Елімізге ең керегі – бейбіт өмір
Елімізге ең керегі – бейбіт өмір
Ассамблея – әлемнің ешбір елінде жоқ, тек қана көпұлтты Қазақстанда ғана жұмыс істейтін бірден-бір институт. Бүгінде Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйғыр, өзбек, дүнген, күрд, неміс, татар, орыс және тағы да басқа көптеген ұлттың өкілдерімен, этномәдени бірлестіктермен тонның ішкі бауындай араласып, бірлікте жұмыс істеп келеді. Қоғамдық негізде жұмыс істейтініне қарамастан, этномәдени бірлестік басшылары Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын ел арасында кеңінен насихаттау ісіне атсалысуда. Сонымен қатар кезектен тыс Президент сайлауының өз дәрежесінде өтуіне де үлкен үлестерін қосты. Яғни облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері еліміздің мәдени-саяси өміріне белсене араласады. Соған қарамастан «Ассамблея не үшін керек?» деген пікір де қоғамда қылаң беріп қалатыны жасырын емес. Дегенмен қанша адам болса, сонша пікір болатыны белгілі ғой. Ассамблеяға қатысты да түрлі көзқарастың болуы заңдылық деп есептеймін. Әртүрлі ұлт өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстыру жеңіл іс емес. Бұл тұрғыда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жүйелі жұмыс жүргізу үлкен қажырлылықты талап ететіні сөзсіз. Оның үстіне Жамбыл облысында өзге этнос өкілдері көп қоныстанған. Республика бойынша екінші орынды иеленеді. Жалпы облысымызда 87 этнос болса, оның 75-і ҚХА-да тіркелген. 30-дан астамы арнайы аккредиттеуден өтіп, өз жұмыстарын жүргізуде. «Қоғамдық келісім» мекемесі бүгінгі таңда арнайы құрылған қоғамдық бірлестіктер, алқалар, кеңестер арқылы бірнеше бағытта жұмыс жүргізуде. Мәселен, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі арқылы өзге этнос өкілдерінің жастарымен де тығыз қарым-қатынас орнатылған. Сонымен қатар «Ғылыми сарапшылар» тобы, «Журналистер» клубы, «Қоғамдық келісім» кеңестері, «Шеберлер» клубы, «Медиаторлар және аналар кеңестері» құрылып, артылған жауапкершілік жүгі негізінде жүйелі жұмыс атқаруда. Елімізге ең керегі – бейбіт өмір. Ал Ассамблея бейбітшілік пен татулықты көздің қарашығындай сақтау үшін қажет. Осы тұста «Қоғамдық келісім» мекемесі ел арасында туындайтын дау-дамайларды ортақ келісімге келу арқылы шешуге де барынша көңіл бөлуде. Қазіргі уақытта медиаторлардың қоғамдағы рөлі зор. Өйткені медиация институты этнос өкілдері арасындағы бірлік пен келісімді барынша нығайтуға ықпал ететін ұйым. «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация кабинетінің қызметкерлері, ҚХА медиаторлары медиация институтын дамыту бойынша халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың басым бөлігі Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерімен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп атқарылуда. Атап өтер болсақ, 2022 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында пилоттық режимде «Этносаралық саладағы қақтығыстарды реттеу ерекшеліктері» тақырыбында оқу курсы өтті. Мұндай курстар мекемеде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Нәтижесінде облысымыздағы жаппай жанжалды жағдайларды шешуде 10-нан аса келіссөз жүргізушілер дайындалды. Сонымен қатар осы бағытта шетелдік және отандық сарапшылармен де тығыз қарым-қатынас орнатылғанын айта кеткен ләзім. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейтуге де белсенді қатысуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек», деп шегелеп айтқаны бар. Осы орайда жыл сайын дәстүрлі түрде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізілуде. Іс-шара облыс орталығында ғана емес, барлық қалада, әрбір ауданда ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру. Басқосу барысында өзге этностың өкілдері қазақ тілін қалай үйренгендігі турасында әңгіме өрбітіп, өздерінің тәжірибелерімен бөліседі. Осы тұста облысымызды мекендеген өзге ұлт пен ұлыстардың қазақ тіліне деген құрметінің орасан зор екендігін атап өткім келеді. Әрі олардың басым бөлігі қайда жүрсе де қазақ тілінде сөйлейді. Сонымен қатар күні кеше «Достық» үйінде «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ұйымдастырылды. Аталмыш жобаның облыстық іріктеу кезеңі өте тартысты өтті. Осы іс-шара арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан өскелең ұрпақты, түрлі этностық топтардың жастарын ынталандыра түстік деп ойлаймын. Сонымен қатар қазақ тілін тек күнделікті өмірде қолдану үшін ғана емес, әдеби тұрғыда білуіне жол аштық деген сенімдемін. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналып, мемлекеттік тіл ретінде де мәртебесінің көтеріліп келе жатқандығының айқын көрінісі деп білемін. «Қоғамдық келісім» мекемесінің әрбір бөлімі аймақта өмір сүріп жатқан этностардың дінін, тілін, салт-дәстүрін көздерінің қарашығындай сақтап, оларды өскелең ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуіне де көңіл бөледі. Әрбір іс-шарада этностардың ұлт ретіндегі құндылықтарының жойылмауына ерекше мән беріледі. Сонымен қатар әрбір ұлттың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, құқықтарына назар аударылады. Мәселен, жуырда Қазақстан Республикасы күнін мерекелеу қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Әралуандық арқылы бірлікке» атты мерекелік іс-шара өткіздік. Бұл іс-шара облыс этностарының мәдениеті мен дәстүрлеріне арналды. Мерекелік іс-шара барысында арнайы тақырыптық алаңдарда қала тұрғындары мен қонақтары түрлі этностардың тарихымен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен жете танысты. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жұртшылыққа өздерінің халық шығармашылығын, әдебиетін, мәдениетін, музыкалық аспаптары мен ұлттық киімдерін көрсетті. Сондай-ақ көрермендер этнопсихология бойынша интерактивті тренингке және картиналар мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрмелеріне қатысты. Бұған қоса этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен облыстық К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздарының қатысуымен ауқымы кең концерттік бағдарлама ұсынылды. Ұлттық спорт ойындары мен спартакиада өтті. Арнайы жасақталған алаңшада жастарға арналып караоке қойылды. Шара қатысушылары үшін жәрмеңке де ұйымдастырылды. Онда этностардың қолөнер туындылары қойылды. Барша жұртқа керемет көңіл күй сыйлаған басқосуға жиылғандар «Өзбек» этномәдени бірлестігінің 300 адамға дайындалған палауынан дәм татты. Біздің мекеме бұдан өзге де бірқатар ірі іс-шараларды өз деңгейінде өткізді. Атап айтар болсам, «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аталған этнос өкілдерінің Жамбыл облысына қоныс аударғанына 60 жыл толуына арналған «Қазақстан –біздің өміріміз және тағдырымыз» атты республикалық конференция өтті. Атаулы күнге арнайы ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов келіп, қатысты. Қазан айының соңында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Аталған іс-шараға облысымыздың түпкір-түпкірінен мектеп мұғалімдері мен оқушылары (этнос өкілдері) қатысты. «Ассамблея жастары» РҚБ «Your-Path» білім беру платформасымен бірлесіп, DemoDay форматында «Болашақ жастардыкі. Әлеуметтік жобаларды құру бойынша бастамаларды дамыту» атты тренингін өткізді.
Мүбәрак ЖИНАҚБАЕВА, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы