Руханият

Қабанбай батыр қайда жерленгені анықталды

Қабанбай батыр қайда жерленгені анықталды

Қабанбай батыр қайда жерленгені белгілі болды. Бұл туралы ұлы қолбасшының 330 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Қатысушылар зерттеуші Серікбосын Сайдағалидың сөзіне сілтеме жасап, XVIII ғасыр картасында Ресейдің географиялық аймағы бейнеленгенін айтады. Онда Қабанбай батыр кейінгі жылдары өмір сүрген және жерленген деген ұлыс көрсетілген. Батырдың шын аты Ерасыл екені белгілі. Ерлігі мен батырлығы үшін ел оны Қабанбай батыр атаған. Абылай хан заманында оның дарабоз батыр даңқы шыққан. Ол 15 жасында жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті. Ғылыми ортада Қабанбай батырдың жерленген жері туралы бірнеше нұсқалар бар. Біреулер оны Астанадан 30 шақырым жерде, енді біреулер Қызылорданың тұсында жерленген дейді. Тіпті, оның бейіті Қытайда дейтіндер де табылады. Ал батырдың сегізінші ұрпағының өз уәжі бар.

"Мен - Қабанбай батырдың тікелей ұрпағымын, сегізінші буын өкілімін. Сондықтан мен нақты білемін. Біздің ата-бабамыздан, ауыздан ауызға тараған дерек бойынша батырдың жатқан жері Шығыста - Алакөлдің жоғарғы жағасы, Жоңғар қақпасының сол жағында. Атақты батыр 103 рет шайқасқа қатысып, үнемі жеңіске жеткен. Соңғы жекпе-жекке 78 жасында, қайтыс боларының алдында шыққан", - деді Қабанбай батырдың ұрпағы Ұлықпан Сыдықов.