БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ МЕКТЕП ПЕН ОТБАСЫНЫҢ ОРНЫ
БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ МЕКТЕП ПЕН ОТБАСЫНЫҢ ОРНЫ
Іс-шараны мектеп директоры Күләш Абдуллаева алғы сөзімен ашып, бала өмірінде ата-ана мен мектеп тәрбиесінің маңызды екенін атап айтты. – Баланың бас ұстазы – ата-ана. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөз бар. Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана – отбасының ұйытқысы, жылуы. Ата-анаға баладан артық ешкім жоқ. «Бала – адамның бауыр еті» деген сөз бар. Сондықтан қай ата-ана болмасын баласының білімді, парасатты, мәдениетті, тәртіпті, әдепті болуын қадағалайды. Әрбір баланың мінез-құлқы ата-ананың жағымды іс-әрекетінен үлгі алуы барысында, өскен ортасында, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана – бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көретін айнасы. Отбасы мен мектеп, ата-ана мен педагогтердің қарым-қатынасы бүгінгі жағдайда маңызды болып отыр. Өйткені әр оқушының тұлға болып қалыптасуы, өскелең ұрпақтың дамуы мен тәрбиесінің табысты болуы көптеген жағдайда аталған мәселелерге байланысты. Ұзақ уақыт бойы мектеп негізгі тәрбиеші, ал отбасы оның көмекшісі және одақтасы деп саналып келгені даусыз. Отбасы – руханияттың бесігі. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюінің себептері – отбасындағы тәрбие, баланың шамадан тыс бос уақытының көп болуы, ата-ана тарапынан бақылаусыз қалуы, мінез-құлқындағы өзгерістер. Сондықтан қоғамды дамыту үшін әрқайсымыз, өз бойымызда құқықтық сана мен жігерді шыңдауымыз керектігін өмір көрсетіп отыр. Ендеше бүгінгі «ашық есік күніне» келіп отырған ата-аналардың назарына отбасы тәрбиесі мен мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатында ұстаздар дайындаған шеберлік сабақтарын ұсынбақшымыз, – деді Күләш Мұхтарқызы. Әр топқа топтасқан балалар кабинеттерге бөлініп, іс-шара бағдарламасы бойынша тәрбие сағаттары, «Достарым, байлығым» мейірімділік акциясы, оқушылардың шығармашылық көрмесі өтті. Ал ұл-қыздарының мектептегі өміріне қызыққан елуге жуық ата-ана өз қалауларымен сабақтарға кіріп, ұстаздардың сабақ өткізу әдістерімен танысты. Шапағат ӘБДІР