауарларды беру терминалы. Тұтынушыларға арналған өте қолайлы, жылдам, уақытты үнемдейтін қызмет. Сонымен қатар ТМД-да алғаш рет қолға алынған «Сәлемдемелер супермаркеті» сынды пошталық қызмет түрлері, әуе және теміржол билеттерін сату, шетелден интернет – дүкен арқылы тапсырыс қабылдау және тағы басқа жаңа қызмет түрлері бар. Өздігінен қызмет көрсететін жаңа форматтағы «Сәлемдемелер супермаркетінің» 11 құрылымдық бөлімдері Тараз қаласы (2), Мойынқұм, Сарысу, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Қордай аудандарында орналасқан орталық операциялау учаскелерінде ашылып, іске кірісті. Сәлемдемелерді алу үшін, клиент трек нөмірін және ұялы телефонының нөмірін супермаркетте орналасқан арнайы терминалдың экранында тереді. Терминал керекті сәлемдемені жүйеден тауып, орналасқан сөресі, қатары және ұяшығының нөмірі жазылған талонды береді. Клиент бөлмеге кіріп, талон бойынша сәлемдемесін сөреден өзі алады. Шығарда клиент төлқұжатын кассадағы операторға көрсетіп, сәлемдемені тексертіп, ақысын төлейді. Бұдан бөлек акционерлік қоғам бойынша Post.kz порталы жұмыс істейді. Аталған портал арқылы мемлекеттік мекемелердің қолданысындағы гибридті электронды пошта қызметі қолданыста. ГЭП дегеніміз – бұл алаң абоненттік жәшік нұсқасында, электронды түрде іске қосылып, керекті хаттар мен хабарландыруларды, мемлекеттік органдар өкілдері арасындағы құжаттарды жеткізуге арналған. Бір ерекшелігі бұл электронды пошта egov электрондық үкімет жүйесімен біріктірілген. Сондықтан мемлекеттік қызметтерге тапсырыс беруден бастап, құжаттардың түпнұсқасын пошта арқылы жеткізу сияқты кешенді форматта қызмет ұсынады, – деді С.Тоғызбаев. Ол аудан орталықтары мен ауылдарда пошта байланысы бөлімшелерінің қызметін жетілдіру жұмыстары да жүргізіліп жатқанын сөз етті. Мұндағы басты мақсат – сапалы қызмет көрсету жоспарына сәйкес ауыл тұрғындарын уақтылы жергілікті газет-журналдармен қамтамасыз ету. – Аудан орталығы мен Тараз қаласы бойынша аптасына 6 рет, ауылды аймақтарға аптасына 4 рет поштаны тасымалдау, жеткізуге қол жеткіздік. Сондай-ақ қазіргі таңда газет-журналдарға онлайн түрде Post.kz сайты арқылы жазылу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ауыл тұрғындары арасында қаржылық қызметтердің ішінде зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы мен еңбекақы төлемдері бойынша қызметтерді қолдану деңгейі басым. Тұтынушылардың басым көпшілігі үлкен жастағы зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылар болғандықтан, оларға ыңғайлы болуы үшін ауылдық пошта бөлімшелеріне Post-терминал құрылғыларын орнаттық. Бұл құрылғы арқылы тұрғындар зейнетақы, еңбекақы мен әлеуметтік жәрдемақыны жылдам алу мүмкіндігін пайдалана алады. Облыс деңгейінде Post-терминал құрылғыларымен қамту үлесі 90 пайызды құрады. Алдағы жылда мұндай озық үлгідегі жабдықпен облыс аумағын түгел қамтимыз. Айту керек, «Қазпошта» АҚ бүгінде айтарлықтай өзгерді. Қазіргі таңда «Қазпошта» бөлімшелері арқылы несие рәсімделуде. Поштаның көлемі де қарқынды түрде артып келеді. Облысымыз бойынша күніне 7 000-ға жуық сәлемдеме, 3 000-ға жуық хаттар, 9 000-ға жуық газет-журналдар жеткізіледі. Компания қазіргі таңда күрделі реформалар кезеңіне қадам басты. Ақпараттық технологиялар, ғаламтор және басқа да заманауи коммуникация құралдары дәстүрлі пошта қызметтеріне бәсекелестік тудыруда. Пошта қызметтерінің желісі жаңа сапалы даму деңгейіне көтерілуде, бұл мемлекет үшін маңызды стратегиялық мәнге ие. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Осындай бәсекелестік заманында «Қазпошта» АҚ-да жаңа заманауи технологияларды дамытып, халыққа көптеген жаңа қызметтер ұсынуда. Бүгінде поштаның басты міндеттерінің бірі – қызметтер сапасын көтеру, пошта жөнелтілімдерін жедел жеткізу, бақылау мерзімін қысқарту, тұтынушылардың ойынан шығатын жаңа қызметтерді енгізу, – дейді Самат Нұралыұлы. Мынадай жаңа қызметтердің жүйеге енгені қуанарлық жағдай. Біз осы жаңашылдықтардан хабардар болғаннан кейін ұрымтал сәтті пайдаланып, «Газет-журналға жазылуды неге онлайн түрде ұйымдастырмасқа?» деген сауал қойдық. Мәселен, қазір «Kaspi Bank» қаржылық ұйымы тұтынушылардың жағдайын жасап тастаған. Мобильді қосымша арқылы ұсынылатын сан түрлі қызмет түрлері бар. Дүкен иелерінен қарызға тауар алудан бастап, салық түрлері мен айыппұлға дейін онлайн төлей бересің. Сол секілді осы банктің немесе «Қазпоштаның» жеке мобильді қосымшасы арқылы оқырманға газетке-журналға жазылу ақысын онлайн төлеуге мүмкіндік жасалса, бұл халыққа өте ыңғайлы болар еді. Халықтың қалаған басылымға пошта бөлімшесіне бармай-ақ жазылуына не кедергі? Біз С.Тоғызбаевтан бұл мәселенің бүгін-ертең жүзеге асатын іс емес екенін естігенде қайран қалдық. Ол «Қазпошта» қызметін көбіне егде адамдар пайдаланатын болғандықтан, «біз қызмет түрін солардың ыңғайына қарай ұсынамыз» деп сырғытпа жауап қайтарды. Тұтынушылармен де санасу керек шығар, бірақ заман талабы мен өркениет көшінен қалу істі кері тартатыны анық. «Қазпошта» осыны қаперге алса игі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ