Мәдениет

АҚКӨЛДІ АҚКӨЛ ЕТКЕН – ХАЛЫҚ

АҚКӨЛДІ АҚКӨЛ ЕТКЕН – ХАЛЫҚ

Әр мекеннің тарихына үңілсең, небір сырға қанығасың. Осы орайда мәуелі бағы, сылдыраған бұлағы, тербелген теңізі, тауы мен орманы жоқ, қысы суық, жазы аптап ыстық, жауын-шашыны аз, жері қуаң елеусіз қалған аудан орталығы Ақкөл ауылының қалай көркейгенін, боз даладағы адамдардың мыңғырған мал өсіріп, сәулетті тұрмыс құрып Отан байлығына, халық игілігіне қосып жатқан үлестерін, олардың қажырлы еңбектерін, жанкештілігін, отансүйгіштігін, адалдығы мен асқақтығын әңгіме етуді жөн көрдім. 

Ақкөл ауылының көркеюіне, көгеріштендірілуіне және санитарлық жағдайының жақсаруына, сөз жоқ, сол кездегі ауданның басшы органдарының – аудандық партия комитеті мен аудандық Совет атқару комитетінің, аудандық комсомол комитетінің, ауыл, тіпті аудан аумағына орналасқан шаруашылық пен мекеме басшыларының, депутаттар мен қоғамдық ұйымдардың ұтымды ұйымдастыру жұмыстарының жоғары дәрежеде болуы зор ықпалын тигізді. Аудандық партия комитеті мен аудандық Совет атқару комитетінде өтетін жиындарда, пленумдар мен сессияларда, тұрғындармен кездесулерде Ақкөл селосын көркейту мәселелері үнемі сөз болып, күн тәртібінен түскен емес. Талас ауданы республикамыздың шөл-шөлейтті бөлігінде орналасқандықтан дотациялы аймақтар санатына жататын. Сондықтан аудандық коммуналдық-шаруашылық комбинатына осы мақсатқа бөлінетін қаржы комбинат қызметкерлерінің айлығынан да артылмайтын. Бұл тығырықтан шығатын жол, ол – Ақкөл ауылы көлемінде ішкі мүмкіндіктер мен резервтерді сарқа пайдалану арқылы әрбір үймен, әрбір тұрғынмен жұмыс жүргізу болатын. Осы орайда Ақкөл селосын үлгілі аудан орталығына айналдыру жөнінде қалың жұртшылықты жаппай жұмылдырып, олардың патриоттық сезімдерін оятуға басымдық берілді. Алғашқы кезде ауыл тұрғындарын, мекеме басшыларын, әсіресе облыстық, республикалық бағыныстағы мекеме және ұйымдардың жетекшілерін ақысыз-пұлсыз қоғамдық жұмысқа, ортақ шаруаға тарту қиын болды. Бірақ олар уақыт өте келе бұл жұмыстарға оң көзқарас танытып, аудан орталығын сәнді де, сәулетті ауылға айналдыру керектігін саналы түрде түсініп, қандайда болмасын тапсырманы орындауға жұмыла кірісті. Тіпті көркейту, көгеріштендіру және санитарлық тазалықты жақсарту жөнінде жарияланатын дәстүрлі көктемгі-күзгі 2 айлықтар Ақкөл селосы үшін жылға созылатын. Сенбіліктер мен жексенбіліктерді үздіксіз өткізіп тұру бір жүйеге келтірілді. Тіпті кейіннен айлық кезінде кез келген уақытта, кез келген учаскеге құрал-сайманымен, техникасымен 40-50 адам жинау ешқандай қиындық туғызбайтын қалыпты жағдайға ұласты. Сондай-ақ аудан орталығының бұрын-соңды бас жоспары болмаған. Селоға құрылыс салу, абаттандыру бас жоспар болмағандықтан жөн-жосықсыз, сәулеттендіру және техникалық тұрғыдан сауатсыз жүргізіліп келген. Ақкөл елді мекенінің байырғы тұрғындарының тұрғын жайлары ауыл көлемінде ауызсуға жарамды жерасты тұщы судың болмауынан, суы тұтынуға жарамды Аса өзенінің, Жаңатоған, Төрткүл каналдарының бойына орналасқан, сөйтіп бұл мекенде жөні түзу көше де болмаған. Сондықтан біз уақыт жоғалтпай тез арада селоның бас жоспарының, болмаса оның нобайларының, эскиздерінің, сызбаларының жобасын жасап, жұмыс жүргіздік. Көркейту жұмыстары науқаншылықпен емес, жоспарлы, жүйелі түрде жүргізілгендіктен Ақкөл селосы небәрі 10 жылдың көлемінде архитектуралық келбеті көркем, микроклиматы мен санитарлық тазалығы адам танымастай өзгеріп, сәулетті аудан орталығына айналды. Аудандық Совет атқару комитеті жұмысты Ақкөл селосын басып өтетін Жамбыл (Тараз)- Байқадам (Саудакент), Жамбыл (Тараз)- Ұланбел асфальт жолдарын, С.Шәкіров, Д.Қонаев, Абай атындағы көшелердің бойын және олардың маңайын, Аса өзенінің арнасын, Жаңатоған, Төрткүл бас каналдардың өзін және бойын қалыпқа келтіруден, оларға жақын маңдағы үйінді мен қирандыларды, күл-қоқыстарды тазалаудан, көше бойларына тал-дарақ егуден, оларды күтіп-баптаудан бастады. Облыс орталығынан ауылға кіре берістегі, қырдан төмен қарай жолдың екі жағындағы кең алқапқа тал-дарақтар егіліп, ерекше күтімге алынды. Жолдың сол жағынан ведомстволық қаржы есебінен аудандық коммунальдық-шаруашылық комбинатының өндірістік базасы соғылып іске қосылды. Сондай-ақ осы аумақта тұрғын үйлер мен сауда орындары, базар, автостанса пайдалануға берілді. Жолдың оң жақ бетіндегі ұзақ жылдар бойы пайда болған үйінділер мен қоқыстар реттеліп, №2011 құрылыс колоннасының қаржысымен екі пәтерлі тұрғын үйлер мен ведомстволық жатақхана салынды. Сөйтіп Ақкөлдің жыртығы жамалып, жаңа үйлер мен ғимараттар қатары арта бастады. Аудандық дайындау кеңсесінің иелігіндегі комиссиялық сауда дүкені кейіннен мешіт үйіне ыңғайластырылды, әлі де халықтың игілігіне жарап тұр. Бұдан бөлек Ақкөл-Байқадам жолының екі жағындағы құмайт бос жерлерге Ақкөл совхозының қаржысы есебінен екі пәтерлі тұрғын үйлер, сауда нүктелері, 8 жылдық мектеп, селолық клуб, монша, совхоз кеңсесі, «Джамбулстрой» құрылыс тресінің демеушілік көмегімен облыста бірінші рет екі пәтерлі құрастырмалы темірбетон үйлері соғылды. Құр бос дала болып жатқан совхоздың батыс жақ бөлігінен 1176 оқушыға арналған орта мектеп, ескі май құю бекеті жанынан 90 орындық балалар бақшасы, мектептен аудандық шикізат дайындау кеңсесіне дейінгі бос алаңқайға ондаған тұрғын үйлер салынды. Жаңадан көшелер пайда болып, 5 шақырым ішкі жол асфальттанды. Облыстық автомобиль жолдары басқармасының күшімен Жамбыл-Ақкөл-Байқадам тасжолының ауыл ішіндегі бөлігі кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өтті. Жолдың ернеуіне бордьюрлер қойылып, екі шетіне тротуарлар төселді, Аса өзенінен өтетін бас көпір қайта жаңғыртылды. Үш жол (Жамбыл-Байқадам-Ұланбел) тоғысатын алаңқай қайта асфальттанып, бордюрлер орнатылды. Алаңқайға облыстық тұтынушылар одағы мен тұрмыстық қызмет көрсету басқармаларының қаржылары есебінен жаңа үлгіде екі қабатты сауда үйі, мейрамхана, әмбебап дүкен, тұрмыстық қызмет көрсету үйі есігін айқара ашты. Абай көшесінің бас жағындағы Ақкөл су жүйелері басқармасы өндірістік базасынан Аса өзенінің оң жағалауы мен бас көпірге дейінгі 5 гектардай алқап сор, жаздың күні шаң бораған, көктемгі, күзгі мезгілдерде ми батпақ болып, күл-қоқыс тастау орнына айналған аумақ еді. Осы алқапқа «Джамбулсельстрой»-20» тресінің демеушілігімен №2011 құрылыс колоннасы екі пәтерлі тұрғын үйлер кешенін соқты. Сөйтіп Стройтельная көшесі пайда болды. Тас жолдар салынды, көгеріштендірілді, көркейтілді. Колонна осы көшенің аяқ жағы мен үлкен көпірдің арасындағы учаскені ретке келтіріп, Аса өзенінің арнасының жартылай үстінен екі қазақы киіз үйден тұратын құрылысы ерекше сәнді «Береке» кафесін өз қаржысы есебінен соғып, тұрғындардың, әсіресе жастардың демалатын сүйікті орындарының біріне айналдырды. Сондай-ақ Аса өзеніндегі көпірдің оң жағында тереңдігі 10-15 метрдей болатын, бұрын ескі лимонад цехы орналасқан, кейін күл-қоқыс орнына айналып кеткен көлемді шұңқыр бар еді. Күрежолдың бойында көзге қораш көрініп тұратын осы аумақ небәрі 20 күнде ауыл көлемінде орналасқан мекемелердің, өзі аударатын 18 автомашинаның күшімен, асқан ұйымшылдықпен тегістеліп, реттелді. Осы жерге №2011 құрылыс колоннасы қаржысы есебінен қысқа мерзімде Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандар мен хабар-ошарсыз кеткендерге арнап монумент-ескерткіш орнатылды. Алаң қоршалып, көгеріштендірілді, көркейтілді. Ауылдың архитектуралық келбетін одан әрі көркейту жұмыстары тағы да бір тарихи, тәрбиелік, тағылымдық мәні зор, сәулетті дара нысанмен толықты. Аса өзенінің сол жағалауына орналасқан, бұрынғы тозығы жеткен 9 Май – Жеңіс күні саябағы қайта қалпына келтірілді. Ұмыт болып кеткен ұлттық Наурыз мерекесін тойлау қарсаңында көпшіліктің күшімен «Наурыз» алма бағының негізі қаланды, жеміс ағаштары егіліп, бапталды, қоршалды. Жалпы, бұл демалыс кешенін күтіп-баптауды тұрғындар өздерінің бақылауына алды. Ақкөл селосы тоғыз жолдың торабы болғандықтан, сол күретамыр жолдардың бойының көркейтілуіне, құрылыстардың салынуына ерекше мән берілді. Себебі жолаушылар мен қонақтардың бізді сол жол бойының қалай абаттандырылуы мен құрылыстардың сәулеттік келбетіне қарап бағалайтыны түсінікті еді. Осы орайда Ақкөл-Ұланбел тас жолының бойына, яғни Д.Қонаев атындағы көшенің сол жағына 420 көрерменге арналған жаңа кинотеатр, 3 қабатты қонақ үйі, баспахана, екі қабатты тұрғын үйлер, 100 төсектік аурухана кешені, аудандық коммуналдық-шаруашылық кәсіпорны мен автомобиль жолдары бөлімінің, №2614 автобазасының, ХИТО, «Сельхозхимия», «Сельхозэнергия», «Казселхозводаснабжения» мекемелерінің, аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің, №2011 жылжымалы құрылыс колоннасының, №2554 автобазасының өндірістік базалары қаз-қатар орналасты. Осылайша Ақкөл селосының құрылыс және өндірістік әлеуеті күшейді. Ақкөл-Ұланбел тас жолының оң жақ қапталына ауылдың бас жоспарына сәйкес екі қабатты аудандық милиция, мемлекеттік банк, халық сотының үйлері, 640 оқушыға арналған жаңа типтік мектеп, аудандық байланыс торабы, аудандық электр жүйесін тарату кешені, Ақкөл селолық Советінің ғимараты, В.И. Ленин атындағы орталық алаң, аудандық Совет үйі, 600 орындық мәдениет сарайы, 140 орындық балалар бақшасы, 800 орындық кәсіптік-техникалық училище, 50 орындық монша, екі қабатты тұрғын үйлер кешені пайдалануға берілді. Бұл жағалауда да жаңа көшелер, «Ақ отау» мөлтек ауданы пайда болды. Осыдан 40 жылдай бұрын соғылған әлі де халықтың қажетіне жарап отырған, ауылдың көркін-келбетін жарастырып тұрған емдеу және білім беру кешендерін, мәдениет сарайларын, әкімшілік үйлерін көргенде денеңе қызу қан тарап, бойыңа қуаныш үйіріледі. Бұл ғимараттардың соғылуына менің де үлесім болды ғой деген мақтаныш сезім билейді. Еріксіз сол бір албырт бақытты жастық шағың еске түседі. Осы бір әсем де сәнді ғимараттарды түртіп қалсаң, олар өздерінің өмірге қалай келгенін, әрбір нысан үшін мандай терлері аз төгілмеген аудан перзентерінің аттарын атап, түстерін түстеп айта кететіндей сезінесің, тебіренесің. Енді Аса өзенінің оң жағалауының көркейтілуі мен көгеріштендірілуіне тоқталайық. Д.Қонаев көшесінің басынан Ойық ауылына шыға берісіне дейінгі жолдың екі шетіндегі бос жерлер тегістеліп, реттеліп, ол жерлерге жыл сайын мыңдаған көшеттер отырғызылып, бапталды, жекелеген учаскелері қоршалды. Аудандық партия комитеті жанынан ауданнан шыққан 56 Социалистік Еңбек Ерлері мен 2 Совет Одағы Батырларының құрметіне 1978 жылдың 21 қазаны күні «Даңқ» аллеясы (кейіннен Еңбек Ерлері аллеясы) ашылды, аллеяның жанындағы саябақ қайта қалпына келтірілді. Еңбек Ерлері атындағы көше пайда болды. Ақкөл ауылының солтүстік шығысына Аса өзенінің оң жағасына қапталдастыра көлемі 28 гектарды құрайтын Социалистік Еңбек Ерлері атындағы демалыс-сауықтыру саябағының негізі қаланды. Саябақтың бүкіл периметрі бойынша көп жылдық тал-дарақтар егілді. Ал батыс жақ бөлігінен жаңа стандартқа сай спорт кешені ашылды. Саябақ көгеріштерін Аса өзені арқылы суғару мен күтіп-баптау мәселелері шешілгеннен кейін, небәрі 4-5 жылдың көлемінде егілген талдар орманға айналды. Сонымен, аудан орталығы Ақкөл селосына ондаған мың, тіпті, жүздеген мың тал-дарақтар, жеміс-жидек, тұт көшеттері, гүлдер егілді. Саябақтар, гүлзарлар мен аллеялар ауылдың ажарын аша түсті. Ақкөл селосы шөлейтті аймақта орналасқандықтан, ағын су мен ауызсу тапшылығы мәселесі күрделі, әрі қиын жағдайда шешіліп отырды. Оның үстіне солақай саясаттың салдары ма, аса қатал табиғаттың зардабы ма біз ес білгелі болмаған Ақкөл көлі кеуіп, Аса өзенінің суы тоқтап қалды. Аса өзенінің табанында майда бұлақтардан пайда болған тоспа су да, сол жылдары пайдалануға берілген «Тәңірқазған-Бөрқазған» су жүйесі де суару мәселесін толық шешуге қауқарсыз еді. Жерасты суы кемінде 100-180 метр тереңдіктен шығатын болғандықтан, бұндай тереңдікке құбырлы құдық қазуға ауданның ешқандай мүмкіншілігі болмады. Сондықтан аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті, облыстық және республикалық бағыныстағы Ақкөл селосына орналасқан мекемелер жоғарғы органдарға мәселе қоя отырып, шөл және шөлейтті аймақтарға бөлінетін, сондай-ақ ведомстволық қаржының есебінен қысқа мерзімде 24 терең құбырлы құдық бұрғыланып іске қосылды. Жаңатоған каналының 4 жеріне қуатты су сорғыш және су айдайтын құрылғылар (насостар) орнатылды. Көгеріштер мен тұрғындардың үй іргесіндегі жер телімдерін сумен қамтамасыз ету мұнымен тоқтамай, аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы Әбілхайыр Сатыбалдиннің батыл бастамасымен тиісті құзырлы органдармен келісіліп, Талас өзенінің суын кеуіп қалған Ақкөл көліне бұру мақсатында Айтақ каналы соғылды. Көлдің қылта жері қақ бөлініп, оның бойына тоған (плотина) тұрғызылып, сыйымдылығы 5-6 миллион текше метр су сиятындай жасанды су қоймасы жасалды. Бұл өте ауқымды бас тоғанды соғуға ауданның барлық шаруашылықтары мен мекемелері уақыттың қыс мезгіліне қарамай жаппай жұмылдырылды. Тоғанның құрылысына шамамен 60-қа жуық жер қазатын, топырақ тиейтін, тасымалдайтын және тығыздайтын, тегістейтін қуатты техникалар мен өзі түсіретін (самосвал) автомашиналар қатысты. Күздің қара суығына, қыстың қарлы боранына қарамай небәрі үш айдың ішінде тоғанның құрылысын бітірген шаруашылық, мекеме, ұйым басшылары, әсіресе механизаторлар бейнелеп айтсақ ерлікпен пара-пар, әрі игілікті, әрі сауапты іс атқарды. Олар Ақкөл ауылының тұрғындары үшін жан беріп, жан алысты. Нәтижесінде сол жылы, яғни 1979 жылдың көктемінде Ақкөл ауылына осы жаңадан соғылған су қоймасы арқылы су берілді. Қазір қарап отырсам халық үшін осындай ортақ іс атқару 56 Социалистік Еңбек Ерлерін тәрбиелеп шығарған Ерлер мекені – Талас ауданының халқына ғана тән ғой деп ойлаймын. Осы орайда тоғанның құрылысын соғуды ұйымдастырған, күн демей, түн демей нысанның басы-қасында болған, мұз жастанып, қар кешкен, Таластың төл перзенті, абзал ағамыз аудандық Совет атқару комитеті төрағасының орынбасары Тамабек Қартабаевтың қажырлы еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бұл жасанды су қоймасы 1993-1994 жылға дейін Жаратқанның құдіретімен Ақкөл көлі толық сыйымдылығында (256.0 миллион текше метр) қайта пайда болғанға дейін халықтың игілігіне жарады. Көл тек толған жоқ, Ақкөл су плотинасының беріктігінің әлсіздігінен, судың шамадан тыс көбейіп кетуінен, сондай-ақ егер күшті жел тұрса су толқыны екпінінің әсерінен оның бұзылып, ауылды су алып кету қаупін туғызды. Сол кезде жаңадан болған аудан әкімі Балтабай Бекежановтың алдында қауіпсіздікті сақтау мақсатында Ақкөл су қоймасының беріктігін күшейту жөнінде шұғыл шаралар көру қажеттігін түсіндірдік. Шұғыл шаралар жасалды да. Плотинаның беріктілігін күшейту үшін оның су ұстап тұратын ішкі жағына, күшті асау толқын ұратын ернеуіне, бүкіл бойы мен тереңдігіне табиғи құрылысқа пайдаланатын тас қалап шығу сол кездегі ең тиімді тәсіл еді. Бірақ ұзындығы 220 метр, еңіске қарай биіктігі 12 метр болатын плотинаның, ауданы 2640 шаршы метрдей су жиналатын және сақталатын бөлігін таспен өріп шығу оңай шаруа емес. Оның үстіне Ақкөл ауылына ең жақын орналасқан тас алу орны (карьер) 30 шақырымдай жерде орналасқан. Сондықтан біз ауылдың маңайына жақын жерге соғылған, кейіннен егесіздікке ұшыраған Ақкөл совхозы мен аудандық шикізат дайындау кеңсесінің мал қораларының тасын пайдалануды жөн көрдік. Тас мәселесі шешілгеннен кейін аудан орталығындағы 40-қа жуық мекемені 22 топқа біріктірдік, оларға әрқайсысына плотинаны он метрден бөліп беріп, Ақкөл көлі толғанға дейін (мезгіл 1995 жылдың көктемі еді), ары кетсе екі аптаның ішінде бітіру жөнінде қатаң тапсырма жүктедік. Мекеме қызметкерлері, өз еркімен ортақ іске бел шеше кіріскен ауыл тұрғындары екі апта емес 8 күннің ішінде өздеріне бекітілген учаскелердегі жұмыстарды толығымен бітіріп, Ақкөл плотинасы қауіпсіз жағдайға келтірілді. Сөйтіп Ақкөл халқы тағы да жауапкершіліктің, тәртіптің, патриотизмнің және ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, Ақкөл селосындағы көгеріштерді суландыру жобасы толығымен іске асты. Көгеріштерді күтіп-баптау, қорғау жұмыстары да өз шешімін тапты. Осындай атқарылған ауқымды жұмыстардан кейін, аз ғана уақыттың ішінде аудан орталығы көгерішті, көрікті, микроклиматы жақсарған, қала құрылысы табиғи ландшафтпен шебер үйлестірілген, архитектуралық келбеті әсем ауылға айналды. Енді В.И. Ленин атындағы орталық алаң мен Социалистік Еңбек Ерлері атындағы саябақта орналасқан дене шынықтыру және спорт-сауықтыру кешенінің қалай соғылғанын қысқаша тілге тиек етсем. 1980 жылы үлкен тартыспен, айқай-шумен, заңды-заңсыз жолмен орталық алаңға архитектуралық келбеті өзгеше, яғни жансыз музыка өнері іспеттес 600 орындық мәдениет сарайы соғылып, пайдалануға берілді. Орталық алаң аты алаң болғанмен, түгі жоқ, шаңы шығып жатқан дала еді. Тек алаңның нобайы, эскизі бар болатын. Біз сол эскиз бойынша аудандық мәдениет Сарайы мен аудандық Совет үйі алдынан 110х70=7700 шаршы метрдей учаскені бөліп алып, ешқандай қаржысыз, ешқандай мердігерсіз өз күшімізбен дайындық жұмыстарын жүргізе бастадық. Асфальтқа негіз болатын сапалы стандартқа сай шағалды Ақкөл селосынан 40 шақырымға орналасқан «Көктал» карьерінен тасыдық. Шағалды тасымалдауға ауданның шаруашылықтарының, мекеме мен ұйымдардың және автобазалардың әртүрлі маркадағы автомашиналары қатыстырылды. Бұл автокөліктер 770 текшеметрдей шағалды асқан ұйымшылдықпен екі апта мерзімде тасыды, шамамен барлығы 250-дей рейс жасалды. Бұл науқанды жұмысқа (кейін асфальт тасуға, стадионға шым төсеуге) бір мезгілде тіркемесімен 20 автомашина қатыстырған Ойық совхозының автоколоннасының (бас инженері кейін аудан әкімі болған Балтабай Бекежанов) ерекше еңбегін атап өткен жөн. Осы кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахыжан Ерсейтов Жамбыл облыстық Советі атқару комитеті төрағасының құрылыс жөніндегі орынбасары Сартбай Қуанышевтан орталық алаңды асфальттауға кезектен тыс облыстық қор есебінен 1000 тонна асфальт алуға рұқсат сұрайды. С.Қуанышев өз кезегінде келісімін бере отырып, бұл қомақты асфальтты күн суытпай тұрғанда екі аптадан асырмай тасып алуымызды ескерткен. Бұл жұмыс тез арада аудан болып асқан ұйымшылдықпен, ауызбірлікпен, жауапкершілікпен атқарылды. Нәтижесінде, Жамбыл қаласындағы зауыттан екі аптаға жетпей мың емес, 1200 тонна асфальт тасып алуды қамтамасыз еттік. Тасылған асфальт жылдам түсіріліп, тегістеліп, құрылыс нормалары мен ережеге сәйкес кондицияға жеткізіліп тапталды. Ауданда тұңғыш рет сапалы асфальтталған алаң пайда болды. Сол алаңның асфальты 41 жыл өтсе де мұрты бұзылмай әлі де өз міндетін тиісінше атқаруда. Бұл алаңның соғылуында аудан шаруашылықтары мен мекемелерінің, Ақкөл ауылы тұрғындарының еңбектері зор. Дейтұрғанмен алаң құрылысына ерекше еңбегі сіңген азаматтар қатарында аудандағы жол мекемелерінің бастықтары Алтынкөп Райымбеков, Жолдыбек Меңлібеков және аудандық коммуналдық-шаруашылық комбинатының инженері Тілеш Дәулетбақовтың есімдері құрметпен аталады. Социалистік Еңбек Ерлері атындағы саябақта орналасқан дене шынықтыру және спорт-сауықтыру кешенінің қалай көгеріштендірілгені де өз алдына бөлек әңгіме. Стадион орналасқан жер тұзды, сортаң алаңқай дала еді. Спорт мамандарының ұсынысы бойынша, сондай-ақ солардың күшімен алаң тегістеліп, тіпті кейбір жерлері соқамен айдалып ретке келтірілді. Стадионның геометриялық параметрлерін стандартқа сай 104х69 метр көлемінде белгілеп, осы дайын алаңға ауылдан 40 шақырым жердегі «Көктал», ауыл маңындағы «Птичник» карьерлерінен шағалды орталық алаңға тасығандай тәсілмен аудан шаруашылықтары мен мекемелерінің көліктерінің күшімен тасымалдадық. Тегістеп, ережеге сай таптап, тығыздаттық, үстіне шым төседік. Шымды ауылдан 50 шақырымдай жердегі Шолақтау совхозының аумағындағы «Шилібастау» жайлауынан тасыдық. Шымды ойып автокөлікке тиеу үшін ол жаққа күніне ауыл тұрғындарынан, мекеме қызметкерлерінен 100-110 адам шықса, бұл жақта автокөліктен түсіріп стадион алаңына орналастыру үшін күніне сондай адам жұмыс істеді. Шын мәнінде осы ортақ жұмыста Ақкөл халқы, әсіресе спортшылар қай кездегідей туған жеріне деген жоғарғы патриоттық сезім танытты, жаппай, жан аямай еңбек етті. Кей күндері 80-нен аса автокөлікке шым дайындалып, оны тиеп, стадионға жеткізіп төсеп кеткен кездер болды. Шындығында бұл адам айтса нанғысыз орасан еңбек еді. Небәрі екі аптадай мерзімде 310 автокөлікке шым әзірленіп, стадионға жеткізіліп төселді. Межелі міндет толық орындалып, ауданда тұңғыш рет алаңы жасыл көркем стадион пайда болды. Стадион құрылысында Ақкөл тұрғындары дала халқына тән еңбек үлгісін көрсетті. Солардың қатарында Темешбай Сабыров және Толымбек Үсібалиевтің есімдерін айта кеткен жөн. Дегенмен Ақкөлді Ақкөл еткен – халық, Ақкөл ауылының тұрғындары ғой. Сала мамандары – мейлі мемлекеттік қаржы есебінен, мейлі Ақкөлден шыққан қалталы азаматтардың демеушілік көмегімен, мейлі осыдан 10-20-30 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің күшімен Ақкөл ауылын абаттандыру, көркейту, жол, көше және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөнінде қыруар жұмыстар атқарылуда. Ауызсу мәселесі түпкілікті шешілген. Гидротехникалық ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, ауылды тасқын судан қорғау қамтамасыз етілді. 19 көше асфальттанып, келер жылы табиғи газ отыны беріледі деп күтілуде. Біз Ақкөл ауылы сол бір ертегі кездегідей әлі де гүлденеді ғой деген зор сенімдеміз...

Сламбек ТІЛЕГЕНИ, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Талас ауданының Құрметті азаматы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Тараз қаласы