Ғылым мен білімнің қайнар көзі
Ғылым мен білімнің қайнар көзі
Халқымыздың «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» деген ұлағатты сөзі білімнің баға жетпес үлкен рухани қару, аса зор өндіргіш күш екенін айғақтайды. Расында да білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш жоқ. Ол қуат күшіне арқа сүйейді. Жаңа әлемдегі Қазақстанның білімге негізгі басымдықты беріп отырғандығы содан. Өйткені білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Ұлы Абай да «Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма» деп табыстың көзі, жақсы өмір сүрудің түп қазығы білімде жатқанын жақсы айтқан. Бұл жолда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың атқарып жатқан еңбегі зор екендігін айта кету қажет. Біздің университет қазіргі таңдағы білімділер заманындағы ең білікті мамандар даярлап шығатын ең үздік жоғары оқу орны. Мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам бастар жолында өз ортаңды өзің қалыптастыратыныңды ұмытпа. Бұл университеттің 76 жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Біздің университеттің дипломы – ең озық халықаралық стандарттарға сай, ең заманауи технологияларды қолдана отырып оқытатын жоғары оқу орындарының бірі, елдегі ең жақсы университеттің үлгісі. Біздің университетті таңдау арқылы сіз біздің ірі корпорациямыздың бөлігі боласыз. Қазіргі кезде университетте 25000 студент көпдеңгейлі жоғарғы кәсіби білім беру жүйесінде оқиды. Оларға 2000-нан астам профессор, докторлар, ғылым кандидаттары және философия докторлары, 100-ден астам ірі академиялардың академиктері, 30-ға жуық Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, 30 Мемлекеттік және жеке сыйлықтардың лауреаты сабақ береді. Халықаралық «QS» агенттігінің зерттеу нәтижелері бойынша, ҚазҰУ әлемдегі ең үздік университеттер рейтингінде 220-орын алады. «Әлемдік университеттердің UI Green Metric Ranking» ғаламдық рейтингісінде ҚазҰУ 172-орынға ие болды және осылайша экологиялық таза университеттер арасындағы үздік 200 университеттің ішіндегі орнын нығайтты. Осындай еңселі білім ұясының бір мүшесі болып, дамуына өзіндік үлес қосып жүргеніміз – үлкен мақтаныш. ҚазҰУ – біздің жүрегімізде!
А.ОТАРБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы, Д.БАҚБЕРДІ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ құқық мамандығының 2-курс студенті