ТӘУЕЛСІЗБІН! ЕГЕМЕНМІН! ЕРКІНМІН!
ТӘУЕЛСІЗБІН! ЕГЕМЕНМІН! ЕРКІНМІН!
Ұлан-ғайыр даламда, Азатпын деп үн қатамын ғаламға, Қандай бақыт жусаныңа аунаумен, Жалаңаяқ жүгіргенім жағаңда. Кереқарыс маңдайымдай кең жерім, Сенсің менің – таусылмайтын ертегім. Қандай бақыт жаңбырыңа малынып, Балшығыңды балпаң-балпаң кешкенім. Шыңыңа да шыққым келіп өрлеймін, Қанатымды Құдай жаққа сермеймін. Тамырымды тереңіңе жібергем, Күн өзімде, жарық шашам сөнбеймін. Қасиетіңді қаныма құй, бер маған, Қара өлеңге ұйып тұрсын жер-жаһан, Күн-желіннен сәуле сауып идірткен, Жерден нәр ап, жапырақтанған мен болам. Айтылмаған ой кісінеп түсімде, Армандарым айға ұлып тұр ішімде Жұтамын кеп Тәуелсіздік ауасын, Жұта алмаған бабаларым үшін де. Айға сөйлеп Құрманғазы күйінде Күнге аттанғам жалындаған күйімде «Тәуелсіздік, Қазақты Сүй», деп тұрмын, Алты қанат Ақ Ордалы үйімде.
Жұлдыз БЕЙСЕК
Тәуелсіздікке тағзым!О, еркіндік, құшағындай ғаламның, Зар мен кекті сүйіншісі заманның. Мен… тарихи бас сүйектер жиналып, Болашаққа бал ашқанда жаралдым! Дәуір тепкен дулығалы құл тағын, Ханға айналды халықжанды ұрпағың. Сен… қазақ деп кісінеттің майданнан, Мәйіттердің мініп қайтқан тұлпарын. Желтоқсаннан аламын деп ақыңды, Періштелер қанға қанат батырды… Жауың тұрмақ Жаратқанға жеткізген, Ата-бабам Алашым деп датымды! Жүрісінен тәй-тәй басқан таңдардың, Еркіндік пен еркелікті аңғардым. Жер-ананың жанарынан мөлт етіп, Нәубеттердің нүктесі боп тамған күн. О, Бостандық, пейішіндей пендеңнің, О, Азаттық, парызындай ерлердің. Құрбан шалып тілеп алған Құдайдан, Ғасырлардың кенжесі боп сен келдің! Енді, міне, әдіре қап кек пен мұң, Мәңгілігі мәресіне жетті елдің. Мен сондықтан саған жыр боп тәу етем, Әруақтардың арманында кеткен күн!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Егемендік – ел арманыҚол жетіп еркіндікке – ел арманы, Халқымның табылғандай жоғалғаны. Аз жылда қыруар іс атқарылды, Тарих куә болады оған-дағы. Елбасымыз елдің сол құтты шағы, Сайланды, кең ашылып жұрт құшағы. Азат күндер айбынды болсыншы деп, Бекіттік рәміздерді – ұлт нышаны. Салған соң халық тынбай барын тағы, Нәтиже жақсылықпен жарылқады. Байлығымыз көл-көсір болсын деген, Ниетпен бекіттік төл валютаны. Тәртібі жоқ елді әркез қайғы баспақ, Ұлт қамы үшін игі бір жайды бастап. Тәукенің жарғысындай баршаға ортақ, Қабылданды Ата Заң айбыны асқақ. Дәулетіне сәулеті жарасқан, ә, Бір ауыздан, түспестен таласқа да. Елбасының мүддесі жүзеге асып, Бой көтерді Арқаға жаңа Астана. Тізе берсе игі істер сарқылған ба? Жарқын кештер ұлассын жарқын таңға. Әлі талай абырой еселенер, Аман болса қымбат жұрт алтыннан да. Елдің басын сүйреген төрге дейін, Батыр баба ерлігін жөн көрейін. Құламасын жалауы еркін күннің, Егемендік, асыра бер ел мерейін!
Әсел БҰРАЛҚЫ
Азатпын!Мен азатпын, мен азатпын, азатпын! Туды осылай жар салатын ғажап күн. Қабырғасын қақыраттым қайғының, Тар құрсауын таптап өттім тозақтың. Тәуелсізбін! Егеменмін! Еркінмін! Келешекке қадам басып, жең түрдім. Жер жүзіне жігерімді танытып, Күн астында қанат қағып, серпілдім. Аман қалып аждаһадай ғасырдан, Барша жұрттан айбынымды асырғам. Осы күнге жету үшін бабамның, Боз далада басы қалды шашылған. «Ақтабан» боп аңырадым, аһ ұрдым, Ұлтым үшін жау атандым, атылдым. Ырысымның кетпеуі үшін уыста, Қылышымның ұшына қан қатырдым. Тереземді тең қылам деп әлеммен, Дәуірлердің кеудесінен зар емгем. Қасиетті бабалардың кешегі, Қасіретін жазып кеткем өлеңмен. Сәбирамның айырбастап ғұмырын, Ләззатымның қиып бердім бұрымын. Қайрат болып қайратымды қазық қып, Лақтырғанмын бодандықтың құрығын. Содан бері мен азатпын, азатпын! Туды осылай жар салатын ғажап күн. Қабырғасын қақыраттым қайғының, Тар құрсауын таптап өттім тозақтың.
Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ
ТЕҢДІК ҮНІҚанды жебе қадалған Тұран дала, Соқтықпалы жолдары тұрған дара. Дауалаған жүректер мен тәуекелдің, Бүгінгі сарқыншағы өзің ғана. Қойныңда жатыр білем көп қасірет, Ғасырға сіңген үн бар «тоқташы» деп. Теңдік үшін қан мен жас пора болған, Жабысқанда жат елдің ноқтасы кеп. Еске түссе езіліп, жылар ішің, Ал еркіндік – бүгінде қуанышың. Қаншама шейіт болған батырлар бар, Қазіргі қазағымның тұрағы үшін. Қарғып өткен қаншама егестерден, Болашағы байланысты белестермен. Алты Алаштың айбыны әлі де асқақ, Жігері құм емес-ті белдескеннен. Құндылығы санаған өр намысын, Ізгілікпен астастырған тұнған ісін. Кеудесінде қуаныш ұрпағының, Дүниеде «қазақ» боп туғаны үшін.
Ғалия АБЫЛАЙ
«Тәуелсіздік – халқымның асқақ мерейі»Бабалардың ұлы аманат, бөлшегі, Қымбат нарқы, бағасы мен өлшемі. Қазақ елі – бүгінгі күн танымал, Тәуелсіз ел, дербес, азат, еңселі. Тәуелсіздік дәмін таттық тамсана, Жан мен қанын беріп батыр қаншама, Қорғап қалды шаршамастан, талмастан Ұшқан құстың қос қанаты талса да. Салтанатпен бүгін нұрын жайса күн, Жоғалтумен талай боздақ, жайсаңын. Желтоқсанда шаш сүйреліп, жан берді, Күресумен қайсар қыз бен қайсар ұл. Өткен күннен мұзды ызғар еседі, Қиындықтар – тарихтар ғой кешегі. Ата-баба аңсағаны өтелді, Тәуелсіздік – айқын дәлел, есебі. Тәуелсіздік – Тәңір құты түскен күн, Тәуелсіздік – шын нышаны күшті елдің. Тәуелсіздік – тұғыр, тірек қашанда Ол бар кезде күллі әлемде, үстеммін! Тәуелсіздік – қамсыз ұйықтар бөбегім, Тәуелсіздік – шырқалатын өлеңім. Тәуелсіздік – таудай биік тұлғалар, Халқым сыйлап, елім жақсы көретін. Тәуелсіздік – қыран құсым самғаған Тәуелсіздік- таусылмайтын арман ән Тәуелсіздік- тәу ететін құндылық Үміттерді мақсаттарға жалғаған.
Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ
Азаттықтың арқасыАңсары ауып аспанға, Самғайды қыран асқарда. Арқарлар еркін жортады, Биік шыңдар мен ақ қарда. Болмаса жайы кетер ед… Басы ауған жаққа тастар да… Желтоқсан келді ендеше, Бір соғып өткен жел кеше. Жадында сол күн сақталып, Қазақтың қалды өлгенше. Ұғындыр желдің ызғарын, Сол сәттің суық мұз-қарын. Лақтырған еді-ау, аяусыз, Ләззаттай асыл қыздарын. (Ұға ма ұрпақ бүгінгі, Ызғардан қалған із барын?!) Сүйретіп қазақ жігітін, Бояған қанмен күні-түн. Қоқысқа тастап қарменен, Көмкере салған тірісін. Суырылып шыққан қазақты, Соққыға жығып қырған-ды. Әперген бізге азаттық, Қайраттан өлең, мұң қалды. Қазақ деген аты бар, Жиырма бесте жасы бар. Жарқылдаған ерлер ед… Бір қауым елді асырар. Құрбандық болған еліне, Еске алып жүрміз егіле. Өлмесе солар келер ед.. Ердің бір жасы елуде. «Зұлматтың көзі құрысын, Тәуелсіз болсын тынысың. Алдыңнан шықсын жарқырап, Елім-ау, бақ пен ырысың!» – деп, жанын қиған Ләззат бар, Тарихты бүгін тағы ақтар, Солардан терең сыр айтып, Сөйлесін үнсіз парақтар. Әперген ерлер еркіндік, Жігерің қайда, серпіл жұрт. Арының қайда тұлпардай, Бойыңды ұста еркін, тік! Жүрегің тола жас жалын, Бүркеме ойдың астарын, Тіліңмен қазақ тіліп айт, Айтылар сырдың шаш бәрін. От болар мынау шақ біздің, Тұлпарды ертте, тарт тізгін. Арқыра қазақ, жарқыра, Біріктір басын үш жүздің! Дәл қазір нағыз жас шағың, Шығатын биік асқарың. Жер басып жүрсің арман не? Боданы болмай басқаның. Арманға барар жол алда, Дес берме қайғы, зар-мұңға. Тіл менен дінді нық ұста, Бой бермей асау тағдырға. Туған жер, тілің, тағдырың, Қымбат қой білсең әр гүлің. Сол Тәуелсіздіктің арқасы ед, Атадан қалған ән-жырың, (Мақтаныш болған әр күнің). Алтыннан қымбат ұрпағың, Жіберме шетке бір талын. Өз елің менен жеріңде, Әніңді еркін шырқағың. Жоғалтпа қазақ мұраңды, Сұралар бәрі, сұраулы. (Ұрпағың ертең сұрайды) Жан қияр ерлер болмаса, Мына өмір қалай құралды? Шайқалтып алма бағыңды, Абыройың менен арыңды. Тыныштық мәңгі мұратың, Сөндіріп алма шамыңды!
Әсел НАЗАРАЛЫ
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРСЫЗЖан сақтаудың қамын күйттеп жағындық, Колбинге де көкеледік, табындық. Желтоқсанның жастарының арқасы, Бөтен ұлтқа бағынудан арылдық. Бірі кетіп, алға басты бір ісім, Ашылғандай болды енді тынысым. Азаттықтың таңы атты бүгінде, Тәуелді боп өмір сүрген құрысын. Тәуелсіздік — қанша күтті ел сені, Қазақ үшін құны артық, өлшемі. Әулиеатаның ортасынан орын ап, Ескерткіші Қайраттың тұр еңселі. Ешбір жүрек қалмаған-ды сыздаусыз, Болмасыншы бүгінгі жас тұрлаусыз. Солып жатқан жоқ бүгінгі қызғалдақ, Желтоқсанның желі қазір ызғарсыз. Артқа тастап зұлмат күндер азабын, Қайта оралды қуаныш пен базарың. Майдан кешіп, желтоқсанда оққа ұшқан, Құтты болсын, тәуелсіздік қазағым! Тұмшаланып, тұманданып тұр дала, Жүрегімді жыр кернеді сыздана. Төле бидің көшесіне түсіп ап, Құшақ гүлін алып барад бір бала...
Елдар БОРАНБЕК
Азаттық! Қарт тарих, жорға сынды желген уақыт, Уыңды талай тұлғам көрген татып. Азаттық! Сен біз үшін бағалысың, Қайраттың қаныменен келген бақыт. Батырды ұл-қыз демей туады елі, Қазақтан аулақтасын мұң әуені. Азаттық! Аналардың көз жасы мен Ләззаттың ерлігінің куәгері! Азаттық! Таусылмайтын жыр-әнімсің, Сен менің мойнымдағы тұмарымсың. Елімнің маңдайына бақ боп қонған, Сен менің лаулап жанған шырағымсың!
Амангелді ЕРЖІГІТ
Тәуелсіздігім-ау, тәттім-ау!Тәуелсіздігім-ау, тәттім-ау, Болмысыңда зор бақ тұр-ау! Қазақ деп соққан жүрекке, Сәулелі үміт жақтың-ау! Тәуелсіздігім-ау, тәттім-ау, Жүрек жарылар шақ мынау! Қилы да қилы тарихтан, Ақыры сені таптым-ау! Тәуелсіздігім-ау, тәттім-ау, Арайлы таң боп аттың-ау. Құлдықтың қара қақпасын, Қайтып ашпастай жаптым-ау! Тәуелсіздігім-ау, тәттім-ау, Салтанат құрар сәт мынау! Азат қазақтың жеріне, Мәңгілік қазық қақтың-ау! Тәуелсіздігім-ау, тәттім-ау, Әр әрпіңде от тұр-ау! Сол оттан, бәлкім, еріді, Кешегі тоң мұз, ақ қырау. Тәуелсіздігім-ау, тәттім-ау! Ақиқаттығыңда жоқ қылау. Жар астында жау жоқ емес, Бәрібір керек сақтық-ау!..
Зеберкүл ШАРДАРБЕКОВА
Желтоқсан желі болмасын енді ызғарлы«Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені,
Желтоқсан желі ызғарлы».
Желтоқсан желі ызғарлы енді болмасын, Жылынсын нұрға, ешқашан ешкім тоңбасын. Тәуелсіздік пен тыныштық мәңгі сән құрып, Еліме енді баянды бақыт орнасын. Желтоқсан желі болмасын енді ызғарлы, Мұңайтқан ұлды, жылатқан талай қыздарды. Егемендіктің көгінен сәуле төгіліп, Ерітсін түгел қайғыдан қатқан мұздарды. Желтоқсан желі болмасын енді қаралы, Әлі де содан көңілі көптің жаралы. Оқиға орнын көргенде қанға боялған, Жүректер сыздап, жанардан жастар тамады. Желтоқсан желі болмасын енді шуақсыз, Кешпесін елім өмірді мақсат, мұратсыз. Бұдан да жарқын болады біздің болашақ, Тәуелсіздікті бағалай білсек бірақ біз. Қасірет қашық, аспаны ашық елімнің, Қызыл қан емес, қызыл гүл беті жерімнің. Жақсылықтардың жаршысы болып жанса екен, Тұтанған бүгін шырағы үміт, сенімнің. Желтоқсан айы болмасын енді тұманды, Жып-жылы желі көңілден қусын күмәнді. Сеніммен басып жүрейік әрбір қадамды, Сезіммен шырқап мереке жайлы жыр-әнді. Желтоқсан желі ызғарлы енді болмасын, Нұрымыз оңып, гүліміз еккен солмасын. Бабалар аңсап, азаппен зорға қол жеткен, Азаттығымды Тәңірім мәңгі қолдасын!
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
Бір талмын!Самалмен тілдесіп,мұң шалдым, Көктемнің әні боп шырқалдым. Аспанға тік қарап өсетін Мен биік бір талмын. Тамырым тереңде тарқаған, Жел келіп соғады Арқадан. Күндерді қорқумен өткізгем Орақ пен балғадан. Кең дала – Тұранда тұрағым, Көкке өрлеп өсу тек ұраным Жапырақ – жанымның жалауы, Тілекшім – қыраным. Бүршігім бүр жайған тұстамын, Қара жер түбінен ұстадым. Ақ бұлттар сырласым,мұңдасым, Хабаршым – құстарым. Қапталым – құмырсқа қаптаған, Тыныштық бермейді, қап, маған! Жерімді үнсіз кеп үйіліп, Аяусыз таптаған. Саямды паналар адамдар, Мен – талмын, адамдар, қараңдар, Күн – әпкем, түн – ағам егіздей, Табиғат анам бар. Бұтақтар – кең жайған құшағым, Құшақпен әлемді құшамын. Сыбырлап сыңғырлы дыбыспен Мен көкке ұшамын.
Ақерке ӘБДІКӘРІМ
Тәуелсіз елдің ұлымынТарланы менмін тәуелсіз елдің бүгінгі, Әнге қосамын ашық аспан мен күнімді. Құлақ сал маған, шегі жоқ мына бар ғалам, Тыңда табиғат өзіңнен алған үнімді. Қазағым менің отыз жыл міне бақытты, Алашым қанша күттің-ау осы уақытты. Қарамас ешкім түнеріп енді төбемнен, Жүремін еркін, басам жерімдей жақұтты. Еңсесі биік, көзінде от бар халқымның, Қуанам қайта оралғанына салтымның. Халқым аман боп, тәуелсіздігім тұрғанда, Керегі қанша аттың басындай алтынның. Жырлай беремін, бостандығымды мәңгілік, Шырқасын елім менімен бірге ән қылып. Бірлігі таймай, бауырмал болса қазағым, Әлем төріне шығамыз әлі жаңғырып.
Серіжан ТЕМІРБЕК