Білім

Ұлағатты ұстаз ұлтты тәрбиелейді

Ұлағатты ұстаз ұлтты тәрбиелейді

Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында мұғалімдердің дәстүрлі облыстық тамыз конференциясы биыл «Терең білім: білімге ұмтылыс, еңбексүйгіштік және отансүйгіштік» тақырыбымен өтті. Оған ұстаздар, еңбек ардагерлері, құқық қорғау органдары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің, колледждер мен мектептердің, мектепке дейiнгi және мектептен тыс мекемелердiң жетекшілері қатысты.

Педагогтер кеңесін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ашты. Аймақ басшысы ұстаздардың еңбектеріне табыс тілеп, білім саласындағы басты жетістіктерді тілге тиек етті. Сонымен қатар туындап отырған өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталды. – Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 236 миллиард теңге бөлінді десек, бұл облыс бюджетінің елу пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы 22 білім нысанының құрылысына 7,6 миллиард теңге қаржы қарастырылып, алтауы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған он мектеп құрылысы толық аяқталады. Оның алтауы жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Ал 6 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі. Бұдан бөлек, 4,2 миллиард теңгеге 19 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 700,6 миллион теңге бөлініп, жаңа үлгідегі кабинеттер жасақталуда. Бұл жұмыстардың сапалы, әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармаларының басшылары мен аудан және қала әкімдеріне тапсырамын. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі де басты назарда. Мектепке дейінгі ұйымдардағы осал топтағы отбасы балаларының тамақтану ақысын жергілікті бюджет есебінен субсидиялауға 100 миллион теңге бөлінді. Балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігі және білікті кадрмен қамтамасыз ету жұмыстары да айрықша назарда. Осы орайда, қойылған талап пен сапаны арттыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібін қайтару қолға алынды. Бұл шараны бақылау білім басқармасы мен білім бөлімдеріне жүктеледі, – деді Нұржан Нұржігітов. Облыс әкімі өткен жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтіп жатқанын, биыл өңірдегі 11751 мектеп бітірушінің 8756-сы тестілеуге қатысқанын атап өтті. Ағымдағы жылы облыстың ҰБТ-дағы орташа балы 82,5-ті құрап, республикалық көрсеткіштен 16,5 балға жоғары болғаны, 1218 бітірушінің 100-ден жоғары балл жинағаны айтылды. Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов өз сөзінде ротациялау, мектеп директорларының командалық ауысуы, оқушылар арасында суицид және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша ашық айтып, олардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту керектігін, кемшіліктер бойынша қабылданатын шаралар жеңіл болмайтынын ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Конференцияға қатысушылар алдында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров те сөз сөйледі. Ол балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты жою үлкендердің бірігіп шешуі тиіс зор міндет екенін атап айтты. Ал бұл мәселеде балалардың басты тәлімгері ретінде мұғалімдердің рөлі жоғары деп баға берді. Мұнан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов сөз алып, жамбылдық педагогтер мен оқушылардың жетістіктеріне жан-жақты тоқталды. – Жамбылдық оқушылар республикалық ғылыми жобалар байқауында биыл 13-ші рет командалық есепте үздік атанды. «Білім-инновация» дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты республикалық пән олимпиадасының қорытындысы бойынша 16-шы рет үздік олимпиадалық мектеп атанды. Бұл мерейімізді биіктетумен қатар, облыстағы білім сапасының тәуір екенін, тұғырдан таймай келе жатқанымызды көрсетеді, – деді басқарма басшысы. Сонымен қатар Бейқұт Тілебалдыұлы биылғы түлектердің жетістіктері, оның ішінде 428 «Алтын белгі» және 706 арнайы аттестат иегерлері туралы кеңінен көсілді. Облыстағы білім беру мекемелерінің жұмысының тиімділігін тексеру мақсатында басқарма сегіз жыл қатарынан мектептерге рейтинг жүргізіп келеді екен. Биыл оның нәтижелері бірқатар критерийлер бойынша оң динамика көрсетіпті. Мәселен, өткен жылы 37 мектеп педагогикалық инновация режимінде жұмыс істесе, биыл бұл бағыттағы мектептер саны – 39. Осы жылғы рейтингтің көшбасшысы – Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейі. Облыста өзін-өзі дамыту режимінде жұмыс істейтін, яғни жұмыс бағытын өз бетінше анықтайтын мектептер де бар. Басқарма басшысы сол жаңашыл мектептерді ерекше атап өтті. Ол өскелең ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен мектеп арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына ерекше тоқталды. Негізінде балаларға дұрыс тәрбие беру оңай емес, сондықтан ата-ана мен ұстаздардың бірлесе тер төгуі өте маңызды. Ендеше мектептерде сабақтар еркін әңгіме форматында өткізіліп, балалардың сұрақтарына анық жауап берілуі керек. Өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, балаға тура жолды көрсете білетін ата-әжелер үшін де Ашық есік күндерін өткізу ойластырылуы қажет. Осы мәселелер де кеңінен тілге тиек етілді. – Жаңа оқу жылында облыстағы 447 мектептің партасына 244 мыңнан астам оқушы отырады. Бірінші сынып оқушылары үшін биылғы оқу жылы 35 аптаға, ал 2-11-сынып оқушылары үшін 36 аптаға созылады. Барлық мектептер бес күндік жұмыс аптасына көшеді», – деді өз сөзінде Бейқұт Жамангөзов. Облыстың бас педагогі сөз соңында ұстаздар қауымының еңбектеріне табыс, мүмкіндігінше кәсіби жеңістер мен жетістіктерге қол жеткізуіне тілектестігін білдірді. Бейнебайланыс арқылы қосылған ҚР Ы. Алтинсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева білім беруде рухани құндылықтарға барынша мән беру қажеттігін сөз етіп, жаңа оқу жылындағы оң өзгерістер туралы баяндады. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өскелең ұрпаққа патриоттық тұрғыда тәрбие беру және ерекше қажеттілігі бар балаларды назардан тыс қалдырмаудың маңыздылығын алға тартты. Байыпты басқосуда «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кеңестің маңыздылығына тоқтала өтіп, педагогика саласындағы кемшін тұстарды ашық айтып, өз ұсыныстарын жеткізді. – Бүгінгі жиынның «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» деп аталуы кездейсоқ болмаса керек. Олай дейтінім дамыған мемлекеттердің ұлттық байлығының бар болғаны 15 пайызы ғана материалдық құндылықтардан тұрады, 20 пайызы табиғи ресурстардан, ал 65 пайызы сапалы адами капиталдан, яғни білімді де білікті азаматтардан құралған. Ал білімге оның негізгі қатысушысы мұғалімсіз қол жеткізу мүмкін еместігі ешқандай талас тудырмайтын ақиқат. Қазақтың хас батыры ер Баукең «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет» деп ұстаздарға лайықты баға берген. Кәсіподақ өкілдері үшін сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы, оңтайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайы, тұрақты табысы, моральдық тұрғыда қалыпты көңіл күйі ерекше маңызды. Біз өз тарапымыздан ұйымға жүктелген жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып келеміз. Бүгінде білім жүйесін реформалау аясында қоғамда қызу талқылауға түсіп жатқан мәселелер жеткілікті. Білім саласында жаңа әрі тың бастамалармен қатар ежелден қалыптасып қалған үрдістерге өзгеріс енгізу аясында әртүрлі қарама-қайшы пікірлер мен көзқарастар туындап отырған өзекті түйткілдер де жоқ емес. Бұл ретте кез келген жаңалықтарды жалаулатып көзсіз қолдауға да, пайымына жетпей зерттеп-зерделемей жөнсіз сынауға да болады. Әрине, елімізде білім саласында өздеріңіз куә болып жүргендей көптеген нәтижелі жұмыстар, игі бастамалар, ауыз толтырып айтуға келетін жетістіктер мен табыстар бар. Солардың бірі – Мемлекет басшысының қолдауымен қабылданған «Педагог туралы» Заң ұстаздардың қоғамдағы беделін арттырды. Бірақ сынға ұшырап жатқан кемшін тұстары да жоқ емес. Былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап министрлік тарапынан педагогтерді жұмысқа қабылдауда конкурстық жүйе енгізілді. Мекеме басшыларын ротациялау институты іске қосылып, басшы ретінде аттестаттау ережесі өзгеріске ұшырады. Жаңа оқу жылының қарсаңында орыс тілі, дене шынықтыру, көркем еңбек, өзін-өзі тану пәні мұғалімдеріне қатысты шу шықты. Проблеманы айту оңай, оны шешу жолын қарастыру керек. Мәселені бірлесе отырып ертерек шешіп, мұғалімдерді мүмкіндігінше жүктемелермен қамтып, әлеуметтік қысым деңгейін реттеу қажет. Мектеп кітапханашыларына педагог статусын беріп, біліктілігін арттырып, санат үшін төлем төленеді деген бастамалар да өкінішке орай әлі жүзеге асқан жоқ, – дей келе Е.Мағзымбеков аймақ басшысына мектептегі жөнді-жөнсіз түрлі санитарлық-техникалық тексерістер азайтылса деген тілегін жеткізді. Бұдан бөлек ол мұғалімдер қауымын қолдау, имиджін көтеру мақсатында облыс аумағында «Өнегелі, өнерлі ұстаздар династиясы» конкурсын өткізу қолға алынып, байқау жеңімпаздарына пәтер сыйға берілсе, білім жүйесіндегі зейнетақыға қатысты түйткіл өз шешімін тапса деген ұсынысын да жасырмады. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, мектептің санитарлық-техникалық талаптарды сақтауы маңызды әрине, бірақ мектеп директорына салынған жөнсіз айыппұл жұмсарта айтқанда барлық ұжымға салмақ болып жатқаны жасырын емес. Бұл жерде сол талаптар толық сақталуы үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру жағы да маңызды болмақ. Жиында Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 мектеп-гимназиясының директоры Фарида Шортанбекова, Құлан агротехникалық колледжінің директоры Олжас Мұсақұлов сөз сөйлеп, өздерінің орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Меркі аудандық М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің биология пәнінің оқытушысы Эдуард Өзбекбаев мектеп ауласынан ашылған жылыжайдағы жемісті жұмыстар, жас натуралистер клубы мүшелерінің жетістіктері жөнінде баяндады. – Жылыжайды «Жомарт түлек» жобасы аясында 2001 жылғы түлектер сыйға тартқан. Қазір жылыжай оқушылардың сүйікті орнына айналды. «Жас натуралист» клубының мүшелері жылыжай арқылы әртүрлі өсімдіктер туралы көптеген жаңа және қызықты мәліметтерге қанығуда. Мұндай іс-шаралар балалардың жаңаны үйренуіне, жан-жақты дамуына ықпал етіп, ауыл шаруашылығы саласына құрметпен қарауға тәрбиелейді. Жаңа жыл алдында жылыжайда алғашқы өнім – 600 келі қияр жиналды. Олардан түскен қаражат мектептің қайырымдылық бағытына, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды қолдауға жұмсалды. Осы жылыжай арқылы бір оқушымызды облысқа жылыжайдың жасалу барысы, ондағы өсімдіктердің зерттелуі және өзге де жаңашылдықтар бойынша «Про-эко дарын» орталығының ұйымдастырған экологиялық жобасына қатыстырған болатынбыз. Сол жерде жүлделі екінші орынға ие болдық, – деді жас маман Э.Жаңабайұлы. Конференцияның пленарлық отырысынан кейін марапаттау рәсімі басталды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аймақтағы білім беру ісінде аянбай тер төгіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізген, есімдерін мақтанышпен атап айтуға тұрарлық педагог мамандарға құрмет көрсетті. Облыстың білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасына Жамбыл ауданындағы Шайқорық орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Ақжарқын Көпбаева, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім меңгерушісі Сәуле Жаманқұлова, Шу ауданы, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының химия пәнінің мұғалімі Назира Имашева ие болды. Облыс әкімінің Алғыс хатын Қордай аудандық білім бөлімінің әдіскері Мая Ысқақова мен Мойынқұм ауданындағы М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Жанна Бөкебаева алды. Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы мектеп-лицей биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы «Үздік орта білім беру мекемесі атанып, 34 миллион теңгенің сертификатын еншіледі. Үздік инновациялық мектеп ретінде Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп танылды. Ұжымға бір миллион теңге табыс етілді. Дәл осындай ақшалай сертификат пен «Үздік қалалық мектеп» атағы Тараз қаласындағы №24 гимназияға да берілді. «Үздік ауыл мектебі» атағы мен бір миллион теңге Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясына берілді. Үздік шағын жинақты мектеп Сарысу ауданы, Ақтоғай орта мектебі деп танылып, бұл ұжым да бір миллион теңгенің сертификатымен марапатталды. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі қаланың «Үздік колледжі» атанып, бұл ұжымға 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал «Үздік ауылдық колледж» атағы Құлан агротехникалық колледжіне бұйырды. Оқу ордасы сыйлық ретінде 500 мың теңгенің сертификатын алды. Ардагер ұстаздар Гүлнәр Қосымова, Айман Садықова және Нұрсаған Нәжетханов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Облыстық саңырау және нашар еститін балаларға арналған арнайы «Мейірім» мектеп-интернатының сурдопедагогі Нұргүл Тауасароваға адами құндылықтарды бойына сіңіріп, мейірімге бөленгені үшін «Мейірім – әлемге махаббатпен» медалі табыс етілді. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін тағы бес ұстаз облыс әкімінің қолынан «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін алды. Ұстаздар қауымының мерейін өсіріп, педагогика саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер ашық айтылған кеңес оқушылардың орындауындағы «Атамекен» патриоттық әнімен қорытындыланды.

Ақтоты Жаңабай