Қоғам

Қаңғыбас иттің қорғаны жоқ демеңіз...

Қаңғыбас иттің қорғаны жоқ демеңіз...

Кейінгі уақыттары қаңғыбас иттерден зардап шеккен оқиғаларды жиі еститін болдық. Әрине, иесі жауапкершілігін лайықты сезініп, бақылауда ұстамаса, азулы иттен келер қауіп көп. Әсіресе аңғал да қорғансыз балалар үшін қатерлі. Одан бөлек, ауру тарату қаупі тағы бар. Міне, сондықтан да жануарлар иелеріне жауапкершілік Заңмен жүктелген. Ал қараусыз қалғандарының көзін жоятын арнайы мамандар да бар. Дегенмен оған қарсы шығатындар да жоқ емес. Бұл дау қаншама уақыттан бері оң шешімін таппай келе жатқанын жұрт жақсы біледі. Жақында облысымызға келген Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас маманы Талғат Ердешев осы мәселеге орай жауапты мамандармен және қоғам белсенділерімен кездесіп, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды түсіндірді. 

Жауаптылардың айтуынша, Заңның кей тармақтары бір-біріне қарсы келетін көрінеді. Соның салдарынан жұмысты талапқа сай жүргізуге кедергісін тигізетін тұстары жетерлік. Иесіз ит-мысықтарды аулап, жоюға Заң рұқсат бермейді. Көзін жоймай-ақ олардың ауру еместігін анықтаудың машақаты да көп, қаржыны да айтарлықтай қажет етеді. Ал бұған жергілікті атқарушы биліктің қолы қысқа. Кездесу жиынында облыс әкімінің кеңесшісі Нұр-Мұхаммед Ниязбеков бұл жағдайды ашық айтты. Ал облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаевтың айтуынша, иесіз иттер уақытша ұстайтын панажайлармен қамтылып жатыр екен. – Ауланған жануарларды уақытша ұстау панажайы Тараз қаласында ветеринариялық стансасы тарапынан жалға алынып, жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта бұл жерде иесіз иттерді уақытша ұстап отырмыз. Ауланған иттер азықтандырылып, қажет болған жағдайда ветеринариялық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар мұндай панажай Сарысу, Талас аудандары әкімдіктерінің тарапынан қамтамасыз етілуде. Мойынқұм ауданы әкімдігінің күшімен иесіз жануарларды уақытша ұстау орнының құрылысы аяқталды. Тараз қаласының әкімдігі уақытша ұстау орнының құрылысына қаражат бөліп, қазір мердігер анықталуда. Қалған аудандарда жер телімдері бөлініп, қаржылары қарастырылып жатыр. Облыс аумағындағы Тараз қаласы және аудандардың ветеринариялық стансалары құрамында иесіз қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулайтын барлығы 11 бригада бар. Қаңғыбас иттерді аулау адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатердің алдын алу үшін жасалады. Жануарлар аурулары мен олардың салдарының алдын алу және жою, халықты адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады. Егер қараусыз қалған жануар агрессивті болса және адам мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтырудың клиникалық белгілері болса, пневматикалық құралмен ұйықтататын дәрілер қолданылады. Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы «Жамбыл облысы аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» және «Жамбыл облысы аумағында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің» қағидалары бойынша барлық мүдделі мекемелердің келісімін алды. Сондай-ақ ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына ілініп, 15 күн талқылаудан өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізілді. Айтылған ұсыныстар мен ескерулер пысықталып, жаңа редакцияда жобалар әзірленіп, бүгінгі таңға облыс әкімдігінің ресми сайтына орналастырылды. Енді қыркүйек айында өткізілуі жоспарланып отырған облыстық мәслихаттың сессиясына ұсынылады, – деді Нұржас Нұржанұлы. Н.Құрмантаев қаңғыбас иттердің көбеюі иелерінің бос жіберіп қоюынан да орын алатынын, күшік кезінде асырап, бағып-қағып, кейін өскен соң бос жібере салғандықтан иттің адамдарды тістеу фактілері азаймай отырғанын айтады. Аталған басқарма басшысының берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 2 172 адам жануарлардан зардап шеккен. Оның ішінде 1001-і он төрт жасқа дейінгі жасөспірімдер болып шықты. Тараз қаласының тұрғындарынан «Жамбыл-109» диспетчерлік орталығына иесіз иттерді аулау бойынша жыл басынан 1 733 өтініш, иттері мен өлекселерін алып кету бойынша 363 өтініш түскен екен. Біз сөз етіп отырған Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы қазір заңды күшіне енген. Аталған Заңның талаптарына сәйкес, көшеде жүрген қаңғыбас жануарлар адам мен жануарлардың өміріне нақтылай қауіп төндірсе немесе ауру белгілері анықталса және де үш иттен аса топталып, үйірленіп жүріп, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе, кідірмей жойылатын көрінеді. Осы Заңның талаптары бойынша жануардың иесіне немесе жауапты адамға бірқатар жауапкершіліктер жүктелген. Атап айтқанда, олар иелігіндегі жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып асырауға және ұстауға, облыстық мәслихатпен бекітілген арнайы қағидаға сәйкес есепке алуға, уақтылы вакцинация жасатуға, жануарына жауапкершілікпен қарауға және қатыгездік көрсетпеуге, басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе саулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауға, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеуге міндеттелген. – Аталған Заң талаптарында тұқым алу қажет болмаса жануарларға стерилизация жасауды қамтамасыз ету міндеті де қамтылған. Иттерді өз бетінше серуендетуге, қоршалмаған серуендету орындарында тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз серуендетуге, итті алты жасқа толмағандардың, мас адамдардың жетектеп жүруіне тыйым салынады. Ветеринариялық стансалармен аралау және тұрғындардың шағымдары мен өтініштері бойынша да аулау жұмыстары жүргізіледі. Иелері табылған иттер иелеріне ерекше талаптарға сәйкес беріледі. Сұраныс болмаған иттер мен мысықтар айналасына қауіп төндірмейтін, жұқпалы аурулардан таза болған жағдайда стерилизациялау жүргізіліп, құтырма мен обаға қарсы екпе егілгеннен және құлақтарына сырға салынғаннан кейін ұсталған жеріне жіберіледі. Қызыл сырға стерилизация жасалған, жасыл сырға вакцина егілгендігін аңғартады. Үй жануарларын тіркеуге алу жүргізіледі, ол иелері есебінен қаржыландырылады. Тек әлеуеті төмен отбасыларға бюджет есебінен жүргізіледі. Осы жинақталған есептерді әр тоқсан сайын аудандар жолдайды. Облыс жинақтап, уәкілетті органға жібереді, олар өз кезегінде деректер қорын жүргізеді. Заңның бұл нормасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің» 407-1 бабына сәйкес қылмыстық белгілері болмаса жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Қателік бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі екі есеге ұлғайтылады, – дейді Нұржас Құрмантаев. Қоғамның қауіпсіздігін қамтитын Заң шығып, талаптары таныстырылып, жауапкершілік жүктелсе де бұл мәселенің айналасындағы дау әлі де бітер емес. Көп ішінен иесіз ит-мысықтарды аулауға қарсы шығатындар да табылып жатыр. Жақында ғана аталмыш Заңды талқылау мақсатындағы дөңгелек үстелдің айғай-шуға ұласқаны сөзіміздің айғағы. Әрине, жануарға жанашырлық қажет, бірақ оны жауапкершілікпен ғана көрсете аламыз. Әрбір жануар иесі өз жауапкершілігін ұғынып, үдесінен шыға білсе, қиындық та тумас еді, дау-дамай да болмас еді. Көп сөзден нақты бір іске көшкен абзалырақ. Қамар Қарасаева