Жастар

АУЛА КЛУБЫ АРҚЫЛЫ АУЫЛЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

АУЛА КЛУБЫ АРҚЫЛЫ АУЫЛЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

Азаттықтың ақ жолында жанын пида еткен ата-бабаларымыздың арманы бүгінде орындалды. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ бақытты.

Ұлы мақсаттарға ұмтылған, ешкімге тәуелді болмай еркін ғұмыр кешуді көксеген бабаларымыз да бостандық үшін баз кешті. Бірақ олар жеке басының қамы үшін қан төкпеді. Ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ жерімізді жаудан сақтап, дұшпаннан қорғап, тілімдей жердің талан-таражға түсуіне жол бермей болашақ ұрпаққа аманаттауға өз өмірлерін арнады. Бабалар аманаттаған ұлы даланың бүгінгі ұрпақтары, егеменді еліміздің жалынды жастары халық ісіне араласып, мемлекет мүддесі үшін тер төгіп жүр. Тәуелсіздігімізді алып, азаттыққа қол жеткізген алғашқы жылдары дүние есігін ашқан сол кездегі сәбилер биыл 31 жасқа толып отыр. Сол кездегі шақалақ бүлдіршіндер бүгін тәуелсіз мемлекетімізбен қатар өсіп-өніп, дамып келеді. Әртүрлі салада өз мамандықтарының шебері атанып, халқына қалтқысыз қызмет етуде. «Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін?» деген қағидаға сүйенсек, кәсібіне орай нәсібін тауып, жемісті еңбек етіп жүрген жастың бірі – Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық Аула клубының «Ақпараттық жүйе» үйірмесінің жетекшісі Айдана Өзігелдиева. Ол 11 жылдан бері осы қызметін абыройымен атқарып, мәдениет саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Тәуелсіз Отанымыздың көркеюіне инедей болса да үлес қосқан қазіргі қаракөздеріміздің өнебойына Мәншүк, Әлия, Ләззат, Сәбира апаларымыздың ерлігіне тән патриоттық рухтың сіңгеніне сенімдіміз. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген батыр Бауыржан атамыздың айтқан нақыл сөзі ұрпақ жадында ұран ретінде қалыптасуға тиісті. Айдана меңгерген мамандығының білікті ұстасы. Аталмыш үйірмеге жетекшілік етіп, Аула клубы арқылы ауыл жұртшылығына сапалы қызмет ұсынып, халық игілігі үшін қабырғалы іс тындыруға септігін тигізіп отыр.

Ауылдың мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне, өскелең жастардың, бүлдіршіндердің клубтағы түрлі үйірмелерге қатысып, олардың жан-жақты жетілуіне күш-жігерін салуда. Өзінің жетістіктері де аз емес. Мысалы, «Дарабоз» оқу орталығы ұйымдастырған республикалық «Үздік тәрбие сағаты» байқауында бас жүлде иеленген. Талапты замандасымыз өзін «Тәуелсіздіктің құрдасы» деген атқа лайықты ұстауға тырысады. Адалдық пен әділдікті мінсіз бағалап, бүгінгі бейбіт күн үшін күрескен батыр ата-апаларының алдында борыштар екенін сезінеді.

Нұржан ӘЛІШ,

Сарысу ауданы