Жаңалықтар

Скринингтен уақытылы өтіңіз

Скринингтен уақытылы өтіңіз

2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру, ауруды ерте сатысында анықтау және алдын алу мақсатында осы жылдан бастап ауыл тұрғындары үшін скринингтер енгізілген еді. 

Қазіргі таңда ауданда жасына сәйкес скринингтік тексеруден қуықасты безі қатерлі ісігі бойынша 55-70 жас аралығындағы 806 ер адам өтіп, олардың ішінде 4,9 пайызында осы ауру белгісі бар екені анықталды. Қанайналым жүйесі, қант диабеті, ішкі көз қысымы бойынша 18-29 жас аралығындағы 3 200 тұрғынның 9 пайызы аталған дертке шалдыққан. 18-70 жас аралығындағы 7 326 адамның 4 пайызында асқазан-ішек жүйесі бұзылған. 18-70 жас аралығындағы 7 389 адамның бүйректің созылмалы ауруына шалдығу көрсеткіші – 6,1 пайыз. Өкпенің созылмалы ауруы бойынша 50-70 жас аралығындағы тексеруден өткен 2 307 тұрғынның 0,5 пайызының бойынан осы дерт табылған. Негізінде скринингтік зерттеу аяқталғаннан кейін дәрігер бейінді мамандардың және зертханалық-диагностикалық зерттеулердің қорытындысын ескере отырып, динамикалық бақылаудың тиісті топтарын айқындайды. Мәселен, 1А тобы – қауіп факторлары жоқ дені сау, яғни ешқандай шағым бермейтін және анамнезінде және тексеру кезінде созылмалы аурулары, қауіп факторлары немесе жекелеген органдар мен жүйелердің функцияларының бұзылуы анықталмаған адамдар. 1Б тобы – қауіп факторлары бар дені сау, бақылау мен профилактикалық араласуды қажет ететін тәуекел факторлары, шекаралық күйлері анықталғандар. 2-топ – іс жүзінде сау, соңғы 2 жыл ішінде өршусіз жедел және созылмалы ауруға душар болғандар. 3-топтағы науқастар, яғни динамикалық бақылауды, емдеуді және сауықтыруды қажет ететіндер. Тексеру барысында анықталған созылмалы аурулары бар адамдар денсаулықты қалпына келтіруге, сауықтыруға және нығайтуға бағытталған емдеу-профилактикалық іс-шаралар кешенін кеңінен жүргізе отырып, созылмалы аурулар тізбесіне сәйкес есепке алынуға және динамикалық бақылауға жатады. Жіті аурулар анықталған кезде тексеру, емдеу жүргізіледі, содан кейін толық сауығып кеткенге дейін денсаулық жағдайы бақыланады. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеруді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында осы жылы 1, 3, 6 және 14 жастағы балаларға баса назар аударып, сондай-ақ зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін қоса отырып, профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін кеңейту жоспарлануда. Скринингтен өту үшін әркім тіркелген жері бойынша емханаға баруы керек. Ол үшін әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінде скринингтік кабинеттер бар. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді ала келгеніңіз жөн.

Батырбек ҮСЕНБАЕВ, Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері