Жамбыл жаңалықтары

507,8 МИЛЛИАРД! КЕЛЕР ЖЫЛҒЫ БЮДЖЕТ КІРІСІ ЖАРТЫ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖОСПАРЛАНДЫ

507,8 МИЛЛИАРД! КЕЛЕР ЖЫЛҒЫ БЮДЖЕТ КІРІСІ ЖАРТЫ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖОСПАРЛАНДЫ

Жыл басынан облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отыр. Жалпы 11 айдың қорытындысы бойынша, біздің облыс республика бойынша бестікке кірді. Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Атап айтқанда, биылғы 1-жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім 1057,4 миллиард теңге – 103,1 пайызды, экономикалық өсім 105,7 пайызды құраған. Сонымен бірге өнеркәсіп – 110,6, ауыл шаруашылығы – 106,1, инвестиция – 103,5, құрылыс – 101,6, тұрғын үй көлемі – 100, сауда – 104,1, көлік – 101, байланыс 101,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Өзіндік кірістер жергілікті бюджетті 108,2 миллиард теңгеге қамтамасыз еткен. Жоспар 112,9 пайызға орындалып, бюджет қаражаттарының игерілуі 97,5 пайызға орындалыпты. Ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында 2019 жылдан бастап елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Аталмыш жоба аясында 3 жылда 93 ауылда 332 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 30 білім нысаны, 23 спорт, 23 мәдениет, 10 денсаулық сақтау, 37 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жөнделіп, құрылысы жүргізілсе, 332,4 шақырымды құрайтын 209 ауылішілік көше жөнделіп, 3 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен, көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 63,3 пайызды құрады. Бүгінгі күні жоба аясында іске асырылып жатқан 149 жобаның 98-інде жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 33 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Ал 18 жобаның құрылысы келесі жылға өтпелі. Ал алдағы жылға 79 ауылда 9,6 миллиард теңгені құрайтын 250 жобаны іске асыру жоспарлануда. Әлеуметтік көрсеткіштерге тоқталған Нұржан Сәбитұлы облыс әкімінің «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» жобасына қатысты берген тапсырмасына сәйкес биылға жоспар 6,2 мың орын болып белгіленсе, тек 11 айдың қорытындысымен жоспар 2 есеге асыра орындалып, 12,5 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын хабарлады. Бұдан бөлек 68,8 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, оның ішінде 27,2 мыңы жастар екенін атап өтті. Осы жылы 8,6 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 474,7 миллион теңгеге 8 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозуы 52,4 пайыздан 38,8 пайызға дейін төмендеген. Медициналық техникамен жабдықтау деңгейі 87,5 пайызға кеміп, осы мақсатта жергілікті бюджеттен бөлінген 2,7 миллиард теңгеге қажетті медициналық құралдар, 12 санитарлық автокөлік алынып, жабдықтау деңгейі 90,9 пайызға жеткен. Бұдан соң Нұржан Календеров 2023 жылға арналған облыстық бюджет кірістеріне тоқталды. – Алдағы жылға облыстық бюджет кірісі 507,8 миллиард теңге сомасында жоспарланды, бұл 2022 жылғы нақтыланған сомадан 49,1 миллиард теңгеге немесе 10,7 пайызға артық. Өзіндік кірістер бойынша жоспар 53,2 миллиард теңге сомасында жоспарланып, 2022 жыл ғы нақтыл анған с омад ан 1 миллиард теңгеге немесе 2 пайызға артық қарастырылды. Оның ішінде салықтық түсімдер – 49,2 миллиард, салықтық емес түсімдер – 3,9 миллиард, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 20 миллион теңге сомасында күтіледі. Жергілікті атқарушы органдар атқарған жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы облысқа республикалық бюджеттен 454,7 миллиард теңге сомасында қаржы бөлу қарастырылған, бұл 2022 жылғы нақтыланған сомадан 48,1 миллиард теңгеге немесе 11,8 пайызға артық. Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді ескермегенде облыстық бюджеттен 267,5 миллиард теңге сомасында шығындар жоспарланды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20,8 миллиард теңгеге немесе 8,4 пайызға артық. Жыл соңына дейін мемлекеттің қолдауы арқасында барлық жоспарларымызды орындап, белгіленген көрсеткіштерге жетеміз, – деді баяндамашы. Сонымен бірге 2022 жыл қорытындысымен өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі – 10, ауылшаруашылығы – 8, құрылыс – 0,4, пайдалануға берілген тұрғын үй – 0,9, негізгі капиталға салынған инвестиция – 0,1, сауда – 4,3 пайызға, көлік – 1,5, байланыс 2 пайызға артады деп күтілетінін, бұл халықтың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартып, өңірдің экономикалық жағдайын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Баяндамашы брифинг соңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Айжан ӨЗБЕКОВА