Білім

Мақтаныш сезім маздайды

Мақтаныш сезім маздайды

Кешегі бабаларымыз аңсап, елдің егемендігі үшін қанын да, жанын да аямаған күрескерліктің жемісі бұйырған біз бақытты ұрпақпыз. Тәуелсіздік алғалы бергі 31 жыл ішінде еліміз сан сынақтан өтіп келеді. Кездескен кедергілерді бірлікпен жеңіп те жүрміз. Жемісті нәтижесін берген, халық игілігіне арналған істің бәрі де тәуелсіздіктің арқасында екені баршаға аян. «Менің елім» деген мақтанышпен бүгін тәуелсіздік жемістерін сөз еткім келеді.

Бір кездерде ұмыт болуға айналған халықтық дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыз тұрмыстық қолданысқа енгенін де көз көрді. Айталық, бұрынғы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ата-әжелеріміздің кезінде ауылдастар жиналып үй тұрғызған «Асар» дәстүрі бүгінде қайта қолға алынды. Мәселен, мен тұрып жатқан Т.Рысқұлов ауданында «Асарлатып үй салу» жобасымен өткен жылы 14 үй салынып, өз иелеріне берілген. Ал биыл 13 отбасыға баспана тұрғызып беру жоспарланыпты. Жақында ғана ауданымыздың Көгершін, Қарақыстақ және Жаңатұрмыс ауылдарында 3 үй асарлатып салынып, көмекке мұқтаж отбасыларға берілді. Тағы бір қуана айтқым келетіні – жуырда ауданымыздан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестігінің филиалы ашылды. Онда бас қосқан аналарымыз ұлттық дәстүрлермен қатар ұлттық және адам ағзасына пайдалы ас-сусындардың әзірленуін жас ұрпаққа насихаттайды. Дайындалу жолын үйретеді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырады. Келесі жылы ауданымызға 85 жыл толады. Ал тәуелсіздік алғалы бергі 31 жыл ішінде ауданымыздың қарқынды дамып келе жатқанын мақтанышпен айтқым келеді. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін көпқабатты ғимараттар салынуда. Мысалы, аудан орталығындағы «Арай» тұрғын үй алқабында 5 қабатты 80 пәтерлі 2 тұрғын үй салынды. Оның жанында 300 орындық мектеп бой көтеруде. Бұл – 20 мыңға жуық тұрғыны бар Құлан ауылы үшін қуанышты жаңалық. Былтыр ғана «Жеңіс» саябағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи кейіпке енді. Биыл Ақыртөбе, Р.Сәбденов және Көгершін ауылдарында спорттық сауықтыру кешендері, Көгершін ауылында 90 орындықты мәдениет үйі салынуда. Енді өзімнің туған ауылым туралы айтсам, 2020 жылы «Үздік ауыл» атағын алды. Себебі біздің Абай ауылында мүлдем ішімдік сатылмайтын болды. Және жас отбасылар арасындағы ажырасуды тоқтату үшін жасы үлкендер белсенді араласып, кей отбасыларда туындаған мәселелерді ушықтырмай, ақылмен шешу қолға алынды. Тау етегінде, үлкен жолдың бойында орналасқан, табиғаты тамылжыған ауылымның бірлікпен берекелі іске ұйысқаны біз үшін зор мақтаныш. Осындай ынтымақпен алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге бірге жететінімізге сенемін.

Дильназ Төлен, Балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушісі, Т.Рысқұлов ауданы