Әлемде

Қазақстанда Ресей телеарналарының жұмысына шектеу қойыла ма – министрдің жауабы

Қазақстанда Ресей телеарналарының жұмысына шектеу қойыла ма – министрдің жауабы

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанда Ресей телеарналарының жұмысына шектеу қою мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министрге Halyq Uni тілшісі Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты сұрақ қойды. «Сіз Украина мен Ресей арасында соғыс болып жатқанын білесіз. Қазақстандықтарды Ресей пропагандасынан қалай қорғаймыз? Еліміздегі ресейлік телеарналардың жұмысына шектеу қою керек пе? Бүгінде Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қалай қорғауға болады?», деген сұраққа министр жауап берді. Дархан Қыдырәлі бұл мәселе министрліктің бақылауында екенін атап өтті. «Әрине, ақпараттық қауіпсіздік – басым бағыттарымыздың бірі. Бірақ біз (ресейлік телеарналарды – автор) соттың үкімімен ғана шектей аламыз. Осыған байланысты азаматтарымыздың шағымы мен сот үкімі болса, біз оны орындаймыз. Заңбұзушылық болған жағдайда сот шешімі болса, біз оны орындаймыз. Қазір жалпы мониторинг жүргіземіз. Бұған қатысты көптеген мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде», - деді ведомсво басшысы. Журналист «Бүгінде ресейлік телеарналарға шектеу қою керек пе? Ресейде Қазақстанға қатысты теріс пікір айтатындар көп қой?» деп сұрағын нақтылады.