Мәдениет

ҚАЗАҚ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

ҚАЗАҚ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Ол кезде Үшарал ауылында тұрамыз. Ауылдағы Талас асыл тұқымды мал зауытының, оның директоры Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты Әбдір Сағынтаевтың атағы Одаққа танылып, аспандап тұрған кезіміз. Бір күні: «Ойбай, ауылға Мәскеуден Фахир деген үлкен кісі келе жатыр. Өзі осы ауылдың тумасы екен. Әкесі Рахманқұл өңірге белгілі қожа. Кеңес өкіметі кезінде белсенділердің қудалауынан көп азап шеккен дейді. Мынау соның ұрпағы» деген әңгіме гуледі.

Фахир ауылға, елге сәлем бергелі келмек. Олай болатыны өзі осы ауылдың тумасы. Мектепті әуелде Үшаралда оқып, кейін Ақкөл ауылында бітірген. Фахирдың ағасы Шахафутдин совхоз директорының кадр жөніндегі орынбасары. Естуімізше облыс, аудан көлемінде беделді қызметтер атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Оң қолының саусақтарының кемістігі бар. Жіңішкелеу, ақ сары, көзі көкшіл, шашы қайратты ағамызды біреулер: «Ойбай, несін айтасың, директорға бағынбайды екен» деп әңгімелеп жататын. Бағынбайтыны інісі Фахирға арқа сүйейтіндігінен шығар. Әрі сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Садуақасовтың күйеу баласы дейді. Әлгі әңгімені естігеннен соң Шахафутдин көкемізден інісі жайлы сұрастырдық. Мақтанған жоқ. «Әбекең (Әбдір Сағынтаевты айтады) Мәскеуге барған сайын жолығысып тұрады. Отбасымен араласады. Сірә, содан кейін туған елге келіп, аунап-қунап қайтпайсың ба, деген шығар» деді де қойды. Біз де кішкентай адамбыз. Бар болғаны совхоз клубының меңгерушісімін. Межелі күні Фахир ағаны да көрдік. Жұқалтаң, ақ сары жүзді, орта бойлы, шашы қалың, көзі көкшілдеу екен. Жүзі жылы. Бауыры болған соң ба Шахафутдин екеуінің түр-түсі ұқсаңқырап тұр. Сол жолғы көруім біріншісі және соңғысы болып шықты. Фахир аға туралы сұрастырып жүреміз. Өйткені ол кісі Мәскеуде қызмет атқаратын санаулы қазақтың бірі. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында марапаттау бөлімінде қызмет жасайды деп естиміз. Әбдір ағамыз бір сөзінде біздің ауылдың малшыларының орден-медальдарға қарық болуы Фахирдың арқасы деп айтып отырды. Жалпы Әбдіхалықтар әулеті Алланың шапағатына бөленгенін кейін білдім. Ақкөлде орта мектепті бітірген соң өзінің еті тірілігінің арқасында 1944-1945 жылдары Талас аудандық партия комитетінің екінші хатшысының көмекшісі қызметін атқарып, содан партияның қолдауымен Алматы қаласындағы сол кездегі Киров атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға қабылданады. Ағасының арқасында сол кезде Қазақ КСР министрлері кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бөлесімен танысып, сол үйде жатып оқиды. Сол үйде Дінмұхамедтің інісі Асқармен жолдас болып, екеуі кейіннен туған бауырдай болып кетеді. Фахир аға өзінің сексен жасына арнап шығарған мемуарлық кітабында Қонаевтар әулеті жайлы тебірене жазады. Сол кездің өзінде Димекеңнің үлкен парасат иесі екенін қимастықпен еске алады. Жатқан үйлері үлкен кісінің туған әпкесінің шаңырағы. Асып бара жатқан дүниесі жоқ, қарапайым ғана тұратын әпкесінің үйіне демалыс күндері Дінмұхамед, Асқар жұбайларымен келіп шүйіркелесетінін айтады. Сол үйде қазақтың біртуар ұлы Төлеген Тәжібайұлымен де танысады. Төлеген Димекеңмен қатты жолдас, сыйлас. Одан екі жас үлкендігі бар. Терең білімді, ақылды адам. Қазақта: «Жолдасыңды көрсетші, кім екеніңді айтайын» деген мақал бар. Содан-ақ алыптардың бірін-бірі сыйлауын, бірін-бірі құрметтеуін білуге болады ғой. Жалпы Төлеген Дінмұхамедтің алдында Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Екеуінің қызметте өсу жолдары ұқсас. Фахир Төлегеннің Қазақстанның тұңғыш Сыртқы Істер министрі қызметін атқарғандығын, сөйтіп Қазақстандағы бұл ведомствоның негізін салушылардың бірі болғандығын қызықты деректермен баяндайды. Қазақ деген ұлтты сыртқа танытамын деп ең алғаш рет шетелдерде елшіліктер ашуға батыл кіріскенін де Фахир мақтанышпен әңгімелеп, қазақтың осындай асыл ұлдарының сөзін естіп, тәрбиесін алғаны өмірімнің күрт өзгеруіне әсер етті деп жазды кітабында. Ал енді Димекең болса әр келген сайын Фахирден елдің амандығын сұрап отырады екен.  width= Жақсылардың қамқорлығын көріп өскен Фахир сол кісілердің арқасында жоғары оқу орынын тәмамдасымен Оқу министрлігіне кадр бөлімінің инспекторлығына қабылданады. Әрі жазуға, ғылымға бейімі бар екенін танытып, көп уақыт өтпей осы министрліктегі баспаның редакторлығы қызметіне жоғарылайды. Білімге құштар, ынталы жас жігітті Оқу министрі А.Сенбаевтың ұсынысымен, Димекеңнің демеуімен Қазақстан үкіметі Фахир Рахманқұлұлы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына қызметке жіберіледі. Сөйтіп ауылда өскен қазақтың қаршадай баласы жақсылардың шапағатының арқасында Мәскеуде үлкен қызмет атқарып, Димекеңнің үмітін ақтағанын әркез айтып отырады екен. Үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын Фахирды үйлерінен орын беріп, тамақтандырып, киіндіріп, оқуын бітіртіп, одан кейін қызметке орналасуына әкелік қамқорлығын жасаған Димекеңді ол өле-өлгенше құрметтеп кетті. Сол үйдің бір ұлындай болып кеттім деп жазады ол кітабында. Димекеңнің әкесі Меңліахмет өте ақылды, кемеңгер, абыз ақсақал деп қалам тербейді. Жазатыны – ол да Фахирды «балам» деп кетіпті. Димекеңнің анасы қаңлының қызы еді. Ол да мейірімді жан еді дейді. Бір сөзбен айтқанда Қонаевтар әулеті нағыз зиялы текті әулет болды. Қарапайым өмір сүрді. Қызмет қуған жоқ. Сол жылдары университет қабырғасында жүріп, өмірлік жары Гүлжәмиламен отау құрды. Келіншегін Дінмұхамедтің әпкесінің үйіне әкеліп бетін аштырды. Солардың батасын алды. Кейін Мәскеуде тұрғанда да Димекең Фахирдың шаңырағында болып дәм-тұз татып жүрді. Кейде өзімен бірге Қазақстанның сол кездегі басшыларының бірі Жұмабек Тәшеновті де ерте келетін. Жұмекең Димекеңдей бойы биік, кең кеуделі, басы кемел ақылға толы, өткір адам еді деп жазады Фахир өзінің кітабында. Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген жылдары сол кездегі тәртіп бойынша Одақтас республикалардың басшыларының бірі ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқа отырысын басқарып жүрді. Сондай мәжілістің бірінде Жұмабек Тәшеновтің жасаған ерлігі жайында Фахир белгілі журналист, марқұм Мақұлбек Рысдәулетке берген сұхбатында былай деп айтыпты: «Төралқа мәжілісінде құқықтық мәселелер талқылануы керек болатын. Алайда Бас прокурор Руденко кешігіп келмей жатты. Шамалауымша бес минут кешігіп келді-ау деймін. Кешірім сұрап отыра беріп еді. Жұмекең тақ ете қалды. «Сіз неге кешігіп келдіңіз? Әлде күн тәртібіндегі мәселені талқылауға дайын емессіз бе? (Руденко орнынан тұрып ақтала бастап еді, сөйлетпеді) Сіз дайын емессіз. Мәжіліс ертеңге қалды. Ертең кешікпей дайындалып келіңіз!» Қадап, нығырлап айтты да, мәжілісті таратып жіберді. Кейін айтамын ғой: «Жұмеке, оныңыз не, жанып кеткен ешнәрсе жоқ ғой. Мәжілісті бір адамның кешігіп келуіне байланысты таратып жіберу тарихта болмаған шығар» десем: «Ол мені менсінбей тұр ғой, «қазақ» деп тұрғаны. Осындайда күш көрсетіп қоймасаң, танымай кетеді» деп жымиған. Жалпы Жұмекең аса дарынды, елін сүйетін азамат еді». Жұмабек Тәшеновтің Мәскеуге келіп жүрген бір сапарында Димекең бастаған біраз белгілі адамдардың ортасында болған әңгіме де Фахирдың есінде қалыпты. Елдің бір топ зиялы азаматтарының қолқалауымен Жұмекең КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын алып беру жөнінде әңгіме қозғап, Төралқаның отырысына сол кездегі КСРО Қорғаныс Министрі, Кеңес Одағының маршалы Коневті қабылдауына шақырады. Көп мәймөңкелемей Коневке ұсынысын айтады. Ұлы Отан соғысы кезінде қолбасшылық дарынымен Сталиннің өзін мойындатып. Берияны өз қолымен атқан Конев Тәшеновті менсіне қойсын ба: «Менің уақытым жоқ» деп орнынан тұрып шығып кетіпті. Бұл әңгімені естіген Қонаев Жұмабекке: «Әй Жұмеке, Конев көрінгенге алдыра беретін адам емес қой. Оның үстіне жасы үлкен. Қызметі де осал емес. Оны кабинетіңе емес, жекелеу жерге шақырып сыйлауың керек еді» депті. Өте орынды ақыл ғой. Бірақ асау, тарпаң мінезді Жұмабек 1960 жылдары КСРО-ның сол кездегі «Патшасы» Никита Сергеевич Хрущовтан айылын жимай: «Сіз бес облысты Ресейдің қарамағына бере алмайсыз. Өйткен жағдайда дербес Одақтас республиканың Ата Заңына сүйеніп, мен Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданамын» депті. Оның бұл өрлігіне Дінмұхамедтің өзі тәнті болған. Осындай алыптардың тәрбиесін көрген Фахир да Мәскеудегі ірі тұлғалармен төменшіктенбей тең сөйлесіп, қызмет атқарысты. Өзі кітабында жазғандай Жоғарғы Кеңестің Төрағасы К.Ворошиловтан бастап осы қызметті атқарған Подгорный сияқты нарқасқалармен қызметтес болды, сыйласты. Тіпті Жоғарғы Кеңес Төралқасының хатшысы Михаил Георгадзе және Кеңес Үкіметінің басшыларының бірі Анастас Микоянмен тонның ішкі бауындай араласып, сыйласып өтті. А.Микоянның өзі шетелдерге сапарға шыққанда Фахирды да ресми делегацияның құрамына қосуы сол сыйластықтың арқасы болу керек. Әрі ол құрметке де Димекеңнің себі тиді деп жазады Фахир. Димекең де Иранның шахы Реза Пехлевимен, Мысырдың Президенті Гамаль Абдель Насермен Алматыда өткен кездесулерде Қазақстанның делегациясының құрамында Фахир да болып, басқосуға қатысыпты. Осының барлығы Димекеңнің Фахирға деген құрметімен болған жайттар ғой. Фахир Дінмұхамед Қонаев пен Өзбекстанның сол кездегі бірінші басшысы Шараф Рашидов екеуінің достығы мен сыйластығының ерекше екендігін қимастықпен еске алады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында табан аудармай 32 жыл қызмет жасаған Фахир Рахманқұлұлы туған елінің экономикасы мен әлеуметтік салаларына қатысты түйінді мәселелерді шешуде аянып қалған жоқ. Жан жолдасы Гүлжәмила Жұмабекқызы Нұрбекова адал жар бола білген ана. Ол да жасынан өзінің біліктігімен, зеректілігімен ортада оза шауыпты. Шымкент қаласында орыс орта мектебінде оқып жүрген кезінде қаладағы қазақ мектебінде математика, физика пәндерінен сабақ беруі соған дәлел. Атағы әлемге әйгілі академик Өмірбек Жолдасбеков оны өзінің алғашқы ұстазы санапты. Жалындаған жас қыз Гүлжәмила облыстық комсомол комитетінде қызмет істеп жүргенінде республикалық Жоғары партия мектебіне оқуға аттанады. Оны бітірген соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым және жоғары оқу бөліміне қызметке жіберіледі. 1957 жылы Орталық Комитеттің шешімімен Мәскеудегі СОКП Жоғарғы партия мектебіне оқуға түседі. Соны көріп, аңғарған Димекең де ағалық қамқорлық көрсетіп, Фахирды Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасына қызметке жіберуінің бір сыры осында жатса керек. Гүлжәмила апай Мәскеудегі алып қорғаныстық маңызы бар құпия зауытта партия комитетінің басшысы болып жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп Мәскеу Ұлттық университетінің тарих факультетіне аспирантураға түсіп 3 жылдан соң оны бітіріп, соңында тарих ғылымының кандидаты атағы үшін диссертация қорғайды. Диссертациясының тақырыбы «Қазақстан әйелдерінің Ұлы Отан соғысы жылдары өнеркәсіптегі ерен еңбегі», «Қазақстан әйелдері – майданға» деп аталады. Бір отбасынан шыққан екі тарихшының бірі ғылым жолын таңдаса, екіншісі саясатпен айналысты. Жалпы Әбдіхалықовтар әулеті шеттерінен алымды болып өсті. Мысалы, оның інісі Низами Рахманқұлұлы Қазақ Политехникалық институтын бітірген кен инженері еді. Қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш инженердің бірі ретінде ол да өзінің білгірлігімен, ұйымдастырушылық қабілетінің күштілігімен еврейлерді мойындатқан маман болды. «Қаратау» тау-кен комбинатында Шейн, Недагон, Фрид сияқты басшылар оның іскерлігін мойындады. Тіпті оның есімін айтпай «хан» деп атайды екен. Олай деп атайтыны Низами өзге ұлт өкілдеріне қазақты басындырмаған. Өте өткір, білімді жан болған. Бірақ дұшпандары да аз болмапты. Ол басқарған кеніш жоспарды асыра орындап атағы Одаққа танылып тұрған тұста сол кездегі басшылар Низами Рахманқұлұлын Социалистік Еңбек Ері атағына ұсыныпты деген де әңгіме бар. Бірақ отбасындағы келеңсіз жағдай оның бақытына байлау болып, шың басынан құзға бірақ түскен. Білетіндер інісінің қылығын естіген Фахир оны қорғаудың орнына «қолымен істегенді мойнымен көтерсін» деп кесіп айтқан деседі. Осыдан-ақ Фахирдың өте адал адам болғанын осы күні аңыз ете айтады білетіндер. Бірақ бұл әулеттен белгілі тұлғалар шықты. Соның бірі Шахафутдиннің баласы Фархат Шахафутдинұлы Әбдіхалықов Мемлекет басшысының Өкімімен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметіне дейін өсті. Қазір зейнетте. Фархат өзіміздің Талас ауданындағы осы күнгі Бөлтірік шешен ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің түлегі. Низамиді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өте жақсы біледі екен. Оны іскер басшы деп бағалаған. Бұл әңгімені Әбдіхалықовтар отбасының туысы Шымкент Рысқұлбектің өз аузынан естідім. 1992 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткенде Шымкент те сол басқосуға қатысыпты. Шетелден келген қандастар Д.А.Қонаевтың жиынға қатысуын өтінген. Жиналыстың ашылуына 10 минут қалғанда залға Димекең кіріп келгенде қатысушылар тік тұрып қол соқты. «Мен алдыңғы қатарда отыр едім. Димекең менің жаныма келіп жайғасты. Амандасып жатырмыз. Бір үзілісте ол кісі менен қай өңірден келгенімді сұрастырды. «Қаратауданмын» деп едім: «Ол жерде Низами деген жігіт қызмет жасаушы еді. Білесің бе?» деп сұрады. Жүрегім аузыма тығылған мен оны танитынымды, бізге туыс екендігін айтқанымда Димекең: «Низамиға, оның отбасына сәлем айтарсың» деді ерекше ықыласпен. Өкінішке орай ол кезде Низами өмірде жоқ еді. Оны ашып айта алмадым. Осыдан кейін Димекеңнің Әбдіхалықовтар әулетін ерекше құрметтейтінін сездім. Әрине, бәрі де Фахирдың арқасы ғой. Фахир Рахманқұлұлы өсіп-өнген әулеттің ұйытқысы бола білді. Зайыбы Гүлжәмила Жұмабекқызы 25 жыл бойы М.Ф.Ломаносов атындағы химия технологиясы институтында қоғамдық ғылымдардан дәріс берді. Олардың үлкен қызы Гауһар медицина ғылымының кандиданты. Мәскеуде медицина академиясында сабақ береді. Ал, кіші қызы Ақмарал Қазақстанның бірінші басшысы болған Жұмабай Шаяахметовтің Айдар деген ұлына тұрмысқа шыққан. Айдар Біріккен Ұлттар Ұйымында жауапты қызмет атқарды. Ақмарал да сонда қызмет еткен. Ал ұлы Асқар Англияның бір үлкен компаниясының бас директоры. Ірі кәсіпкер. Біздің білуімізге қарағанда Фахир ағамыз 95 жасқа қараған шағында қайтыс болып, Мәскеуде жерленді. Ал асыл жары Гүлжәмила өткен жылы дүниеден озды. Өмір жолдары өнеге тұтарлық, қазақтың абыройын асқақтатып жүрген Әбдіхалықовтар әулеті жайлы әзірге бар білеріміз осы.

Сәулембай Әбсадықұлы, Халықаралық «Ұлт мақтанышы» атағының иегері