Жан-жануардың тілін тапқан Жанат
Жан-жануардың тілін тапқан Жанат
Видеоны қарап отырсаңыз азық-түлік қана емес, барлық тауарлардың бағасының шарықтап бара жатқанын әзіл әнмен жеткізген иесінің жан күйзелісін сиыры да түсінсе керек, бірге қосылып мөңірейді. «Мына заман қай заман, Морька?» дейді блогер. Осы сәтте сиыр мөңірейді. Сосын «Ұн мен қантты қымбаттатқан. Не дейсің?» деп сиырына сұрақ қояды. «Морька» жауап ретінде қайталап мөңірейді. «Өзімізден шығатын, өнімдер ғой қымбаттаған» деген блогердің сөзінен соң сиыр қайта реакция танытады. Бір дегенде бес мыңнан астам қаралым жинап, көпшіліктің талқысына түскен видео әлі де болса өзектілігін жоя қойған жоқ. Оқырмандарын ауыл өмірінің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, ғажайып сәттерін көрсетіп жүрген Жанат Абдалимова Тараз қаласы маңындағы Тектұрмас ауылында тұрады. Күйеуімен бірге шағын шаруа қожалықтың тасын өрге домалатып отырған келіншек тек ән айтып қана қоймай, сүт өнімдерін сату арқылы бала-шағасын асырап отыр. Блогерлікті қолға алғанына жылдан асқан Жанаттың қазіргі сәтте «Instagram» желісінде 27 мыңнан астам оқырманы бар. Тараз қаласында туып-өскенін айтқан Жанат Әкімжанқызы – бүгінде төрт баланың анасы. «Жұбайыммен бірге мал шаруашылығын дамытып отырмыз», деген ол 18 жасында тұрмысқа шыққан екен. – Өзім Қ.А.Ясауи атындағы университеттің Тараз институтын «Мемлекеттік жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітіргенмін. 1-курста оқып жүрген кезімде-ақ тұрмысқа шығып кеттім. Бірақ соған қарамастан, оқуымды аяқтай алдым. Алайда мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Тек газ саласында аз уақыт жұмыс істеп көрдім, қазір еш жерде жұмыс атқармаймын. Күйеуім екеуміз толық мал шаруашылығын қолымызға алып, сүт өнімдерін сатып отырған жайымыз бар. Бала-шағамызды осы кішігірім табыс арқылы асырап отырмыз. Күйеуім денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды, – дейді Жанат. Блогер әлеуметтік желіде өткен жылдың қазан айынан бері белсенді бола бастады. Сөзінше, оның жұлдызының жануына танымал тележүргізуші Мөлдір Анарбаеваның «Ошағың сөнбесін» телевизиялық бағдарламасы себеп болған. Жанат ханым бірінші кейіпкері болған жоба жұртшылықтың көңілінен шығып, әлеуметтік желіде жағымды пікірлер көптеп жазылды. Осыдан соң келіншекке «блогерлікті қолға алып көр, сенде елге көрсететін контент бар» деп кеңес айтқандар табылды. Ең алғаш видеоларды «Instagram» желісіне салып, осы әлеуметтік желіні пайдаланады. Ал «TikTok» желісіне тіркелгеніне бес-алты айдың жүзі болды. Бірақ өзінің айтуынша, «Instagram» желісіне қарағанда «TikTok»-та қаралым саны жылдам өседі екен. Блогер келіншек өзі түсірген видеоларын көп өңдемейтінін айтып қалды. Өзге вайнер мен блогерлер секілді монтажды көп жасамайды. Содан да болар, кейіпкеріміздің жазбалары шынайы, өмірдің нақ өзі. Кейде ғана керек емес фрагменттерді алып тастайды екен. «Instagram»-дағы «Reels»-ке азғантай ғана уақыттың видеосы сыяды. Сонда уақытын қысқартуға тура келеді. Табиғаттың әсемдігін, көркемдігін көрсету үшін біраз монтаж жасайды. «Орленок» есімді жылқысы, «Каталек», «Морька», «Гүлшетай» деген сиырлары секілді сүйікті жануарларымен трендті видеолар түсіріп жүрген Жанат Әкімжанқызы мұнысы жайлы «Құдды бір жан-жануармен достық символы сияқтымын», деп қалжыңдайды. Кейіпкеріміз осы тұста сиыр, жылқылардың, көгершін, ит, бұзаудың тілін қалай тауып жүргендігінің құпиясымен бөлісті. – Көбі менің сиырларыммен қалай сөйлесетінімнің сырын білгісі келеді. Тіпті кей оқырмандарым «осылай жүріп бір күні сиырларыңа тіл бітетін болды», деп әзілдейді. Оның ешқандай сыры жоқ. Негізінде мен оларды түсінбеймін, малдың аты мал ғой. Тек қорада күнде сиырларды сауып жүрген кезде оларға ән айтып беретінмін. Арасында сөйлеп те қоятынмын. Кейін олар да маған жауап қататын болды. Бұл кейіннен әдетке айналды десем болады. Солармен кезек-кезек әңгіме айтып тұрамын. Әрқайсысының өзінің жеке қылықтары бар, еркелеткен кезіңде соны біліп, мөңірейді. Бұл жерде мен олардың қай кезде, қалай сөйлесең жауап беретінін сезіп, темп ұстап үйрендім. Тіпті қазір өз аттарымен атасам, соны біліп, жауап қайтарады. Сондықтан бұрынғыға қарағанда видео түсіру жеңілге соғады. Әсіресе менің «Морька», «Каталек» деген сиырларым «жұлдызға» айналды. Екеуінің әнге қосылуы аса қиын шаруа емес. Бірақ ырғаққа ілесу үшін бір емес, бірнеше кадр жасайтын кездер болады. Кейде бір кадрдан түсіріп ала саламын. Әрине, мал болғаннан кейін онымен жұмыс істеу кішкене қиындау. Біздің сиырлар ән айтсаң, әйтеуір қосыла береді. Сиыр – меніңше, ақылды жануар. Мысық пен сиыр еркелегенді жақсы көреді дегенді де естігенмін. Орыстардың сиырларымен сөйлесіп, арасында еркелетіп қоятынын көретін едік. Негізі бұл дұрыс нәрсе. Сиырларға көңіл бөліп, еркелеткен сайын олар сүтті де көп беретінін біреу білсе, біреу біле бермейді. Көп оқырмандарым менің «Орлёнок» атты жылқымды да жақсы көреді. Көп уақыт жазбаларымда жарияланбай қалса, «Орленок қайда?» деп сұрап тұрады. «Жылқыны соғымға сойып жібермеші, олай етсең тірі адамды өлтіріп жатқандай қабылдаймыз» деген пікірлер қалдырып жатады көп оқырманым. Өзімнің де жылқыма деген көңілім алабөтен. «Орленок» құлын күнінде енесі бас тартып, жетім қалған жылқы. Содан да болар, адамға жақын. Екеуміздің арамыздағы ерекше сезімді «достық пен адалдық» деген бірауыз сөзге сыйдыруға болады. Иә, адам мен жануардың арасындағы сезім – сырт көзге қарағанда ғажайып ертегі секілді. Бірақ сол ғажайыпты «Орлёнок» екеуміз шынайы өмірде көрсетіп жүрміз. Жұмыстарыммен сыртқа шығып кетсем, қай уақытта келсем де жолымды тосып отырады. Құдды бір «Хатико» секілді. Алыстан айқайлап шақырсаң, шапқылап жаныңа жетеді. Жылулығыңды сезген соң басымен бетіңді сипап, еркелей жөнеледі. Жылқы деген расымен-ақ есті, текті жануар ғой, шіркін! –дейді төрт түлігін қадірлей білген Жанат. «Бала күнімнен жан-жануарды жақсы көріп өстім» деген оның көпқабатты үйде тасбақа, кірпі, мысық, тіпті қасқырдың күшіктерін асыраған кездері де болыпты. Бірақ ол кезде кәдімгі қаланың қыздары секілді төрт түлікке қатты жақын болмаған. Мал шаруашылығы дегенді мүлде көрген емес. Бірақ Жанаттың табиғаты жан-жануарларға жақын болды. Келін болып түскеннен кейін енесі сиыр саууды үйретті. Желі жұлдызы соңғы кезде елдегі түйткілді мәселе – қант тапшылығын қозғап, желіге жүктеген видеосының түсірілу тарихымен де бөлісті. – Дүкендерге барсам, қант жоқ. Дәл қазір тосап, компот қайнататын уақыт емес пе? Үйде тосап жасайтын барлық өнім бар. Өзіміз бақша егетіндіктен бізде шие, өрік, алма сияқты жеміс-жидектер көп өседі. Осының бәрі босқа қалмасын деп, жылда тосап жауып алатынмын. Және тура тосап жабатын кезде қанттың бағасы қымбаттайды. Ал биыл қанттың бағасы тым шектен шығып кетті. Мысалға, базарда сатушылар бір қаптың бағасы 14 мың теңгеге дейін болып тұрғанын айтады. Ал екі ай бұрын ғана 8000 теңге болып тұрған еді. Шенеуніктердің айтып жатқан 420-430 теңге деген бағасы тек әлеуметтік дүкендердегі баға. Шикізаттың барлығы өзімізден шығады, өндіріс орны да өзіміздікі, ал енді неге баға сонша қымбат? Осы жағдай ашуыма тиіп, блогер болғаннан кейін ойымды жеткізу үшін ақындық шабытымды қосып, өлең шығара салғанмын. Бұлай кеңінен таралып кетеді деп ойламадым, – дейді блогер. Кейіпкеріміз тек танымал блогер ғана емес, нәзік әйел заты, кәсіпкер, тракторшы, механизатор да. Кішкене ғана, жіптіктей келіншек ауылда мал шаруашылығымен, қара жұмыспен айналысып, бау-бақша егіп, құрт-май дайындап, оны сатып, таудай тірлік тындырып жүр. – Қайта осындай кіп-кішкентай, ап-арықтардан шапшаң адам шығады. Энергияны мен отбасымнан, табиғаттан, жан-жануардан аламын. Шамалы шаршап, көңілім құлазыған кезде судың жағасына барып демалғанды жақсы көремін. Тауда мал бағып, айқайлап өлең айтқанды ұнатамын. Айқайлап ән салғаннан кейін өзінен-өзі шабыт оянады. Ал судың қасына барғанда миың тынығып, ойың реттеледі, – дейді ол өз жұмысынан ләззат алатынын аңғартып. «Ана көрген тон пішер» демекші, Жанаттың анасы да шаруаға ерекше икемді кісі болған екен. Ер мен әйелдің жұмысын талғамаған апамыз біраз жыл бойы кран жүргізіп, құрылыста еңбек еткен. Кейіпкеріміз марқұм анасынан үйренгені көп болғанын да айтты. Бір ғана сауыншылық жұмысын алып қарасақ. Азанғысы 15 литр, кешкісі 15 литр, жалпы бір күнде 30 литр сүттің қаймағын тартады. Майын шығарып, құртын жасайды. Қарап тұрсаңыз, машақаты көп тірлік. Бірақ өнімі бұдан аз шығады. Мысалы, 10 литр сүттен ары кетсе 1,5-2 келі құрт, 1 литрге жетер-жетпес қаймақ шығады. Осынша еңбекпен жасалған таза ағарған өнімдеріне сұраныс жоғары екендігі қуантты. Әсіресе қазір «Instagram» әлемі арқылы сүт өнімдерін сатып отырғаны әжептәуір пайда. Кезінде «баклажкаларға» құйып, оны дүкендерге тасып жүретін Жанаттың сүт өнімдерін қазір Қазақстанның түкпір-түкпірі, атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Шымкент халқы тұтынады. Ешқандай қоспасыз таза табиғи өнім болғандықтан алушылардың бәрі ризашылығын білдіріп, іздеп тұрады. Әрдайым сұранысқа ие. Жан-жақты келіншектің өлең шығаратын суырыпсалмалық қасиеті де бар. Күнделікті қорада да, үйде де ыңылдап ән айтып жүргенде жыр шумақтары өздігінен ағыла бастайды екен. Мысалы, сиыр сауып жүрген кезде сөздер сақ-сақ ойына келе қалады. Анда-санда шабыты ашылады. Отбасы, отағасына қарап отырып та гөй-гөйлетіп жіберетін сәттер аз емес. Тосын келген бақты көтере алмай, танымалдылық көздерін байлап, түп-тамырын, шыққан ортасын ұмытып кететін жандар көп. Байқағанымыз, «Ауылдастар», «Көреміз» секілді отандық танымал тележобаларға түсіп, республикалық ақпарат порталдарының тілшілеріне жиі сұхбат беріп тұратын Жанат «жұлдыз ауруымен» ауырғандардың қатарынан емес. Ауылда өткен әр күнін бақыт деп санайтын келіншек өзін өмірдегі бағытымды тапқан жанмын деп санайды. – Қиын болса да ауылдың тірлігін істеп жүргеніме еш өкінбеймін, өзімді қор болып жүрмін деп санамаймын. Қайта қуанамын. Қазір, Аллаға шүкір, инста-әлем арқылы біраз адамға үлгі болып жүрген сияқтымын. Өйткені көптеген оқырман «Сізге қарасақ, мал шаруашылығы қызықты болып көрінеді», «Сізге қарап сиыр алдым» деп те жазып жатыр. Бұл менің ауыл тіршілігін жақсы жағынан көрсете алып жатқандығымнан деп ойлаймын. Өйткені өзім сүйіп, рақаттанып істейтін дүниемді рақаттанып жеткізе алып жатқанымды адамдар да рақаттанып қабылдап жатыр. Бұл әрекетім ауылда жұмыссыз отырған қаншама қыз-келіншектерге кәдімгідей алға жылжудың бір үлгісі іспетті, – дейді ол. Отағасын сыйлаған әйел, енесін қадірлеген келін, балаларының бойына жақсы қасиеттерді сіңірген ана қандай болу керек екенінің нағыз үлгісі, ауыл өмірінің әр сәтінен бақыт көре білген біздің бүгінгі кейіпкеріміз сөз соңында қалалық оқырмандарын, жастарды ауылға көбірек барып тұруға шақырды. – Ауыл деген керемет қой, шіркін. Мал өзіңдікі, тек өзіңе ғана тәуелдісің. Мал шаруашылығының машақатынан көбі қашады. Бірақ миың тынық. Табиғатпен көбірек байланыста болғанға не жетсін. Ауылда көп нәрсеге бас қатырып, әркімнің өмірін аңдып уақытың кетпейді. Адал жұмысыңды істеп, соның арқасында тамағыңды да адал жейсің. Қазір желіні ашып қалсаңыз жантүршігерлік оқиғалардан көз ашпайтын болдық. Бізде ондай жаңалықтарды көруге де уақыт болмайды. Жағымсыз дүниелерді көрмегеннен кейін адамның көңілі де, өзі де тыныш болады. Қалалықтарға «Төрт қабырғалы пәтерден бір сәт болсын шығыңдар» деп айтар едім. Әркімнің ойы, өмір сүру қағидасы әртүрлі. Бірақ ауылдың қасиеті біздің қанымызға әбден сіңген. Небір зиялы қауым өкілдері ауылдан шықты. Пәтерде тұратын адам жұмысқа барып келіп, қалған уақытын телефонда өткізеді. Салыстырмалы түрде алар болсақ, мен тек өз контентімді жасап, өзгенің өміріне бас қатырмаймын. Себебі ол маған керек дүние емес. Оған уақытым да жоқ. Миың тынығып, жаман ой ойлап, ұрысуға шамаң болмайды. Қалалық қыз-келіншектер ауылдың өмірінен алыстамай бір мезгіл баласын әкеліп, еліміздің байырғы тұрмыс-тіршілігімен таныстырса, ол бала кейін өз баласына соны насихаттайды. Сондықтан қалалықтар ауылға келуден қашпаса екен деймін, – дейді Жанат ханым. Шағын ғана елді мекенде үлкен тірлік, маңызды миссия атқарып жүрген жерлесімізге біз де қосыламыз. Ауылға жиі барып тұрайық!
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ