Әлеумет

Қазіргі қазақ киносының келбеті қандай?

Қазіргі қазақ киносының келбеті қандай?

Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алған қазақ киносы бүгінгі күнге дейін көрермен көңілін баурайтын талай кинотуындыларды шығара білді. Кеңес үкіметі уақытында режиссерлер осы өнер айдынында еркін жүзе алмаса да қайталанбас шедеврлерді халыққа тарту етті. Соның ішінде «Атаманның ақыры», «Гауһартас», «Менің атым Қожа» секілді бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпай келе жатқан дүниелер аз емес.

Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов «Мен үшін әрбір фильмім от ішіне кіріп шыққанмен бірдей» деген екен. Міне, өнерге деген жауапкершілік сезімі осындай болу керек. Алайда қазіргі таңда кино түсіру кез келгеннің ермегіне айналғандай. Ұрпақ санасына сынадай қағылып, жастардың жандүниесін улап жүрген жүгенсіз, балағат сөзге толы кинофильмдер көбейіп кетті. Кино деп айтуға ауыз арланатын, көруге көз, көңілге тоқуға зерде ұялатын жеке көрсетілімдер «YouTube» видеохостингін және басқа да сан түрлі әлеуметтік желілерді жаулап алды. Көркемдік деңгейі төмен, сапасы сын көтермейтін бұл фильмсымақтардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуі біздің ұлттық кәсіби киноларымыздың атына кір келтіріп жүр. Өнеріміз бен мәдениетімізді ұсақтап, рухымызды өлтіретін шығарылымдарға шектеу қойыла ма? Осы орайда сала мамандарының пікіріне құлақ түріп көрейік. – Қазіргі өскелең ұрпаққа дұрыс бағытта тәрбие беретін сапалы киноөнімдер шығару керек. «Кино – өмір айнасы» деген ұстанымға сүйенсек, фильмді көріп отырған көрермен жағымды-жағымсыз кейіпкерлер арқылы өз бойындағы кемшіліктерден арылып, жақсылыққа бет бұрады. Қазіргі әлеуметтік желілерде әйгіленіп, қаралымы халық ішінде тез тарап жүрген көрсетілімдердің басым көпшілігі боқауыз сөзден тұратын фильмдер. Баяғы бала күнімізде естіген «көше әндері» сияқты көше телехикаялары көбейіп, көрермен талғамын төмендетіп жатыр. Кәсіби фильм мен көше киноларын таңдап, сапасына мән беріп көру жастар үшін маңызды емес мәселеге айналып барады, – дейді белгілі кинорежиссер Дүйсебай Еркебаев. Кинорежиссер айтса айтқандай, расында, балағат сөздер насихатқа айналды. Ал сахнаға шығып, ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер неге жай кешірім сұрап құтылуда? Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Желіде желдей есіп жүрген боқауыз сөздерге толы веб-сериалдардың енді толықметражды кино ретінде кинотеатрлардан көрсетіліп жатқаны жайлы мәселе көтерген еді. Кешегі ұлттық фильмдеріміздің көркемдік дәрежесі бүгін қандай? Өнеріміз бен әдебиетіміздің майталмандары бірігіп шығарған көркем туындылар қайта жаңғыра ма? Өнерге жанашыр көпшіліктің көкейінде жүрген бұл сұрақтарға кім жауап береді? Қазақ киносының классикасын жасаған өнердің өр тұлғалары, ұлы киногерлеріміз Бекежан мен Кыз Жібек, Батыр Баяндар осы сауалдарға  не дейді? Бүгінгі режиссерлер, киноактерлер өз заманының сұранысына сай жұмыс істеп, кино өндірісімен айналысып жүр. Талапқа сай көркемдік сапасы жоғары заманауи туындылардың да бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ дәл қазір көрерменнің, әсіресе жастардың көзайымына айналған «Жездуха», «Шәріп», «Қайрат болма, адам бол» деген секілді қысқаметражды «желі жарғыш» кинолар тізімін жалғай берсең санынан жаңылысасың. Бұл шығармалардың жанры күлкілі комедия болғанымен көркемдік мән-мағынасы, ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі қандай? Мысалға, «Миллион» КВН командасы түсірген «Жездуха» сериалындағы жезде кейіпкері біздің қазақи болмысымызға бөтен образ. Тым қайынсақ, қайын жұртына бағынышты, жалпақ тілмен айтқанда «күшік күйеудің» кейпі кімге қажет? Қазақта «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деген мақал бар. Дана халқымыздың дәстүрінде әдеп-ғұрып бойынша жезденің орны жоғары тұрады. Әзілі шектен шыққан қос қайнысы, төркіншіл әйел, осының бәрі өскелең ұрпаққа нендей үлгі көрсетпекші? «Шәріп» шығарылымындағы мұғалім Шәріптің шырғалаң әрекеті мен әпенділік әлегі – әлеуметтік желідегі жастардың күлкілі комедиясы. Жастарға қаралымы мен таралымы жоғары комедия болғанымен жалпы өскелең болашағымызға бұл кейіпкердің не айтары барын түсінбедік. Оқушының алдында қор болған ұстаз балаға қандай үлгі көрсетпек? Дәл осы сынды халтура фильмдер халық арасында хитқа айналды. Енді ғана есімізді жиып, ертеңімізге көз тастайтын шақта шақшадай басымыз шала былық шығарылымдарға шырмалды. Шетелдің атыс-шабысы аздай, өзіміздің шала-шарпы дүниеміз ұлтты есінен тандырып жүр. Махаббаттың символына айналған «Қыз Жібек», қаһарман тұлғаның рөлін дәріптейтін «Атаманның ақыры», қазақ батырларының ерлігін насихаттайтын «Батыр Баян», тағы да басқа классикалық төл туындыларымызды өндіретін өнеріміз өлмесін. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген мақалды «Ел болам десең, экраныңды түзе» деп айтуға тура келді. Талғамы биік көрерменге көркемдік дәрежесі жоғары фильмдер ұсынылса деген тілек бар бізде.

Нұржан ӘЛІШ