Жаңалықтар

АУРАСЫ БӨЛЕК "АВАНГАРД"

АУРАСЫ БӨЛЕК "АВАНГАРД"

Ауасын жұтқан адам ақын болатын Әулиеата топырағында «Авангард» атты жас ақындардың шығармашылық кеші өтті. Кілең мықты ақындардың басын қосқан поэзия кешіне арысы Алматыдан ат арылтып келген қонақтардың да қатары аз болмады. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Тараздың төрінде V рет өткен кеш «Сағыныш сонатасы» деп аталды.

– Араға екі жыл салып қайта оралған «Авангард» өзгерістер мен жаңашылдыққа толы болды. Иә, қалың көпшіліктің жүрегінен ойып тұрып орын алған жобаның жамбылдықтар үшін орны бөлек екені хақ. Кешіміздің «Сағыныш сонатасы» деп аталуының да өзіндік себебі бар. «Ақындар бір ананың баласы» десек, әдебиет үлкен шаңырақ. Өкінішке қарай, шаңырағымыздың уықтары сиреп бара жатыр. Арамызда жүргенде жастарға өзінің қолдауын көрсетіп, барынша ақындарды бауырына басқан классик жазушы Несіпбек Дәутайұлы атамыз да бүгінде ортамызда жоқ. Серік Томанов, Бауыржан Үсенов секілді қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының келместің кемесіне мініп кеткеніне талай жылдың жүзі болды. Әрине, Жамбылда туып, аты алты Алашқа танылған ақындарымызды, жазушыларымызды қазір санап тауыса алмайсыз. Бүгінгі кешімізді қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қоржынына олжа салған ағаларымыздың рухы шат болсын деп арнайы ұйымдастырып отырмыз.  width= Поэзия – жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады. Поэзия қашанда жүрек төрінде сөз құдіретінің киесі болып қала бермек. Оған Руми мен Рудакиден бастап, Шығыстың шоқ жұлдызды классик шайырлары мың жыл бойы жырлаған Тараз шаһарының бүгінгі жырсүйер жастары һәм олардың өзекжарды, жаңашыл жырлары дәлел. Бұл сөзіміздің растығына әулиеаталық әдебиетсүйер жастар ұйымдастырған поэтикалық кеш барысында көпшілік куә болды, – деді жоба авторы, кешті ұйымдастырушы Арайлы Жақсылық.  width= Шынымен де Жамбыл жұртшылығы кешегі өткен есілдерін сағынып, жырға шөлдеп қалыпты. Аға буын өкілдері ақ тілегін жаудырса, орта буын орамды ойларын айтып, соңғы буын жастар жырларын оқыған кештің аурасы адамды өзіне тартып-ақ тұрды. Мұнда жаттанды сөзден гөрі, жалынды әндер көп айтылды. Кеш қонақтары баяу тербетілген музыка үніне елітіп, өз сағынышына оранып отырса, енді бірде құдіретті поэзияның құшағына еніп, Есенғали болып ес жиып, Табылды болып тыныс алды. Әннің құдіреті, жырдың киесі болмаса кешке қатысушылардың рухы сонша тербетілетін бе еді... Таразда өмірге келген жобаның да мақсаты – сол рух патшалығын сайрандату. Сөйтіп, еркіндік салтанат құрған кеш еркін форматта еш жаттандылыққа бағынбай, ән менен жыр арудың қос бұрымындай тең өрбіп, өріліп жатты. Ақындардың күрсінісі де, күлкісі де өлеңге сыйып кетті. Ақын Нұржан Қадірәлі өзінің Несіпбек Дәутайұлына арнаған аққанатты періште шумақтарын: Су құюға жарамай қалам құшқан қолыңа, У құюдан жан салмай ақымақтар алдына, О, сондағы бар кінәң – жаралғаның текті боп, Жалғыздықтың бағына, Жағымпаздың сорына! Тәңір жаққан шырақтың мүмкін емес сөнуі, Соны қашан көреді ей, көрсоқырдың көңілі?! Оқ жыландар шаңыңа ширатылып көмілді, Құласа да қыранның, Құзда жатар өлігі, – деп төгілтіп, күңірене еске алса, ақын Бауыржан Үсеновтің інісі Біржан Үсенов ағынан ақтарылып өлең оқып, ән айтты. Кезек жастарға келгенде жалынды жастар жаңа маздаған өрттей лапылдап, сахнаның сәнін кіргізсе, сәби болса да санасы биік Нұриман Жанғазыұлы өзінің тәтті тілімен өлең оқып, қонақтардың көңілін бірден өзіне баурап ала жөнелді. Нұриманның өнеріне қарап көпшілік «Атқа мінген баласы алты ауыз өлең, түйеге мінген баласы төрт ауыз өлең» білетін қазақтың бүгінгі жалғасы бар екен-ау деп таңдай қағысты. Ал ақын Арайлы Жақсылық өзінің соны шумақтарымен сорабы бөлек жол салып: Біздің ғасыр – жоғалтулар ғасыры, Арды, мұңды, хақты ғалам іздеген. Жарқ еткенде соңғы үміттің жасыны, Шексіздікке шер боп сіңдік біз деген! Тағдыр дейтін қу төмпешік қыр асқан, Бізді жоқтап жылайтыны көк қана. Қақ төбеңде бәріне ортақ бір аспан, Жалғыз куә дертің, сорың, баққа да, – деп төгілтті. Әрмен қарай кезек алған жастар да кезеніп тұрған әскердей өздерінің үкілеп алып келген өлеңдерін ортаға салып, көңіл марқайтты.  width= Өлең естісе Таластай тасып басылатын тараздық жұрттың таңы осылайша жырмен атты. Қысқасын айтқанда, еркіндік салтанат құрған күн болды. Енді осы сезім патшалығының мұғжизасын мұра қылған поэзия қағанаты қашанда мәңгі жасай бергей!

Шапағат ӘБДІР