Әсел Жақсылық қобыз құдіретін әлемге паш етті
Әсел Жақсылық қобыз құдіретін әлемге паш етті
Жоба қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының ұйымдастыруымен, Ақтөбе облысы әкімдігі, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы және Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының қолдауымен өтті. Фестиваль Балалар жылы аясында және ЮНЕСКО клубтық қозғалысының 75 жылдығы мерекесі мен Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүшелігіне 30 жыл толуына орай бастау алды. Жобаның бас серіктестері – Еуразиялық топ (ERG), сондай-ақ Exxon Mobil Kazakhstan, TengriNews, Qazaq Ballet, The Names beauty coworking компаниялары болды. Фестивальдың гала-концертіне дейін дәстүрлі өткізілетін 12-17 жас аралығындағы 3 мыңға жуық вокалдық, хореографиялық және аспаптық номинация өкілдерінің аймақтық және халықаралық іріктеу кезеңдері өткен еді. Қазақстанның барлық өңірінен іріктелген жас дарындар мен шетелдік жас жұлдыздар «The Planet of ART – 2022» халықаралық фестивалінің финалында өнер көрсетті. Фестивальға Армения, Әзірбайжан, Грузия, Иран, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің жасөспірімдері қатысты. Жобаның кең ауқымы, толықтай ақысыз және ашық негізде ұйымдастырылуының нәтижесінде барлық қатысушы, оның ішінде әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары да қарым-қабілеті мен дарынын паш етуге мүмкіндік алды. Іріктеу кезеңінен өткен дарынды балаларға гала-концертке дайындалу мақсатында сегіз күндік бағдарлама ұйымдастырылған. Бағдарламаның көп сағаттық репетициялары мен оқу-мәдени бөлігінен басқа еліміздің көрнекті өнер жұлдыздарының шеберлік сабақтары өткізілді. Фестивальдың 38 финалисі көрерменнің көзайымына айналды. Әлем елдері қатысқан айтулы фестивальда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған Жамбыл ауданындағы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің тәрбиеленушісі Әсел Жақсылық «Аспаптық номинация» бойынша бас жүлдені иеленіп, ұстазы Сәуле Маманованың сенімін ақтады. Жерлесіміз қобыз аспабымен әлемнің эстрада өнер әншісі – Майкл Джексонның бейбітшілік тақырыбындағы өлеңін, әлемнің таңдаулы күйлері мен еліміздің әуендерін шырқап, көпшіліктің назарын өзіне аударды. – Фестивальға қатысуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Осы сегіз күнде ақкөңіл әрі талантты адамдардың арасындағы айрықша өнер атмосферасында болдым. Осы қысқа уақыт ішінде тату бір отбасыға айналдық. Осы жердегі әрбір сәтті ілтипатпен еске алатын боламын. Ауданымда жанашырлық танытып, жетістігіме өзіммен бірге қуанған өнер мектебінің директоры Сарбиназ Қосанованың қолдауы мен риясыз көңілін сезіндім. Ата-аналарым да жетістігімді естіп, шат-шадыман болғанын білемін. Қолдау білдірген барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Ең бастысы елімнің атын шырғалаңның түкпір-түкпірінен келген әріптестеріме таныта алдым, – дейді Әсел Русланқызы. Жобаның жеңімпаз-лауреаттары бағалы сыйлықтар мен халықаралық дәрежедегі дипломдармен марапатталды. Марапатталғандардың арасында жерлесіміздің өнері көпшіліктің есінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз.
Ақжігіт Жетпісбай, журналист, Жамбыл ауданы