Жастар

Алғыс арқалаған Айна

Алғыс арқалаған Айна

Бүгінде дәрігер болуды армандайтындар аз емес. Алайда екінің бірі ақ халатты абзал жан атана алмасы анық. Бұл тұрғыда дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандықты игеру жеткіліксіз. Білікті дәрігер болуға адам өміріне жауапкершілік, ерекше құлшыныс пен күнделікті ізденіс, біліктілікті арттырып отыру маңызды. Медицина маманына үлкен жүректілік те аса қажет.

Айна Шалқар – Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы. Ол №15 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Мектепті аяқтай салысымен дәрігер боламын деген бала арманын желкен етіп, Қарағанды медициналық университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім алады. Сонымен қатар интернатураны қоса тәмамдайды. «Туған жерге туың тік» деген сөздің мәніне терең үңілген жас маман қолға диплом алған бойда өз ауылына қарай құстай ұшады. Бүгінде ол аудандық емхананың жалпы тәжірибелік бөлімінде дәрігер қызметін атқарып, басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың еміне шипа жасауға еңбек етуде. Жас маманға Қайрат ауылы және Б.Момышұлы ауылындағы Батырбек Датқа, Тұрар Рысқұлов көшелері бекітіліп берілген. Яғни жас маман осы аймақтағы тұрғындардың денсаулығын жіті бақылауда ұстайды. – Ұлт саулығы – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына бейжай қарамауы керек. Аурудың алдын алу өте өзекті. Дегенмен денсаулығына салғырттық танытатын азаматтар да жоқ емес, – дейді Айна. – Мен қарайтын аймақтағы жалпы халық саны – 1500 адам. Оның ішінде ересек те, бала да, ерекше күтімді қажет ететін науқастар да бар. Дәрігер қарауына жүрек қан тамыр ауруларымен, артериальді қан қысымы бар науқастар, қант диабеті, соңғы кездері буын ауруларымен жүгінетіндер көп. Маған екі медбике –Дина Есенқұлова және Жадыра Мәден есімді медбикелер көмек көрсетеді. Бірі ересектердің денсаулығына жауап берсе, енді бірі балалардың жай-күйін назарда ұстайды, – дейді жас маман. Айнаның дәрігер болуына, аудандағы белгілі, білікті хирург Қалды Байрамов түрткі болған екен. Өз айтуынша, ол мектепте оқып жүрген кезінде соқырішек ауруымен ауырып ауруханаға түсіп қалады. Осы кезде, Айнаға отаны Қалды Байрамов жасайды. «Маған ол кісінің дәрігер ретінде өз-өзін ұстауы, біліктілігі ұнады. Сол сәттен бастап мен дәрігер боламын деп шештім», – дейді жас маман. Білікті дәрігер болуды армандайтын кейіпкеріміз ылғи ізденіс үстінде жүргенді ұнатады. Медициналық кітаптарды үзбей оқып, білімін жетілдіріп отырғанды жөн санайды. Медицина саласында жас жігерімен еңбек етіп жүрген А.Шалқар секілді жастар аудан медицинасының дамуына үлес қосады деген сеніміміз мол.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы