Тәуелсіздік күнін атап өтті
Тәуелсіздік күнін атап өтті
16 желтоқсан – тарихы тереңде жатқан халықтың жаңа заманда өз алдына егемен ел болған күні. Бұл мереке 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» Заңды қабылдауынан бастау алды. Ғасырға бергісіз отыз жылдан сәл астам уақыт ішінде еліміздегі барлық сала дамудың даңғыл жолына түсті. Оның ішінде, құқық қорғау саласы да қарқынды дамып, түрлі реформаларды бастан өткенді. Нәтижесінде, жабық мекемедегі арнайы контингенттің құқықтары мен талаптары заң аясында қорғалып, олардың қоғаммен байланысы үзілген жоқ. Бүгінде түзеу мекемелеріндегі сотталған азаматтарда мемлекеттік және ұлттық мерекелерді атап өтіп, өздерін толыққанды осы елдің азаматтары ретінде сезінуде. Тәуелсіздік күніне орай өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер арасында бұқаралық спорттың бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырылды. Атап айтқанда, арқан тарту, қол күресі, үстел теннисі сынды спорт түрлерінен өзара сынға түсті. Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай шаралар сотты болғандардың қоғаммен байланысын арттырып, тезірек түзелу жолына түсуіне зор ықпал етеді. - Егемендік алғалы елімізде барлық сала ілгеріліп, толысты. Мұндай жетістіктерді ҚАЖ саласынан да байқауға болады. Мәселен, бүгінде сотты болғандардың құқықтары ерекше назарға алынған. Сондай-ақ олардың отбасы мүшелерімен, қоғаммен байланысына айрықша көңіл бөлінуде. Жазасын өтеушілер әрбір мерекені өз ортасында атап өтіп, мәдени-спорттық іс-шараларға қатысуда. Соның нәтижесінде олардың түзелу жолына тезірек түсуі байқалады. Жуырда ғана мекемедегі сотталғандар Тәуелсіздік күнін тойлады. Бұл күні бұқаралық спорттық жарыстарда өзгелерден оқ бойы озық шыққандар марапатталды, - деді мекеме бастығы, әділет подполковнигі Нұржан Кузембаев.