Әлеумет

ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ ЗАМАНАУИ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мәжіліс залында «Тілді үйретудің заманауи әдіс-тәсілдері» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» өңірлік филиалының ұйымдастыруымен өткен басқосуға жоғары оқу орындарының оқытушылары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас мамандары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, тіл жанашырлары қатысты. 

Жиынды ашып, жүргізген халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» өңірлік филиалының төрағасы Эльмира Мырза-Ғали аталмыш конференцияның маңыздылығына қысқаша тоқталды. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, тілдерді оқыту орталығы ашылғалы бері қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша 42 118 адам дәріс алған. Оның ішінде қазақ тілі курсынан 29 881 адам өтіп, яғни 85 пайызын өзге ұлт өкілдері құрап, жыл сайын тіл үйренушілердің саны 30 пайызға артыпты. Мұнан соң онлайн режимде «Мәміле» қоғамдық қорының директоры, қоғам қайраткері, «Ситуативті қазақ тілі» үш томдық кітабының авторы Қанат Тасибеков «Ситуативті оқытудың сәтті тұстары» тақырыбында баяндамасын ұсынды. Ол өзінің мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі қазақ халқының салт-дәстүрлері, менталитеті мен дүниетанымының негізінде жасалғаны туралы атап өтті. Сонымен бірге филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қосымованың мәтінмен жұмыстың негізгі бағыттары, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зиба Құламанованың қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелері тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды. Бұдан бөлек М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Балмира Мырзабай «Қазақ тілін оқытудың интербелсенді әдістері» туралы, Антон Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Салтанат Жұмабекқызы «Көркем мәтінді талдау түрлерін қолдану арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыру» жайында және «125 EDUCATION» ЖШС мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Керімжанұлы «Тіл оқытудағы креативтілік – заман талабы» тақырыбында баяндама жасап, конференцияға қатысушылар пікір алмасты. Шара соңында баяндамашылар алғыс хаттармен марапатталды.

Айжан ӨЗБЕКОВА