Білім

Болашақ үшін салған қаржы босқа кетпейді

Болашақ үшін салған қаржы босқа кетпейді

Қазір инфобизнесмен, таргетолог, маркетологтардың дәуірі жүріп тұрған заман. Бұл терминдер бәлкім сізге таныс емес шығар. Дегенмен кейбір «Instagram» парақшасын қолданушылар әлеуметтік желі арқылы көбіміз біле бермейтін осы заманауи кәсіптердің иесі атанып, табысқа кенеліп жүр. Олардың дені «Ешқайда шықпай-ақ, үйде отырып өз бизнесіңізді дөңгелете аласыз» деген қазіргі заманғы жарнаманы шындыққа айналдырған кейіпкерлер. Өйткені аталған кәсіп иелері желі арқылы мол табыс әкелетін сала – инфобизнес екенін жақсы біледі. Бұл – жалпақ тілмен айтқанда, ақыл сату. Тегін емес, ақысына. Яғни дипломы бар дәрігер, мұғалім, заңгер немесе журналист білімін әлеуметтік желідегі «Instagram» парақшасы арқылы көппен бөлісіп, оны қосымша табыс көзіне айналдырып жүр. Қарапайым мысал келтірер болсақ, танымал экономист, блогер, «Баспанаға бағыт» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Дәулет Мұқаев бүгінде өзінің 1 миллион 800 мың оқырманы бар «@dauletten» парақшасында баспаналы болудың жолын жіті түсіндіреді. Тіпті оның парақшасы бұған дейін 36 миллион теңгеге бағаланған.

Осындай қызықты мәліметтерді мақалаға арқау етер газет айдарының бүгінгі кейіпкері Жазира Бегалиева да желінің бар шапағатын көріп жүрген белсенді кәсіпкерлердің бірі. Негізгі мамандығы – «Радиоэлектроника және байланыс». Біраз уақыт мамандығы бойынша «Қазпошта» акционерлік қоғамының құрылымдық бөлімшесінде кассир болып жұмыс істеп, қазір бала күтімімен демалыста отыр. Оның инфобизнеске келуіне ықпал еткен маңызды фактор болмағанда кейіпкеріміздің қайда жұмыс істегенін, баламен үйде отырғанын айтпай өтуге де болар еді. Жазираның аутизм дертіне шалдыққан алты жасар ұлы бар. Бұл балаға ерекше күтім керек екені айтпаса да түсінікті. Ерекше жаратылған ұлының қас-қабағын бағып отырған ананың қолы ертелі-кеш байлаулы. Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыста жүруге мүмкіндігі жоқ. Бірақ үйде де қол қусырып қарап жатқысы келмеді. Жолдасына көмектесіп, қолқанат болуды жаны қалады. Жазира қандай қиын жағдай болса да мұны «сынақ үшін берілген өткінші кезең» деп қабылдап, сағын сындырмады. Ол «Instagram» парақшасы арқылы табыс табуды 2017 жылдан бері бақылап, осы бағытта бағын сынап көрмекші болып онлайн түрде ақылы білім ала бастайды. Санаңды өзгертіп, өсіп-дамуға бағыттайтын оқудың қаржысы да аз емес. Бірақ болашақ үшін құйған ақша босқа кетпеді. Кейіпкеріміз қазір инфобизнес саласындағы ең танымал мамандардың бірі. Кәсіби ментор, сату маманы, «Wildberries» (киімдер, электроникалар, балалар тауарлары, үйге арналған және басқа тауарлар сататын халықаралық интернет-дүкен) бойынша сертификатталған эксперт. Өзі де онлайн курстар, марафондар өткізіп ең білікті оқытушылардан алған білімі мен осы уақыт аралығында жинақтаған тәжірибесін жас қыздармен бөлісіп жүр. Кейіпкеріміздің инфобизнестегі де, онлайн саудадағы да негізгі бағыты – «Wildberries». Бұл кәсіппен бала күтімімен үйде отырған ана болсын, студенттер болсын айына 300 000 – 500 000 теңге аралығында табыс таба алады. – Инфобизнес жайлы үнемі айтып жүрсем де, кей оқырмандарым әлі күнге дейін «Инфобизнес деген не?», «Ол арқылы қанша табыс табуға болады?» деп сұрап жатады. Әсіресе адамдардың көбі «Ой, қазір марафон, курс жасайтындар көбейіп кеткен» деп инфобизнесті және инфобизнесмендерді сынап жатады. Сенбеуі, сенуі әркімнің өз еркінде. Бұл саладағы сіздің табыс табуыңыз не таппауыңыз біріншіден өзіңізге байланысты. Егер маркетинг бойынша білім алып, сол алған білімді дұрыс қолдансаңыз, еріншектікке салынбай, еңбектенсеңіз біздің шәкірттеріміз секілді пайдаға кенелесіз. Мен өзім де жұмысымды солай бастағанмын. Үйден шықпай онлайн бағытта «Wildberries»-тегі өз кәсібімді бастап кеттім. Тараз қаласында бұл дүкеннің қоймасы жоқ. Бірақ бұл менің жұмысыма кедергі емес. Көбінесе Стамбулдан алдыртқан сөмкелер мен алтындардың саудасы жақсы. Қазір мүмкіндіктер заманы. «Темірді қызған кезде соқ» демекші әлеуметтік желі, онлайн бизнес дамып жатқан заманда жастарымыз осы мүмкіндікті пайдаланып қалса екен, – дейді кәсіпкер. Киімдер, электроникалар, балалар тауарлары, үйге арналған заттар, кітаптар, спорттық құралдар секілді жаныңызға керекті барлық дүниені таба алатын «Wildberries» халықаралық онлайн-дүкені табысты жұмыс істеп тұр. Сенімді тапсырыс берушілерден алған тауарлары тұтынушыларының көңілінен шығып жүр. Клиенттерінің кері байланысы жақсы. Дүкенінің жеке сайтында жақсы пікірлерін, жұлдызшаларын қалдырып отырады. Табысты кәсіпкердің инфобизнеске алғаш келгенде клиенттері, оқырмандары аз болды. Себебі блок жүргізуде, контентпен жұмыс жасауда, тұтынушылармен дұрыс сөйлесуде тәжірибе болмады. Қазір алған білімін іс жүзінде бірге-бір қолдануының арқасында 350-ден астам шәкірт дайындады. Жиырма бес қызға менторлық жүргізген. Түсінікті тілмен айтсақ ментор дегеніміз – сіздің кәсібіңіз, не қызметіңізді жетік білетін және оның табысқа жету жолын айқындай алатын тәжірибелі адам. Ол сізбен ақпаратын, өз білімін бөліседі. – Арнайы курстар сатумен айналысқанда 10 000 – 42 000 теңге аралығында пайда таптым. Ақша табу мүмкіндігін көзбен көріп, білімімді шыңдай түстім. Жалпы осы соңғы 3 айда 900 000 теңгеге білім алыппын. «Білімдінің күні – жарық» демей ме қазақ. Жарқын болашақ үшін салған қаражатым желге ұшып кетпейтініне сенімдімін, – дейді Жазира. Кейіпкеріміздің айтуынша инфобизнесте табысты болу үшін – жауапкершілік, тәртіп, жоспар, мақсат, білімділік қажет. Көп елдің пікірінше «Саңырауқұлақша қаптаған» бұл кәсіптерді инфобизнесмен уақытша құбылыс деп есептемейді. Бастапқыда уақытша шығар деп ойлаған. Оның пайымдауынша, дәл қазіргі тенденция, метаәлем, әлеуметтік желілердің өмірімізге түпкілікті енуі уақытша құбылыс емес екендігін дәлелдеп берді. Жалған мамандар ғана уақытша жүреді. Нағыз мамандар инфобизнес саласында ұзаққа дейін барады. Онлайн сабақ беру дамуы мүмкін, бірақ кері кетпейді. – Әрбір істі бастарда қорқыныш болады. Мен де кәсібімді бірден алып кете алмадым. «Минусқа кіріп кетем бе? Ақшасын ақтай аламын ба? Жолдасым ұрса ма, елден ұят болмай ма? Ауадан ақша жасағысы келген алаяқтарға алданып қаламаймын ба?» деген үлкен қорқыныш санамды билегені рас. Бірақ инфобизнес әлемінің мықтылары Қуаныш Шоңбай, Dauletten, Мейірбек Бердібайұлы, Ақерке Камалдарға қарап бой түзедім. Солардан үлгі алдым. Бойымды билеген қорқынышымды жеңе білдім. Қазіргі деңгейім жаман нәтиже емес деп ойлаймын. Қорқып, ойланып жүрген жандарға айтарым, алдыңызға анық мақсат қоя біліңіз. Арманыңыз үшін күресіңіз, тәуекел етуден қорықпаңыз. Өзіңді дамыт, кері тартатындармен алыспа! Қазір қандай жағдайда болсаң, сол жағдайға өзің лайықтысың. Дамуды өзіңнен баста. Басқаларға деген талапты азайт. Өзің үлгі бол. Өзің дамы, өзің өс. Сол кезде айналаңның өзгергенін көресің, – дейді Жазира Лесбекқызы. Байқап отырсақ дәрігер, мұғалім, заңгер, тігінші бұл мамандық иелерінің басым бөлігі қазір инфобизнеске қарай ойысқан. Жинақтаған тәжірибесін жұртшылықпен бөлісіп, курстық білім берумен айналысып жүр. Көзін тапқан адам кәсіпті де жүргізеді, табыс та табады, тек адамда қажетті білім болса болғаны.