ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН»
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН»
Ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған ұлтымыздың тарихы тұтас күреске арналды. «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы» дейміз ғой. Әйтсе де мұны осы жолда төгілген тер мен аққан қанның, жазықсыз жапа шеккен ұлт жанашырларының, жетім-жесірдің көз жасының, ұлттық болмысымыз бен тіліміздің, дініміздің сақталып қалуына барын салып бас көтерген, ұлт зиялылыры мен көсемдеріміздің еңбегінің, ниетінің өтеуі деп ұғынғанымыз жөн. Асылында, елім деген ерлердің адам төзгісіз тағдыры, кешегі қуғын-сүргін құрбандары, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан көтерілісі, бәрі-бәрі тәуелсіздік деп аталатын асқақ арманға талпыну жолы екенін бүгінгі ұрпақ қаншалықты бағалайды? Әрбір қазақстандық осыған назар аударуы керек. Өйткені мұндай қастерлі, қасиетті ұғымның астарына үңіліп, құнды құжаттың бағасын білу – әрқайсысымызға парыз. «Әділетті Қазақстанға» бет бұрған бүгінгі қоғамның жастары мемлекетіміздің тартысқа толы тарихына, түпкі тамыры тәуелсіздік жолындағы халық трагедиясына немқұрайды қарамайды деген үміттеміз. «Өткеніңе топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дейді дана халқымыз. Азаттықты аңсаған, «елім деп еңіреп, етігімен су кешкен» кешегі тәуелсіздік құрбандарының ерлігін бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі жаңғыртуымыз керек. Ілгері замандарда халықты жаудан қорғап, жерімізді дұшпандардан сақтаған, тарихта аты алтын әріппен жазылған батырларымыз көп-ақ. Ерліктері тарих пен шежіреде аңыз болып айтылатын батырлар жырының басты кейіпкерлері бала кезден жадымызда жатталған. Сол секілді әр заманның батырлары өз кезеңінде тарих тақтасына тәуелсіздігімізді қанмен жазып кетті. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертте сөйлеген сөзінде «Біз – талай сынақтарды бастан өткерген халықпыз. Дегенмен басына бақ дарыған елміз, қайсар бабалардың ұрпағымыз. Ұлы дала елі ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр ғайыр атырапты мекендегені жер жүзіне мәлім. Біз – ата-бабамыз аманат еткен Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасы, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан дарқан даланың заңды мұрагеріміз. Қазақтың байтақ жері – бабадан қалған ең асыл қазына. Бұл – қазақ жері. Атадан балаға мирас болған кең даланы сақтап қалу оңайға тиген жоқ. Баһадүр халқымыз небір жаугершілік замандарда еркіндік үшін қылыш сермеп, бодан болған қиын кезеңдерде бостандықты аңсап өткені жасырын емес. Кешегі Алаш арыстарының да игі мұраты – егемендік еді», деген болатын. Отыз жылдан аса ел басқарып, тарихымызды түгендеп, шекарамызды шегендеп, тәуелсіздігімізді тұмардай сақтап келген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін тілге тиек еткеннің сөкеттігі болмас. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқае та тәуелсіздігіміздің баянды болуына айрықша мән береді. Мәселен, Мемлекет басшысы былтырғы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жазған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бас мақаласында: «Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арманмақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет. Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр», деген еді. Расында да тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығы еліміз үшін үлкен сындарлы кезеңге толы болды. КСРОның ыдырауынан кейінгі мемлекеттің іргетасы өз алдына қайта қаланған кезең халық үшін де, жаңа билік үшін де оңайға соқпады. Қылышынан қан тамған қызыл империяның келмеске кетуі 70 жыл бодандықтың қамытын киген қазақ елі үшін үлкен олжа еді. Бір айта кетерлігі, әлемді қыспаққа алған сол кездегі қаржы дағдарысы мен Қазақстанның тәуелсіздік алуы тұспа-тұс келіп, халықтың «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» күн кешуіне тура келді. Нақты айтқанда, мемлекеттік жоғары қызметтер мен кез келген саладағы ұлты өзге білікті кадрлардың тарихи отанына қайтуы салдарынан істің жайын білетін мамандар тапшылығы туындады. Оның үстіне жекешелендіру саясатының алғашқы кезеңі дұрыс жүргізілмеуінен ауылдық жердегі балабақша, мәдениет үйі, дүкен секілді әлеуметтік нысандардан бастап ұжымшар-кеңшарға дейін болмашы тиынға сатылып, бір кездері ауыл көркі болған ғимараттар жермен-жексен болып, оның орны топырақ үйіндісіне айналды. Көпке ортақ болған дүние-мүлік жеке қолға өткеннен кейін талан-таражға түсті. Жұмыссыз қалған ауылдықтар қалаға қарай жөңкіле көшіп, жұртта қалған бос үйдің үңірейген терезелері жүректі ауыртты. Қалалық жерлерде де ірі-ірі кәсіпорындар мен фабрикалар, зауыттардың дені өз жұмысын тоқтатса, кейбірі жұмысшыларға еңбекақы тауып бере алмады. Ауылда да, қалада да жұмыссыз қалған жұрт «екі қолға бір күрек» іздеп, сеңдей соғылды. Халық жан бағуы үшін ала дорба арқалап, жаппай базар жағалады. Әйтсе де қиындыққа мойымады, шыдады, төзді. Міне, бұл өткеннің еншісіндегі халық бастан өткерген қиындықтар. Басқа түскен сынаққа шыдамай, туған жерін тастап, өзге елге ауа көшпей, сол кездегі сын-қатерге төтеп берген халыққа билік әуелі алғыс айтуы керек. Жоқтықты жандүниесімен сезінген қарапайым халықтың сол кезде әділдік іздеп көшеге шығып кетпеуінің, билікке қарсы шеру ұйымдастырмауының артында тәуелсіз мемлекетке, болашаққа деген үлкен сенім тұрғанын ұмытпауымыз керек. «Қазақ өз алдына ел бола алмайды» деп алақан ысқылаған маңайдағы елдердің аузына құм құйылуына халықтың төзімділігі мен сенімінің, мемлекет ұстанған саясат арқау болды. Әрбір қазақстандық үшін тәуелсіздіктің құны қымбат екені осыдан-ақ аңғарылады. Осындай аумалы-төкпелі заманда бақытты күн кешудің жолын табу елге де, Елбасына да оңай тимеді. Халық та, билік те қол қусырып қарап отырмады. Бір-біріне болысты. Мемлекет тарапынан шекарамызды шегендеу, төл теңгемізді айналымға енгізу, Конституциямызды қабылдау, рәміздерімізді айшықтау, ұлттық қорғанымыз Қарулы Күштерімізді құру, қауіпсіздігімізді күшейту жұмыстары жүргізілді. Жаңадан тәй-тәй басқан жас мемлекетіміздің саяси бағыты жаңғырып, экономиканың күретамырына қан жүгірту қолға алынды. Ішкі жағдайымыз түзеліп, тұрақтылығымыз нығайды. Сыртқы саясатты жүргізуде де көрегендік таныттық. Құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған ұлттық экономикамызды тығырықтан шығарудың амалын ойластырып, ірі-ірі реформалар жүзеге асырылды. Сауатты, сарабдал саясат ұстанудың арқасында 1997 жылы Қазақстанның қай бағытпен жүретінін, нені мақсат етіп, қандай межеге ұмтылатынын айқындайтын «Қазақстан-2030» атты ұзақ мерзімді даму стратегиясы дүниеге келді. Ұлы мақсат жолында тер төгу аяғымыздан нық тұруға арқау болды. Тәуелсіздіктің екінші 10 жылдығында да елімізде елеулі оқиғалар орын алды. Осы белестің алғашқы жылы Қазақстанда «Автомобиль жолдары жылы» деп жарияланды. Ұлттық экономика тұрақты өсіп, жалпы Ұлттық қор 25 пайызға артты. Астана төрінен көптеген нысандар бой көтеріп, елордамыздың көркейіп, шетелдермен сауда-саттыққа қатысты келісімдер жүргізіліп, экономикалық қарым-қатынасымыз бекітілді, түрлі бағытта бағдарламалар қолға алынып, халқымыздың әл-ауқаты түзелді. Бүгінгі таңда тәуелсіздігіміздің үшінші 10 жылдығын тәмамдап, тағы бір белеске аяқ арттық. Егеменді ел болғанымызға 30 жылдан асып, келесі 10 жылдыққа қадам басуда «Біз қандай жетістіктерге қол жеткіздік, келер ұрпаққа қандай құнды мұраны аманаттаймыз?» деген сұраққа жауапты жалпы жағдайымыздың түзелуінен, қарыштап дамуымыз бен экономикамыздың өркендеп, елу елдің санатына жетуге сатылап өсуімізден іздеуге болады. «Рухани жаңғыру» бағытында барлық салаларда қыруар шаруалар атқарылып, бүгінгі «Әділетті Қазақстан» жолына бет бұруымыз өркендей түскеніміздің дәлелі. Біздің айтпағымыз, жас ұрпақ тәуелсіздігіміздің салмағын сезініп, құндылығын бағаласа дейміз.
Нұржан ӘЛІШ