ИСЛАМ ОЙЫНДАРЫНДА ЖЕРГЕ ҚАРАТПАДЫ
ИСЛАМ ОЙЫНДАРЫНДА ЖЕРГЕ ҚАРАТПАДЫ
Байрақты бәсекеде кикбоксингтен ұлттық құрама сапында бақ сынаған жамбылдық Мақсат Үсіп 71 келі салмақта қарсыластарының барлығынан басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Осылайша жерлесіміз ел қоржынына кезекті алтын жүлдені салды. Сондай-ақ еркін күрестен 57 келіде ел намысын қорғаған жамбылдық Рахат Қалжан қола жүлдеге қол жеткізді. Жалпы Ислам ойындарына әлемнің 56 елінен 4200 спортшы келген. Ал Қазақстанның намысын спорттың 16 түрінен 125 спортшы қорғауда. V Ислам ынтымақтастығы ойындары 18 тамызға дейін жалғасады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін отандық спортшылар екі Ислам ынтымақтастық ойындарына қатысқан болатын. 2017 жылғы ІV Ислам ынтымақтастық ойындарына Қазақстан құрамасы қатарында 7 спорт түрінен 35 спортшы өнер көрсетіп, нәтижесінде 2 алтын, 5 күміс, 12 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 14 орынға орныққан болатын.