АҚЫРТАС ТУРАЛЫ АҢЫЗ
АҚЫРТАС ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Бұл балаларға арналған ертегі түріндегі спектакльдің авторы – драматург Сантөре Пірманов. Автордың «Ақыртас туралы аңыз» атты драматургиялық шығармасын жазуға бағыт-бағдар берген идея авторы – белгілі актер, театр директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков. Балаларға арналған бұл қойылымның оқиғасында көне Тараз өңірінің ежелгі тарихи мекені – Ақыртас қалашығының сол тылсым замандардағы тыныс-тіршілігі шежіре, аңыздар негізінде суреттеліп көрсетіледі. Оқиға желісі Ұсқын атты қарақшының хан сарайынан асыл қазыналарды ұрлап жатқанымен басталады. Ертегіде барша халықтың Ұсқын ұрыны бұл мекеннен кетіруді талап етуі нәтижесінде оның Әулиебұлақ өңірінен кетуі және арам пиғылды Тас-Мыстанмен жолығуы, алыптар мен жуандар елінің ханы Алаңғасар әміршінің құрығына түсумен шиеленісе түседі. – Ертегі-қойылымның мақсаты – жас ұрпақтың елі мен туған жері туралы танымын, білімін арттырып, түсініктерін қалыптастыру. Ертегі оқиғасы жас ұрпақты бастаған істі жүзеге асырудағы ауызбіршілікке, өзара ынтымақтастыққа үндейді. Балаларды бірлікке, достыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар ұрлықтың түбі қашанда қорлық екенін, жамандықтың жерде жатпайтынын оларға тереңірек түсіндіре аламыз, – дейді спектакльдің қоюшы режиссері Ербол Абжалов. Ал ертегінің соңы Әулиебұлақ мекені тұрғындарының Алаңғасар елінің жұртымен ымыраға келіп татуласуымен, яғни жақсылық пен ізгіліктің зұлымдық пен сатқындықты жеңетіндігімен және киелі Әулиебұлақтың Ақыртас атануымен аяқталады.
Ш.ӘБДІРҰЛЫ