Алғыс арқалаған «Амазонка»
Алғыс арқалаған «Амазонка»
Қатерлі ісіктен құлантаза айығуды армандаған адамның күдігі күшейгенімен, үміті үзілмейтіні белгілі. Елімізде осы кеселге шалдыққан науқастарға қол ұшын созып, өмір сүруін жеңілдетуді мақсат еткен түрлі медициналық ұйымдар жұмыс істейді. Мәселен, он жылдан астам уақыттан бері «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоры» қоғамдық қоры жазылуы қиын дертке шалдыққандардың жанашырына айналып келеді.. Облыстың белсенді іскер әйелдерінің бірі Анжелика Сарьян жетекшілік ететін бұл қордың мүшелері соңғы сатыдағы онкологиялық ауруы бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызметтер және психологиялық қолдау көрсетуді міндеттеріне алған. «Амазонка» қоры – «Жылжымалы хоспис» жобасы үлгісімен жұмыс істейтін республикадағы жалғыз ұйым. Ұйым өз командасымен және еріктілер тобымен бірге ауыр науқастарға өмір сүру сапасын жақсартуға, ауырсынуды және басқа физикалық белгілерді азайтуға немесе жоюға, пациентке әлеуметтік, психологиялық және рухани мәселелерді жеңілдетуге немесе шешуге мүмкіндік беріп келеді. Қоғамдық қордың бастамасымен 2015 жылы қаладағы медициналық колледж білімгерлерінің арасынан паллиативтік көмек көрсету бойынша еріктілер тобы ұйымдастырылған. «Жылжымалы хоспис» бөлімінде 2 мобильді команда құрылған. «Амазонка» қорының онкологиялық аурухананың медицина қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеуі паллиативті науқастарға тиімдірек көзқарасты қамтамасыз етуде. Қордың өзінің техникалық базасы, мамандандырылған көлігі бар. Мұнда декубитке қарсы шеңберлер, мүгедектер арбасы, балдақтар, таяқтар, жаялықтар айықпас ауруға шалдыққан адамдарға өтеусіз негізде беріліп келеді. 2015 жылдан бастап «Амазонка» ҚІНҚҚ» ҚҚ дәрігерлерге, медбикелерге, психологтарға, әлеуметтік қызметкерлерге арналған кәсіби семинар-тренингтер өткізуді қолға алып, оған қатысушыларға паллиативтік көмек негіздерін, созылмалы ауырсынуды емдеу тәсілдерін үйретеді. Сонымен бірге онкологиялық науқастардың туыстарына аурудың алдын алу, емделу жолы жайлы дәріс оқылады. Қор төрайымы Анжелика Сарьян қордың ашылу мақсаты, алғашқы жылдардағы қиындықтары жайлы айтып, құнды естеліктерімен бөлісті. – Еңбек жолым Жамбыл педагогикалық институтында білім алып жүрген жылдардан басталды. Студент кезімде облыстық атқару комитетінде машинка басушы хатшы болып жұмыс істедім. Қоғамдық жұмысқа келгенге дейін Жамбыл облысының прокуратурасында, гимназияда, Тараз қалалық әскери комиссариатында еңбек еттім. Бұл бағытты таңдауымның өзіндік себебі бар. Онкологиялық дертке шалдыққан науқастардың қандай жағдайда болатынын басымнан өткерген жанмын. Өзім де осы жаман аурумен ауырғанмын. Әлі күнге дейін дерттің зардабын тартып келемін. Тағдыр маған қаншалықты ауыр сынақтарын берсе де сағымды сындырмауға тырысамын. Маған қатерлі ісік диагнозын 2006 жылы қойды. Бұл менің өмірімдегі өте қиын кезең еді. Дәл осы сын шақтарда Алматыдағы үкіметтік емес ұйымның өкілдері мені Қазақстан онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан тауып алып, қоғамдық қызметпен айналысуға ұсыныс тастап, 2007 жылы Тараз қаласында ашқысы келетін жаңа ұйымның филиалына жетекшілік етуімді сұрады. Ұзақ ойлана келе, келісімімді бердім. Осылайша менің өмірбаянымның жаңа кезеңі басталды. Қазір әлеуметтік жұмыста 13 жылдық тәжірибем бар. 2007 жылдан 2011 жылға дейін Тараз қаласындағы алматылық үкіметтік емес ұйымның филиалына, 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоры» қоғамдық қорына жетекшілік етіп жүрген жайым бар. Қатерлі дерттің адам жанынан психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да қандай ауыр соққы екендігін білгендіктен, өз тәжірибемнен көргендіктен науқастарға бар ықыласыммен көмектесіп, үміт сыйлауға атсалысып келемін. Ешкімге жасырын емес, яғни «Амазонка» батыл, ержүрек әйелдерден құралған тайпаның атауы. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар сол тайпаның қаһарман қыздары секілді дертімен батыл күресе білсе деген ниетпен қорды «Аманзонка» деп атадық, – дейді Анжелика Грантовна. Қор жетекшісі жергілікті билік пен мемлекеттің қолдауының арқасында қор мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейгенін айтып өтті. – Қоғамдық ұйымды үлкен құлшыныспен құрғанымызды айта кеткім келеді. Алғашқы уақытта ұжымда уақыттарын аямай, науқастарға барып, олардың отбасыларына көмектесіп төрт адам ғана жүрді. Қоғамның біздің ұйымға сенімінен гөрі күдігі басым алғашқы кездерде бізде толыққанды жұмыс істеуге жағдай болмады. Паллиативтік көмекке мұқтаж адамдар да көп болатын. Өздеріңізге белгілі, облысымызда соңғы сатыдағы онкологиялық науқастарға арналған арнайы хоспис жоқ. Пайда көру үшін емес, сауапты іс жасауға ұмтылған тынымсыз еңбегіміздің арқасында жұмысымыздың нәтижесі байқалып, биліктегілердің назарына іліге бастадық. Облыс әкімдігі қорға науқастарды тасымалдауға арналған зембілмен жабдықталған мамандандырылған автокөлік сыйға тартты. Соның арқасында облыс аймақтарын аралап, одан да көп адамдарға көмектесе бастадық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қор қызметкерлеріне жеке кеңсе бөлді. Осылайша ақырындап шын ниетімен тегін қызмет етіп жүрген жандарға айлық төлеуге мүмкіндік туды. Штатты 19 адамға дейін кеңейттік. Жастар арасынан еріктілер қосыла бастады, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де көмектесуде. Қор жүзеге асырған «Дөңгелекті хоспис» әлеуметтік жобасы республика бойынша үздік деп танылды. Бүгінгі таңда облыстық онкологиялық диспансерде бес мыңға жуық адам есепте тұр. Медицинадағы жаңа тәсілдердің, соның ішінде патологияны ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарламалардың арқасында соңғы жылдары онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім айтарлықтай төмендеді. Қатерлі ісіктерді емдеудің заманауи кешені тамаша нәтиже береді. Дегенмен шындыққа тура қарау керек, аурудың соңғы сатыларында ең дамыған медицинаның өзі дәрменсіз болып қалады. Өңірімізде күніне кем дегенде екі-үш онкологиялық дертке шалдыққан науқас көз жұмады. Ал паллиативтік көмек аурудың жазылмайтын сатысы бар науқастың өмірін ұзартуға көмектесетінін әлемдік тәжірибе әлдеқашан дәлелдеген. Бұған «Амазонка» қорының көпсалалы командасының жұмысының нәтижесі дәлел. Дәрігер, медбике, әлеуметтік қызметкер, психолог, қажет болған жағдайда дін қызметкері науқастардың үйін аралайды. Науқастарға медициналық және психоәлеуметтік көмектен бөлек, материалдық қолдау да көрсетіледі. Қолдан келгенше қор өз қаражатына мүгедектер арбалары мен декубитке қарсы матрацтар сатып алып, отбасыларға тегін жалға беріп тұрады. Әрине, біз осы жұмыстың бәріне қаражатты өз қалтамыздан шығардық десем жалған сөйлеген боламын. Оған біздің жағдайымыз да келе бермейді. Қорға қамқор жандардың көмегі көп тиіп жатқанын да айта кеткен жөн. «Қызғылт лента» акциясы аясында онкологиялық науқастардың қажеттіліктеріне қаражат жинау үшін арнайы донорлық жәшіктер пайдаланылды. Жиналған қаражаттың барлығы емделушілерге дәрі-дәрмек, азық-түлік, жаяу жүргіншілер мен жаялықтар сатып алуға жұмсалады, – дейді А.Сарьян. Айықпас дертке шалдығып, ғұмырының санаулы күндері ғана қалған науқастардың ауру азабын азайтуды, көңіл күйін аулап, қолдау көрсетуді діттеген қоғамдық қорға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. «Амазонка» қоғамдық қоры 2013 жылы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығын жеңіп алғанын ұйымның үлкен жетістігі деуге болады. Ал 2014 жылы сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорға «Жылжымалы хоспис» орналасқан арнайы көлікті сыйға тартқан екен. Сонымен қатар 2018 жылы қоғамдық қор «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Қоғамдық қордың облыстың және Тараз қаласының көптеген билік органдарымен және ұйымдарымен бірлескен жұмысы мен ынтымақтастығының арқасында ауру адамдар өмірінің соңына дейін таңдау және сапалы қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болып келе жатқаны қуантады. Қалай десек те өзекті жанға – бір үміт. Дерті тәнімен қоса жанын меңдеп, ертеңінен үміті бұлыңғыр тартқан шақта қасынан мамандандырылған жанашыр жандардың табылғаны науқастың ауруын жеңілдетпегенімен, жанына медет болары аян.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ