Жаңалықтар

ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІҢ ПАЙДА БОЛУ ТАРИХЫ

ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІҢ ПАЙДА БОЛУ ТАРИХЫ

Тәуелсіздік алған тұста ұлттық ақшаға деген қажеттілік пайда болды. Банкнот басып шығаратын бірнеше елдің тәжірибесін зерттей келе мамандардың таңдауы британиялық шағын компанияға түсті. De La Rue - 400 жылдық тарихы бар, әлемнің 140-тан астам елі үшін банкнот басып шығарған компания. Бұдан бөлек мұнда төлқұжаттар, жүргізуші куәліктері және банктерге қажет жабдықтар жасалады. Төл теңгеміздің тарихын білетін қызметкерлер мұнда әлі күнге дейін жұмыс істейді. Солардың бірі Крис Мэтьюс - студиялық менеджер. Ол отыз жыл бұрын отандық суретшілерімізбен бірге теңгенің бет-бейнесін жасаумен айналысқан. Крис Мэтьюс, De La Rue компаниясының студиялық менеджері: - Мынау біздің Қазақстан үшін дайындаған банкноттарымыздың бірінші топтамасы. Мен Абай портретін жасауға атсалыстым. Бұл еңбегімді мен ерекше мақтан тұтамын. Негізі қазақстандық дизайнерлер Англияға өте мықты идеяларымен келді. Біз оларға қолдау ғана білдірдік. Суретшілеріңіз банкноттарда қазақ мәдениеті мен тарихын барынша көрсетуге тырысты. Компания қызметкерлері алғашқы теңгелердің дизайны ағылшындардың стерлинг фунтынан еш кем түспеді дейді. Оған қоса әлемдік деңгейдегі стандарттарға сай болған. Қолдан жасаудан қорғайтын 18 белгісімен ерекшеленген. Дамиан Витковски, De La Rue компаниясының аймақаралық директоры: - Бұл мен көрген қазақтың алғашқы теңгесі. Түсі жағынан Англияның 5 фунтына ұқсас болды. Шетінде банкнотты қолдан жасаудан қорғайтын жіп бар және ол кезде жаңа технология саналатын. Екінші топтамасындағы суреттер тігіннен салынды. Қазақстанның заманауи келбеті және табиғаты керемет жеткізілді. Ұлттық валюта қатаң құпия жағдайда енгізілді. Операцияны жүзеге асыру үшін өте шектеулі әрі аса жауапты адамдардан тұратын топ құрылды. Дайын болғаннан кейін қап-қап ақша төрт ИЛ-76 ұшағымен Лондоннан Алматыға жеткізілді. Бұдан кейін олар Қазақстанның облыс орталықтарына таратылды. Ұшақтарға берілген құжатта «салынып жатқан Президент резиденциясына арналған жабдықтар» деп жазылды. Дебора Смит, De La Rue компаниясының Қазақстанмен байланыс жөніндегі өкілі: - Мұндай жағдайларда қатаң құпиялық әрдайым сақталады. Мысалы, жаңа дизайнды бекіту үшін біз қағаз ақшаны коммерциялық курьер арқылы жібере алмадық. Тіпті, өз қолымызбен апарған жағдайда да әуежайда қорқыныш болатыны сөзсіз. Теңге туралы ақпарат бөтеннің қолына кетіп қалмас үшін осындай сақтық шараларына қатты мән берілді. Кейін ақшаны Қазақстанда басып шығаруға деген қажеттілік туды. 1993 жылы Алматыда монета сарайының құрылысы басталып, жабдықтармен De La Rue компаниясы қамтамасыз етті. Осылайша Қазақстан тәуелсіздіктің тағы да бір ең маңызды сатысынан аттады - өзінің ұлттық валютасы бар мемлекетке айналды.