Мәдениет

Жаз-ата мен Ер-ана

Жаз-ата мен Ер-ана

Рафаэль Ниязбектің «Шопан ата Жазылбек Қуанышбаевтың мектебі» атты ұзақ толғауының кіріспесінде: Шопан ата! Күнің жоқ нұрлы өтпеген, Сонан ба екен, құлпырып қыр көктеген. Кең далама орнадың мектеп болып, Барша жұртың қараған құрметпенен. Құрметпенен қарайды көкте күн де, Нұры сенің жатқандай от деміңде... Боз көйлекті боз Өмір өркен жайды Шопан ата! Сенің сол мектебіңде. Қос қанатын айдынға таласа ұрған, Дәріс алған шәкірттер Мектебіңнің – Жүректері емес пе аласұрған. Ойлы көзбен үңілген өткеніне, Абыз шалсың жайғасқан көк төріне. Алатаудай ақиық бола білдің Алтын сарай салынған бөктеріне. Жеттің, ата, жетпеген арманыңа, Сұм тағдырдың ілінбей қармағына. Омырауыңа тағылған Алтын жұлдыз Сәуле шашып келеді бар маңыңа! – деп жырлағанындай, былтыр ғана 125 жылдығы кеңінен аталып өткен, кезінде ерен еңбегімен ел құрметіне ерекше бөленген, сол уақытта бүкіл Кеңес Одағында даңқы дүрілдеп шыққан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жаз-ата, Жазылбек Қуанышбаев – қазақ жұртының мақтан тұтар тұлғасының бірі. Мерейтойына орай, халқының қадірлісі атанған ардақтымызға арналып «Жалпақ жұрттың Жаз-атасы» атты көркем безендірілген көлемді кітап (құрастырған Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Мақсат Сейдалиев) жарық көргенін де айта кетейік. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ол кісімен қанаттас, қатарлас жүрген, нағыз шәкірті атанып артынан ерген, жолын қуып, табысқа жеткен тағы сегіз Еңбек Ері бар. Олар – Көпбай Тоқбаев, Шынжарбек Өскенбаев, Құрманәлі Дайырбеков, Сәмек Көшеков, ұжымшар басқарған, қой фермасына жетекшілік еткен Керім Шалабаев және Ділдаш Итбасова, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев. Әрине, малшылар маршалының бұлардан өзге де ортасынан қара үзіп шығып,тамаша істерімен танылған жүздеген ізбасары болғаны белгілі. Мәселен, олардың ішінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған шопандар – Мешітбай Қойшыбековтің (халық қалаулысы атанған тұста Кеңес Одағы парламентарийлері делегациясының құрамында Австралия, Исландия мемлекетіне сапарлап барған), Нұржамал Туғанбаеваның (Жоғарғы Кеңестің «Жастар ісі жөніндегі комиссиясының» мүшесі болған), Күлзада Тілеубаеваның есімдерін де атап өткеніміз дұрыс. Мына өткен ғасырдың жетпісінші жылдары түсірілген суретте Жазылбек Қуанышбаев пен оның өнегелі шәкірті, «Айдарлы» кеңшарының аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып сайланған, «Қазақ КСР-нің мал шаруашылығына еңбегі сіңген шебері» атағының иегері Ділдаш апа Итбасованың елге арналған еңбектің ең алдымен абырой биігіне жеткізетіні туралы әсерлі әңгімені комсомол-жастарға айтып тұрған сәті бейнеленген. Жазекең жайында көптеген мақала, очерк, тіпті кітаптар да жазылғаны, деректі фильмдер түсірілгені, әндер де шығарылғаны қалың жұртқа мәлім. Ділдаш анамыз жөніндегі белгілі ақын, кезінде республикалық «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан» ) газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі ретінде бірнеше жыл жемісті қызмет істеген, марқұм Жақсылық Сәтібековтің өлеңінен мына бір үзіндіні берумен осы әңгімемізді аяқтасақ дейміз: Деп ойласаң: «Құмда қалай бәрі әсем», Тағы айтайын (мен де құмның баласы ем). Мойынқұмды Ділдаш болып түсін де, Берекесін Ділдаш болып сана сен! Берікбай ҚАДЫҚОВ, журналист