Кәсіп

«KAZ-IRAGRO» ӨНІМІ ШЕТЕЛДЕ ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ

«KAZ-IRAGRO» ӨНІМІ ШЕТЕЛДЕ ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ

Бүгінде іргелі өндіріс ошақтарының алдына қойылған басты міндеттердің бірі экспорттық әлеуетті арттыру екені белгілі. Бұл ретте өңірімізге ағылып келіп жатқан инвесторлардың атқаратын рөлі де ерекше. Өйткені шетел инвестициясын тарту – облыс үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін де өте маңызды. Айталық, инвестор қай аймақтан өндіріс ошағын ашса, сол маңайдағы жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылады, тиісінше шалғайдағы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да түзеле түседі.

Әлбетте, кез келген инвестор әуелі өз кәсібі үшін ыңғайлы жерді іздейді. Шикізат қоры мен тасымал, орналасатын жерінің инфрақұрылымы мен кәсіпорынға ыңғайлы жер іздеу сынды мәселелер оңтайлы шешілер болса, кез келген инвестор өз жұмысын бастап кетеді. Айта кету керек, облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауданымыз бүгінде инвесторлар үшін өте қолайлы аймақ болып тұр. Оны ауданға күнделікті келіп-кетіп жүрген шетелдік инвесторлардың көптігінен де аңғаруға болады. Оның үстіне Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан дайын өнімді тасымалдауға таптырмайтын аймақ. Қазіргі кезде осындай мүмкіншіліктерді ескерген инвесторлар Шу ауданы аумағынан түрлі бағыт бойынша өз істерін ашып, кәсіптерін дөңгелетуде. Солардың бірі – аудан іргесіндегі Бірлік ауылдық округінде орналасқан «Kaz-IrAgro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мақсары майын өндірумен айналысатын ирандық компания ауданда 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобалық құны 3 миллион АҚШ долларын құрайтын кәсіпорында бүгінгі күні 70-ке жуық адам жұмыс істейтін болса, оның жартысынан көбі жергілікті тұрғындар екен. Өндіріс ошағы толық қуатында жұмыс істесе, тәулігіне 6 тонна мақсары майын өндіруге қауқарлы көрінеді. Серіктестік қазіргі кезде бірқатар Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мәселен, Алинагиян Хамидрезаның иелігіндегі кәсіпорын «Safloria» атауымен шығатын өнімді өткен жылдары Германия, Нидерланды, Чехия және Өзбекстанға экспорттап келсе, биылдан бастап өз өнімдерін Жапония мемлекетіне өткеріпті. Осылайша олар Жапон елінің нарығына шығып отырған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын саналып отыр. Айта кету керек, «KazIrAgro» ЖШС өткен жылдың өзінде 801 тонна сафлор майын экспортқа шығарған. Тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары мен арпа және бидай өсіретін егістік алқабы да бар. Сонымен бірге өндіріс ошағындағы май құюға арналған құрылғылары да жыл өткен сайын жаңарып тұрады екен. Мәселен, биыл Германиядан қуаттылығы күніне 9 тонна болатын арнайы жабдық 175 миллион теңгеге сатып алынып, толық орнатылыпты. Бұл да өз кезегінде өнім көлемінің артуына септесетіні сөзсіз. Бүгінгі таңда шетелдік нарықта өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген іргелі кәсіпорын алдағы уақытта өнім көлемін бірнеше есеге арттыруды көздеп отыр. Алайда бүгінгі таңда суықтай сығылған сафлор майын өндіретін серіктестікке шикізат мәселесі едәуір қолбайлау болып отырған көрінеді. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өнімді экспортқа шығару қиындық тудырмайды. Өйткені мұнда өндірілетін «Safloria» майына сұраныс өте жоғары көрінеді. Десе де компанияға қажетті жер мен шикізат қана ирандықтардың толық қуатында жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Қалай десек те аймақ басшыларының шетелдік инвесторға деген игі көзқарасы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалына әсер етпей қоймайды. Сондықтан көп ұзамай аудан басшылығы да бұл мәселені тиімді шешеді деген ойдамыз. Ерғали ҚАРТАЙҒАН, журналист, Шу ауданы