Қаламым менің қауырсын құсым, Шабытты байлап қанатты қақтым
Қаламым менің қауырсын құсым, Шабытты байлап қанатты қақтым
Көгімде сұңқар самғайды биік, Бостандық туын қанатқа байлап. Төрімде тұлпар шабады құйғып, Қайсарлы елім – сақталған қаймақ. Қиындықтарды өткердік талай, Не көрмедің өр елім менің. Шартараптардан шашумен арай, Жасайды жарқын өренің сенің. Отыз бір жыл... арғымақ жас бұл, Пай-пайлатқан арманға жетіп. Бойымда билеп алпауыт тасқын, Қамалды бұзар жолдардан өтіп. Қазағым менің – дарынды елім, Тұрасың дәйім жыр басы болып. Бостандық шақта туылып едім, Тәуелсіздіктің құрдасы болып. Қаламым менің қауырсын құсым, Шабытты байлап қанатты қақтым. Сондықтан болар болашақ үшін, Өзгеден гөрі жауаптырақпын. Ұрпаққа үндеп мен тіл қатамын, Көгімде қыран ғажап ұшқаның. Жасасын елім, Ұлы Отаным, Бұл менің елім – Қазақстаным! Туған жер Жаңбыр үнін, Жаңғырығын, Көк Тәңірі сыйлаған. Тұнығындай, Ғұмырындай, Бар тірлікті жинаған. Таза ауа, Емге дауа, Бәрі жерден жаралған. Адамзаттың Бар баласы Туған жерден нәр алған. Сондықтан да, Ұлы адамзат – Туған жерін сүйеді. Жатыр әнің – Топырағың, Киелі ғой, киелі. Әлемдерді, Әуендерді, Күй кешеді тыңдап ел. Алғысым көп, «Армысың» деп – Сәлем бердім, туған жер! Баяғыдай сені жақсы көремін... Білмей-ақ қой, сұрама да себебін, Болмаса да әлдеқандай берерім. Қанша маған суығанмен, бәрібір, Баяғыдай сені жақсы көремін. Көңіліме алуан ой түйемін, Өзің тапқан сезім еді кие-мұң. Қанша мені ұмыта бер, бәрібір, Баяғыдай сені әлі сүйемін. Мұны.. мұны қимастықтан деп білем, Кешер едім күйге оранар сәтті мен. Жалықтырған, зарықтырған кей кезде, Қабақ шытып мен өзіңді жек көрем. Қашан, қашан ауыр мұңнан арылам, Бүйтіп жүріп бір күні мен жарылам. Төзім қайсы төгер едім көл қылып, Сені қалқам, аямай-ақ сағынам. Айтшы, жаным, нелер қалды естегі, Саған сезім өшпеді-ау, өшпеді. Қайтем, күнім, бағасын айт, бер белгі, Артық айтсам кешір мені, кеш мені. Шыдау керек... Мойымаймын бойымда сабыр барда, Қара түнек дауылды жамылғанда. Ер жігіттің қастерлі қағидасы, Шыдау керек жеңілге, ауырға да. Шабытымды а Құдай, жандыр мына, Муза менің есімді тандырды ма?! Жыр дұғасы жетелеп алғыс айтам, Талай рет жылатқан тағдырыма. Көңілдегі көгершін жылап ұшқан, Армандай ма бақытты тым алыстан. Жарқын күнге жол бастап келе бермес, Өмір деген дейсің бе қуаныштан? Уақыт өтіп бәріне иланасың, Мезгіл емес, бейуақыт қиналасың. Жабырқама! Жасқанба! Көтер басты! Жігерлілік ақ туы күйге орасын. Бастан кешкен әр істі таны, достым, Қара мұңды қашанғы жамыласың. Қызығы мен шыжығы қатар жүзген, Біле білсек, өмірдің заңы осы. Пайғамбарды аңсау Оңаша қалып ой келер түрлі, Ақынның жалғыз мұраты өлең. Бисмиллаһпен бастайын жырды, Жаратушының ұлы атыменен. Əуелі Алла бағынған ғалам, Ғаламмен бірге шығар сөзіміз. Саллаллаһу алейҺи уа салләм, Пайғамбарымыз – асыл Тəжіміз. О, Расулаллаһ, тұғырлы күшің. Аспандай мына түнерген. Ислам дінін ұғыну үшін. Рақым етіп жіберген. Хақ жолыңды сұрады білем, Адасқан жандар сыртта қалған. Қаншама мүмін жылады білем, Сенің ғазиз хұттабаңнан. Жұмақтан терең сыр ұқтырдың, Қарсы шыққан қауым үшін. Жай ғана үнсіз күліп тұрдың, Сен сондай ғажап сабырлысың. Жығылды білем сəждеге басың, Құлшылық қылдың күн деп, түн деп. Қасиет тұнып төгілді жасың, «Үмметім» деп, «үмметім» деп. Я Расулаллаһ, сені сағындым, Шапағат етіп нұрыңды төкші. Ісіме тынып жиі жаңылдым, Түсіме кіріп бақытты етші. Дене рух бірге анық жаңарған, Сүйеніш болған шыбын жаныма. Шүкір деймін жарық ғаламда, Мұсылман болып туылғаныма. Ағатай, ішпеші тек арағыңды Ұқпадым аға, сенің қалауыңды, Біле алмай тағы жүрміз хабарыңды. Айтсаң айт әлдеқандай талабыңды, Ағатай, ішпеші тек арағыңды. Бес күн болды ырыққа көнбегелі, Жөндегенді білмейсің, емдегенді. Ызақордың әлегін салып жүрсің, Көп болды ғой өзіңді көрмегелі. Бір кездері өмірді сүйіп едің, Көздегенің көк аспан биік еді. Қызығы мол өмірде адасардай, Ағатай, сенікі қай күйік еді? Бөтелкелес достардың қатарында, Ойладың ба бізді аға, жатарыңда Оттай жанған көзіңнің нұры тайып, Өсіп-ақ кетіпті ғой сақалың да. Ағатай, арағыңды қоя салшы, Бауырлардан үлгілі, ой алсаңшы. «Жан қалтам» деп егіле жылап жүрген, Ең болмаса анамды аясаңшы. Інің солай өкпесін жолдады ма, Үмітің әлде тағы алдады ма? Айнадан тек өзіңді көре бермей, Үңілсеңші әйнектің ар жағына. Көре тұра қара мұң жамылғанын, Достарың да қасыңнан табылмады. Қиындықта әрдайым демеу болар, Алаңдап жүр жаныңда бауырларың. Бізге сенің келбетің жақұт-үлгі, Сезінерсің әлі де бақытыңды. Бес күндік азап тағдыр шеккеніңше, Бес парызға арнасаңшы уақытыңды. Ашулансаң сені тек шайтан ұғар, Өмірдің де бізге көп айтары бар. Сүрінбеші сынақтан жеңілмеген, Нағыз ер бір құласа қайта тұрар. Сізге біз үлкен үміт артамыз да, Қуандық талай сіздің арқаңызда. Ағатай, тасташы қу арағыңды, Күлімдеп қайта келші ортамызға. Мейірімді болайық! Мынау ғазиз әлемнен, Жылулық табайық. Шуақ шашып күнменен, Жұлдыздайын жанайық. Ынтымақтың, бірліктің, Іргесін біз қалайық. Бірімізге-біріміз, Жақсы көзбен қарайық. Бәріміз де бөлекпіз, Жүрейікші демеп біз. Бірімізге-біріміз, Әрқашан да керекпіз. Бақыт құсын ұшырып, Жақсылыққа балайық. Сүрінгенге ұсынып, Қолымызды алайық. Жүректі әсте кірлетпе, Онсыз да өмір дүрмекте. Құрметтесе сені егер, Сен де оны құрметте. Бұзсақ егер бұл шартты, Ісіміздің бәрі айып. Адамға адам жанашыр – Мейірімді болайық!
Жаңатас қаласы Сарысу ауданы