Ең төменгі жалақы кезең-кезеңмен көтеріледі – Еңбек министрі
Ең төменгі жалақы кезең-кезеңмен көтеріледі – Еңбек министрі
«Келесі жылы ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге дейін өседі. Бүгін Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың 18%-ға жуығы 45-150 мың теңге аралығында табыс табатынын мәлімдеді. Қазақстандықтар 70 мың теңгеге қалай өмір сүреді?»,- деп сұрады журналистер Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін. Еңбек министрінің айтуынша, 70 мың теңге – еш біліктілігі жоқ қызметкер үшін ең төменгі жалақы. Сондай-ақ, Т. Дүйсенова халықтың табысын арттыру мақсатында тағы қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндірді. «Бюджеттік ұйымдардың барлық жалақысы өсіп жатыр. Білім беру ұйымдарынан бастап келесі жылға қарай екі есе, денсаулық сақтау саласында – 2024 жылға қарай, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 2025 жылға қарай жалақы екі есеге артады. Компаниялармен жұмыс жүріп жатыр, тиісті меморандум бар – орта есеппен жалақы 20-дан 30%-ға дейін көбейтілді. Ең төменгі жалақы мөлшері экономикаға, орташа айлық жалақыға әсер етуі керек», - деді Тамара Дүйсенова. Министр дәл қазір барлық жалақы көтеріліп, Еуропадағыдай болады деп айту мүмкін еместігін жеткізді. «Бірақ жалақы кезең-кезеңімен көтеріледі. Келесі жылы жалақы арта бастайды. Өткен жылы қандай жалақы болғанын және қазір орташа жалақы қандай екенін салыстырыңыздар. Былтыр 70 мың теңге алған адам мемлекеттік кәсіпорында жұмыс істесе, келесі жылы және алдағы үш жылда жалақы 25-тен 35%-ға дейін көтеріледі. Егер бұл жеке сектор болса, онда әлеуметтік әріптестік аясында бірлескен жұмыс жүргізіледі», - деп түсіндірді Еңбек министрі.