Ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды: Байзақтағы жарылыс құрбандарына ескерткіш тақта орнатылды
Ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды: Байзақтағы жарылыс құрбандарына ескерткіш тақта орнатылды
Жиналғандар алдында алғашқы болып Еркін Құлымбайұлы сөз алды. – Өткен жылғы орын алған алапат жарылыс тек Жамбыл облысын ғана емес, күллі Қазақстанды дүр сілкіндіргені рас. Мұндай қайғылы оқиғаны ешкім күткен жоқ. Өкінішке қарай 17 батырымыздан айырылдық. Қазақ ертеден «Ердің ісі – ерлік» деді. Абай айтқандай жүрек, ақыл, қайрат үшеуінен туатын сөз тәуекел. Сын сағатта тәуекелге бару бұл тек нағыз ер жігіттің қолынан келетін іс. Ерлігімен елдің жүрегіне есімін жазған батырларға деген құрмет еш уақытта ұмытылмайды, – деді Е.Үйсінбаев. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мұнан соң мылтықтан үш мәрте оқ атылды. Боздақтарды еске алған жиында қауіпсіздік күштері өкілдері мен марқұм болған азаматтардың туысы шейіт кеткендердің ерлігінен естелік айтты. – Қаза болғандардың отбасыларына шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Бұл орны толмас өкініш. Боздақтарымыз кейінгі ұрпаққа ерліктің ерен үлгісі болып қала бермек. Батырлардың есімдері мен даңқты ерліктерін әрдайым есте сақтаймыз. Олар мәңгілікке біздің жүрегімізде, – деп түйіндеді сөзін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы, запастағы генерал-майор Қайдар Қарақұлов. Жарылыс салдарынан келмеске кеткендердің артында қайғыдан есеңгіреп отбасы, жары мен ұл-қыздары қалды. Сол күні қаза тапқан 28349 әскери бөлімі командирінің орынбасары Саят Әлімбаевтың зайыбы Жанна Айтқожинова қара жамылған отбасыларын қайғыға мойымай, берік болуға шақырды. – Жойқын жарылыс болып, өмір мен өлімнің арасында қалса да әскерилер мен өрт сөндірушілер өз міндеттеріне адалдық танытып, Отан үшін жанын қиды. Қаза болғандардың арасында менің күйеуім Саят Әлімбеков те бар. Офицер, үш баланың әкесі еді. Тек біздің отбасымыз ғана қайғыдан қан жұтып отырған жоқ. Мұндай отбасылар көп. Біреу ұлынан, біреу бауырынан, біреу жарынан айырылды. Бауыр еті баласынан айырылған ата-аналарға антына соңына дейін адал болған лайықты жауынгерлерді тәрбиелегені үшін алғысымды білдіргім келеді. Құдайдың ісіне шара бар ма?! Сабырлы болайық. Ел тыныштығы жолында өмірін қиған батырларымыздың ұрпағы әкелерінің есімін мақтанышпен айтып жүретін болады, – деді батырдың жары. Сондай-ақ осы күні Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында да тағы бір ескерткіш тақта орнатылды. Ол жерде жарылыс кезінде қайтыс болған Байзақ ауданының тумалары – Оразбек Дәлібаев, Еркін Нәдірбеков, Марат Мешінбай, Арнұр Темірболатов, Әділбек Әділет, Кеңес Әліби, Елдос Сандыбаев, Ерлан Қырғызалиевтің аты-жөндері жазылған.
Ақтоты Жаңабай