Жаңалықтар

Қылмысқа-қылбұрау

Қылмысқа-қылбұрау

Ашық түрде ақша жымқырған

Тараз қалалық Полиция басқармасына шаһар тұрғыны ықшамаудандардың бірінде орналасқан балаларға арналған киімдер сататын дүкеннің кассасынан белгісіз біреудің 100 000 теңге көлемінде ақша ұрлап кеткенін айтып арызданған. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті ретінде облыс орталығының 33 жастағы тұрғыны анықталды. Ол жасарын жасап алғаннан кейін Алматы қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтеріне жасырыныпты. Қолға түскен ұры өзіне тез арада ақша қажет болғандықтан ашық түрде кассадан қаржы жымқырғанын және бейнебақылау камерасын байқамағанын айтқан. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі бойынша (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Автокөлік ұрлауды кәсіпке айналдырған

14 тамызда таңғы сағат 6:30 шамасында Тараз қаласының бір тұрғыны Тараз қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына хабарласып, шаһардағы ықшамауданның біріндегi автотұрақтан «ВАЗ» маркалы автокөліктің жоғалғанын жеткізген. Полиция қызметкерлері осы іске қатысты шұғыл іске кірісіп, көп ұзатпай Байзақ ауданының 33 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Сөйтсек күдікті осы уақытқа дейін қала аумағындағы Ресей мемлекеттік тіркеуінде тұрған автокөліктердi түнгі мезгілде ұрлап, басқа облыс тұрғындарына төмен бағада сатып келіпті. Ол бұған дейін 13 автокөлікті қолды еткен. Күдікті өз кінәсін толығымен мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бүгінде аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы 1- тармағы негізінде (автомобильді құқыққа сыйымсыз иемденіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жамбыл облысы Полиция департаменті осыған ұқсас ұрлықтың алдын алу мақсатында жүргізушілерге қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтауға кеңес беруде. Сондай-ақ көліктерге ең алдымен ұрлыққа қарсы дабыл жүйесін орнату, есігін ашық қалдырмау, түнде көлікті гаражға немесе күзетілетін автотұраққа қою, ішінде бағалы заттар мен құжаттар қалдырмау қажеттігін ескертіп жатыр.

Жоғалған жасөспірімдер тәулік ішінде табылды

Тараз қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына 16 тамыз күні сағат 23:50 шамасында Жуалы ауданының бір тұрғынынан 11 және 12 жастағы балаларының үйден шығып, қайта оралмағандығы жайлы хабарлама түскен. Аталған дерек бойынша Полиция басқармасының жеке құрамы және ерікті азаматтардың қатысуымен қала аумағындағы саябақтар, қараусыз қалған ғимараттар, базарлар мен жасөспірімдердің баруы мүмкін деген жерлер жіті тексерілген. Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің тәулік бойы жүргізген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде таңғы сағат 07:20 шамасында қала iшiнде орналасқан көпірдің бірінің астынан ұйықтап жатқан жасөспірімдер табылды. Қазіргі таңда балалар аман-есен ата-анасына табысталды. Олармен арнайы психолог мамандар профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жалпы талдау нәтижелеріне сәйкес, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыс бойынша іздестіру жарияланған хабар-ошарсыз кеткен адамдардың саны екі есеге қысқарған. Мәселен, 2021 жылы 97 адамға іздестіру жарияланып, 82-сі анықталыпты. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар саны – 13. Ал биыл 43 адамға іздеу жарияланып, 31-і анықталған. Оның 7-еуі кәмелетке толмағандар.

5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету айлығын өткізу кезінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері республикалық және аудандық маңызы бар жолдарды күшейтілген режимде патрульдеуде. Осы іс-шараның өтуі барысында Сарысу ауданында «Нива» маркалы автокөлікті мас күйінде басқарған Жаңатас қаласының 57 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, жол қозғалысы ережесін өрескел бұза отырып, қашып кетуге тырысқан. Арақ ішіп, автокөлік тізгіндеген күдіктінің бұрын сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Енді ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Есірткі сатқан есерсоқ

Жамбылдық полицейлер алғашқы дозадан-ақ тәуелділікке әкеп соғатын есірткінің ең ауыр түрлерінің бірі героин сатумен айналысқан күдіктіні ұстаған бейнежазба жариялады. Күдікті ұзақ уақыт бойы облыс орталығының аумағында аса ірі мөлшерде «героин» есірткі затын өткізумен айналысқан. Оның тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстарын жүргізу барысында үйінен жалпы салмағы 10 грамм «героин» табылып, тәркіленді. Күдікті облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесе отырып «Қарасора-2022» республикалық іс-шарасын өткізу барысында қолға түскен. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша (Есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған бірқатар тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған бапқа сәйкес күдікті 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қару-жарақ іздеу жұмыстары жалғасуда

Жамбылдық полицейлер ұрланған қаруларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын үздіксіз жүргізуде. Мәселен, жақында облыстық полиция департаменті көліктегі полиция басқармасының мамандары қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Тараз қаласында орналасқан зират аумағынан қара түсті полиэтилен пакетін тапты. Оның ішінен 2 тапанша, 1 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 17 патрон және 1 темір қалқан шыққан. Сондай-ақ 2022 жылғы 4 тамызда көліктегі полиция басқармасының мамандары УЖД 158/1мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, Жамбыл ауданының аумағынан ақ түсті полиэтилен пакетін тапты. Оның ішінен ПД-дан ұрланған 1 автомат, 1 қос ауызды тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылған. 8 тамызда да облыс орталығының аумағында тас үйіндісінің астынан көк түсті қап табылып, оның ішінен де 1 тапанша, 1 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы шыққан. Сол күні жанармай құю бекетінің жанынан бір автомат табылған. Ол бойынша тиісті сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды. Осы жылдың 1 тамызынан бастап барлығы 8 бірлік атыс қаруы, оның ішінде 3 тапанша мен 2 автомат табылған. Облыстық полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адамның, егер басқа құқықбұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке де кепілдік беріп отыр.

Дайындаған Ақтоты Жаңабай