ИСЛАМ ТАРИХЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АҒЫМДАР
ИСЛАМ ТАРИХЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АҒЫМДАР
Осы тұрғыдан алғанда, Сыффин соғысы болған 37/657-8 жыл – ағымның қалыптасуы тұрғысынан өте маңызды кезең деуге болады. Өйткені осы кезеңнен бастап сол бір идеяны қолдайтын өзгелер де бастарын біріктіріп, Хазіреті Әли (р.а.) мен Хазіреті Мағауияның (р.а.) жақтастарынан басқа бір саяси одақ құрды. Жалпы ешбір діни-саяси қозғалыс бір ғана себептің нәтижесінде пайда болмаған. Бірнеше оқиғаның нәтижесінде және көптеген себептің әсерінен ұзақ уақыт бойы қалыптасып отырған. Төрешілік ету оқиғасынан кейін «харижияның өзгешеленуі» де бірқатар оқиғалар мен белгілі бір кезеңнің нәтижесінде пайда болды. Харижит ағымы – Хазірет Әлидің (р.а.) төрешілік ұйғарымды қабылдағаны үшін оған қарсы шығып, көтеріліс жасаған саяси қозғалыс. Әуелі олар Хазірет Әлиді (р.а.) қолдап, Хазіреті Мағауияға (р.а.) қарсы шығып соғысқан кейбір адамдар мәселенің түйінін төрелікпен шешу керек деген ойды қолдады. Төрешілер тағайындалғанымен, олар пікірлерін әп-сәтте өзгерте салып, Хазіреті Әлиге (р.а.) қарсы шығып, оның сапынан бөлініп кетті. Осы әрекеттерін діни тұрғыдан дұрыс деп табу үшін «Алладан басқа үкім беруші жоқ немесе үкім беру тек қана Жаратушыға тән» деген аятты басты ұрандарына айналдырды. Бастапқы кезде төрелік тағайындау оқиғасының басты ойыншылары саналған Хазіреті Әли (р.а.), Хазіреті Мағауия (р.а.) және төрешілерге наразылығын білдірген осы саяси қозғалыс кейініректе өз көзқарастарымен иғтиқадтық-сенімдік мәнге ие болды. Харижи сөзі – бөлініп шыққан, көшіп кеткен, қарсы шыққан, бағынудан бас тартып, көтеріліс жасаған және сапты өзгерткен деген мағыналарды білдіретін «хуруж» сөзінің түбірінен өрбіген. Әдебиеттерде белгілі бір ағымды ұстаушылардың ортақ аты ретінде, ал жалпы алғанда, харижи немесе осы сөздің көпше түрі хауариж деп қолданылып жүр. Хазіреті Әлидің (р.а) сапынан бөлініп шыққан соң онымен бірге Куфаға бармай, Куфаға жақын маңдағы Харура деп аталған жерде шатыр құрғандықтан осы жерге байланастырылып «харурия» деп те аталды. Осында бин Уәхб әр-Рәсибиді өздеріне басшы етіп сайлап алуларына орай «уәхбия» немесе «рәсбия»; «діннен және иманнан безгендер» деген мағынаға келетін «марика» деп те аталып жүрді. Харижи ағымының шығу тарихын не үшін келтіріп отырмыз. Ондағы мақсат – мұсылман баласы қаншама құлшылықпен айналысқанымен, егер оның бойында парасаттылық, хикмет, бауырға деген сүйіспеншілік, мәмілегерлік, отансүйгіштік және бірлікке бастайтын құндылықтар болмаса күніміздегідей кейбір ағымдардың бойынан харижи ағымының белгілері қайтадан көріне бастайтыны рас. Сол себепті де діни ағымдардың шырмауына оралмас үшін діни сауатты болумен қатар, Абай Құнанбайұлы айтқандай, хикметті әрі парасатты жан болуға ұмтылу қажет.
Ақмарал Рапилбекова, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мекемесінің бөлім басшысы